Сенбі, 28 қыркүйек, 04:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77-2087
28.09.2024
PDF мұрағаты

Ақсуаттағы айтыс: «Ауылым сұлу сырдың жағасында»

28.09.2024

70 0

Қызылорда қаласының төл мерекесіне орай дәулетіне сәулеті сай Ақсуат ауылдық округінде «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Айтыстың ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев халық мұрасын қастерлеген ауыл халқына тілегін арнап, ақындарға сәттілік тіледі.

–       Қымбатты өнерсүйер қауым, қадірлі қонақтар айтсаң  аңызға, тарқатсаң тарихқа сыймайтын алты Алаштың анасы атанған Сыр елінде, оның ұлы Жібек жолы бойында орналасқан тарихы тереңнен тамырлайтын Ақсуат ауылының өз ерекшелігі бар. Қала күні мерекесі аясында өткізіліп жатқан «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты республикалық ақындар айтысының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Айтыс қиыннан қиыстырып сараптап, сөзбен қоғамның келбетін келтіретін қазақтың ежелден келе жатқан төл өнері. Айтыс ақындары бұл халық руханиятының барометрі секілді. Өйткені, олар біздің асыл сөздерімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлтты ұйыстырып отыр. Аты аңызға айналған Сүйінбай мен Қатағанның айтысы қырғыз бен қазақтың нағыз достығының дәлелі болса, қыз бен жігіт айтысының классикалық үлгісі ретінде берілетін Біржан мен Сараның айтысы болашақ ұрпаққа таусылмас қазына болып табылады. Айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жерлестерімізге бүгінгі күн өте қуанышты күн. Мерекеміз құтты болсын. Қазақтың өнері мен салт-дәстүрін қадірлеп, шақыртуымызды қабыл алған барша ақындарға жерлестеріміздің атынан алғыс білдіреміз, – деді қала әкімінің орынбасары. 

Арқалы ақындардың жыр додасында еліміздің әр түкпірінен келген  8 ақын сынға түсті. Алматы облысынан Сезімхан Шұғайып пен Нұрмат Мансұров, Абай облысынан Рүстем Қайыртай мен Сырдария ауданынан Ерасыл Бәйментай, Шымкент қаласынан Тұрар Тілеулиев пен Арал ауданынан Ержеңіс Әбдиев, Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков пен жерлесіміз, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов өзара бақ сынасып, қара сөздің қаймағын  киелі өлең жолдарына айналдырып, қарсыластарын  ұтымды, тапқыр жауаптарымен тәнті етті.

Ақсуаттықтар аламан айтыстың көркін қыздырып, ауыл халқын дүбірге бөлеген  барлық ақынға ризашылықтарын білдіріп, қаржылай сыйақы табыстады. Дүбірлі айтыс додасынан соң ауыл халқы спорттық сайыстарды тамашалады.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: