Сенбі, 28 қыркүйек, 04:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№77-2087
28.09.2024
PDF мұрағаты

Еңбегі ерлікке пара-пар

28.09.2024

73 0


Сырда Бектай есімді бағбан ақсақал бар. Қандай ағаш¬тың көшеті керек болса да, оның ауласынан таба аласыз. Тіпті сырттан әкеліп, осында жерсіндіргені де жетерлік. Оның бағында жүрсеңіз, көзге көрінген қыруар еңбекті 80-нен асқан ақсақалдың өзі атқарғанына таң қаласыз. Ол осыған дейін 2 миллионнан астам көшет отырғызған.
– Жақында ғана Сарыағаш жақтан келдім, – деп әңгімені өзі бастаған еді бұрнағы жылы барғанымда. – Бақта жүзімнің үш түрі бар. Бірақ көп жылдардан бері «Бычий глаз» жүзімінің сортын іздеп жүріп, Сарыағаштан тауып, әкелдім. Бұл Өзбекстанда жақсы өсетін жүзім. Енді менің бағымда да өсетін болды, – дейді балаша қуанып.
Бектай ақсақалдың бағында өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі бар. Тіпті, жасыл аршаның өзі жайқалып өсіп тұр. Бағбан бабын тапсаң, барлық ағаш түрін өсіруге болатынын айтты.
– Есімді білгелі көшет егіп келе жатырмын. Негізі ең бірінші шиін шөп өсіруден бастадым. Ал қаланың сырт жағында 1990 жылдан бері тұрып жатырмыз. Жалпы 25 гектар жердің 5 гектарын баққа арнадым. Басында қиын болды. Бірақ тынбай тіршілік еткеннің арқасында бейнеттің зейнетін көріп отырмын. Қызылордада өсіп тұрған ағаштардың 60 пайызын мен өсірдім. Түрлі ағаштың тұқымын егеміз. Терек¬тің бірнеше түрі, арша, жергілікті қарағай бар. Барлығын қосқанда 20-дан астам түрі жайқалып тұр. Бойы 1,5-2 метр болған кезде қопарып алып, жұрт¬қа бере бастаймыз, – дейді кәсіби бағбан.
Тіршілікпен етене болғандықтан бағбан әлі тың. 5 гектар аумақтың шаруасын бір өзі дөңгелентіп жүр. Мұнда сәндік ағаштармен қатар, жеміс ағашының 10-нан аса түрі бар. Тәжірибе жасаудың арқасында бағбан тек жылы жақта өсетін анар ағашын да осында жерсіндірген екен.
– Анарды өсіріп, жемісін жедік. Шындап келгенде, жемістің кез-келген түрін өсіруге болады. Тек оған ынта мен еңбек керек. Барлық ағаш өседі. Мысалға, арша бұрын өспейтін. Мен осы жерге келгелі бірнеше жыл болды, аршаны өсірдім. Қарағай өспейді деген, қазір қарағай жайқалып өсіп тұр. «Қызылордада ағаш еккенмен өліп қалады» деген нағыз жалқау адамның сөзі, – деді бағбан Бектай Сүлейменов.
Әуежай жолымен өткенде Бектай бағы еріксіз өзіне мойын бұрғызады. Бір өзі бір ұжымның жұмысын қолға алған ақсақалдың еңбегі ерлікке пара-пар.


«Ақмешіт-ақпарат»

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: