Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ақселеу СЕЙДІМБЕКОВ: Абай және ренессанс

Ақселеу СЕЙДІМБЕКОВ: Абай және ренессанс

   Абай әлемі — қазақ әлемі. Себебі, қос ғасырдың (XIX-XX ғғ.) бастыс пен шығыс өркениетінің біте қайнар тұсына дөп келген тұрмыстық халі дара данышпанның ұлттық ұстаным, білім-ғылым турасында ұлы ойларының жарыққа шығаруына түрткі болғаны белгілі. Ақынның өміршең қағидалары мен рухани нұсқауы сол кезеңдегі қоғамға ғана емес, бүгін мен ертең үшін де айнымас бағдарға айналды. Сондықтан, Абай әлемінің астарлы құбылысын, ұлттық болмыспен астасқан дүниетанымын ғылыми тұрғыда нақты талдап, көркем бейнелей білу — ұлы өнер. Бұл тұрғыда ақын жаны мен өмір сүрген ортасына ғылыми мінездеме бере суреттеген Ақселеу Сейдімбековтің «Абай және Ренессанс» еңбегінің алар орыны ерекше.
Абай өз айналасындағы адамдарға, өзі өмір сүрген қоғамға, өзі ғұмыр кешкен заманға сын көзімен қарап, кемшіліктерін тап басып көрсете білді деп келетін бір пара ой сілемі бар. Мұндай ойдың жосығына Абай туралы сөз қозғағандардың соқпай өткені кемде-кем. Рас бұл сияқты ой-тұжырым басы ашық ақиқат болғандықтан, ешқандай күдік-күмән тудырмайды. Өйткені, Абайдың сыншылlық зердесін танытатын бұлтартпас айғақты оның өлеңдері мен қара сөздерінің кез келген орамынан кезіктіруге болады. Гәп басқада. Абай көрген, Абай сынаған еріншектік, бекер мал шашқыш дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірік-өсекке әуестік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік, т.б. сияқты сорақылықтар қазақ сүйегіне біткен биогенетикалық қасиет пе, жоқ әлде қоғам мен заман болмысынан жұғысты болған нәубет пе?! Міне, тарихи шындық үшін де, ғылыми ақаиқат үшін де, әсіресе, Абайдың сыни зердесін шыншыл қалпында тану үшін де айрықша мәні бар мәселе осы болса керек. Себебі, Абайдың сыни зердесін сөз еткенде, әрісі «қу заманға» топырақ шашып, берісі «жабайы қазақты» күстаналап, сонан соң Абайды заманынан да, қоғамынан да, ұлтынан да асып туған дана еді деп қайыра салу — оңайдың оңайы. Алайда, мәселенің түйіні Абай сынап отырған жағымсыз құбылыстардың тарихи-әлеуметтік сыр-себебін тап басып саралай білуде жатыр. Әрі-беріден соң, Абайдың «кемшілікті» көруі, жеткізе сынауы бүгінгі оқырманды таң қалдырмауға тиіс. Мәселенің мәні сол «кемшіліктердің» тарихи-әлеуметтік сыр-себебін Абай танып білді ме?! Білсе, қай деңгейде танып білді? Және ол білгенін қаншалықты ашық айта алды деген ойдың өрісін абайтанудың жаңа кезеңіне көтеретін мезгіл жеткен сияқты.
Сөз жоқ, мұндай методологиялық зерде басшылыққа алынбаса, онда өзінен-өзі Абай болмысындағы ақиқат қасиеттер жаңсақ жорылатын болады. Егер, әлгі кемшіліктер қазақ бойындағы сүйекке сіңген биогенетикалық қасиеті болса, онда қазақ халқының тарих сахнасына ұлт болып шығуы былай тұрсын, оның түпкі тегі алғашқы қауымдық қоғамның «құрсағында» жатып ақ тарихтың түсігіне айналар еді.
Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы — экожүйеге бейімделген біртектес өмір салтының ғана нәтижесі емес, сонымен бірге этникалық арман-аңсардың да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тезіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты сорақылықтар қазақ халқының бойында туа біткен биогенетикалық қасиет емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси-әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда қазақ бойынан Абай көрген кемшіліктерді себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашылады. Түптеп келгенде, мұндай методологиялық зерде осы уақытқа дейінгі империялық идеологияның мәжбүрлеуімен айтылып келген ой-тұжырымдардың құрсауын бұзып, Абай зары мен қасіретінің де ақиқат шындығын тануға дес береді. Ол ғана емес, одан да гөрі мәндісі — Абайдың сыншылдық зердесін парықтау барысында оны өз ұлтына қарсы қойып, ревизияшыл нигилист деңгейіне дейін көтеріп жүрген әсіре мадақтың тамырына балта шабылады да, Абай өз ұлтының мәдени-рухани өресіне айғақ ұлы түлғалардың бірі ретінде танылады. Яғни, Абайдың ұлылығы неғұрлым өзі өсіп-өнген ортаның, өзі қалыптасқан қоғамның нәтижесі ретінде танылса, солғұрлым Абайды дүниеге әкелген қазақ ұлтының тарихи аядағы мәдени-рухани өресі асқақтай түседі. Бұл әйтеуір ұлттың рухы асқақтаса болды деген бопса сөз емес, бұл — Абайдың рухани тегін тектеудің объективті сұранысы. Абай ерекше жаралған қасиеттің иесі ретінде Тәңірінің қалауымен көктен түсе қалған жоқ, ол — ең алдымен өзі ғұмыр кешкен тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани ортаның перзенті. Абай — өзіне дейінгі сан ғасырлар аясында қаттала шыңдалған көркемдік-эстетикалық және моралдық-этикалық ұлы дәстүрдің тұнығын сіміріп өскен бұла дарын. Абай шөлге біткен шынар емес, рухани қыртысы шүйгін құнарлы топырақтан нәр алған бәйтерек. Сондықтан да, Абай даналығы, ақыңдығы, ойшылдығы сөз болғанда, оны этностың рухани ахуалынан әсте бөліп алып қарастыруға болмайды.
Ал Абай ғұмыр кешкен кезеңдегі этностың тарихи-рухани ахуалы қандай еді?Егер біз этностың белгілі бір тарихи кезеңдегі медени-рухани бетін анықтау үшін, бұрынғы методологиялық сүрлеуге түсіп, қоғам дамуының формациялық «заңдылықтарына» жүгінетін болсақ немесе өндіріс тәсілдерін мәдениеттің анықтауышы етіп қарастыратын болсақ, ондай жол әсіресе көшпелілер қоғамын тануда алдын-ала қателікке бастайды. Мұны тарихтың тағылымы талай мәрте дәлелдеген. Этнос тағдырындағы саяси-әлеуметтік өмір мен мәдени-рухани өмірдің арасында ұдайы сәйкестік бола бермеген. Байырғы гректердің құлдық қоғамы ширығып тұрған кезеңде классикалық өнері дүрілдеді, Еуропада орта ғасырлық діни мистиканың қанды шеңгелінде Ренессанс шешек атты, Алмания жерін Наполеон солдаттарының табаны таптаған кезде классикалық философиясы мен өнері шарықтады, крепостниктік (құлдық) Ресей XIX ғасырдағы әдебиеті мен өнеріне «алтын ғасыр» деп айдар тақты. Қоғам өміріндегі бұл сияқты саяси- әлеуметтік ахуал мен мәдени-рухани ахуалдың кереғарлығын кезінде ұлы Гегель «тарихтың тәлкегі» деп атады. Осынау «тарихтың тәлкегіне» қарамастан, дүниежүзілік таным үрдісінде мәдени-рухани жаңғырулардың бәрін Ренессанс деп атайтың дәстүр орныққан. Әдетте, жалпы Еуропалық Ренессанс, ХІҮ-ХҮІІ ғасырлар арасында өтті деп мойындалғанымен, сол ұлы жаңғыру шарпыған елдердің әр қайсысы өз ішінде өзіндік ерекшеліктерімен, өзіндік кезең-мерзімімен көрініп отырған. Дәлірек айтқанда, әрбір ұлт өзінің этникалық төлтума болмасымен шабыт тұғырына көтерілген. Еуропалық Ренессанстың тұсауын кескен Италия гуманистік дүниетанымды ту еткенімен, мейір қандыра нәр алған қайнары антикалық мәдениет болды. Адам болмысындағы ұлылықты сұлулық пен үндестіктің тоғысынан іздеген француздар Тәңірінің өзіне тұрақ болғандай ғимараттар түрғызды (Ааско, Делорм, т. б.). Ал, Алманиядағы Ренессанс ең алдымен адамдардың діни санасына реформация жасаудан басталды.
Сиректеу зерттеліп, сараңдау сөз болғанымен, Шығыс Ренессансының да өз заңдылықтарымен көрініс тапқаны — тарихи ақиқат. Бұл тұрғыда алғашқы жаңғыру қадамы Қытайда басталып (VIII- XV), конфуцилік дүниетанымды гуманистік филология ығыстыра бастаған (Н. И. Конрад). Дәл осы кезеңде (ҮІІІ-ХІІ) араб Ренессансына мұрындық болған классикалық әдебиеті де бұлтартпас айғақ ретінде көлденең тартылады (И. М. Фильштинский). Ал, ІХ-ХІІ ғасырлардағы Иран мен Орта Азиядағы поэзия, философия мен ғылымның жетістіктері Ренессанстың әлемдік аядағы кезеңдік өрлеуі ретінде мойындалады (И. С. Брагинский).
Әлемдік дамуға ықпал еткен кесек жаңғыруларды былай қойғанда, орта ғасырдан бергі кезеңдерде Еуразияда ірге бекітіп үлгерген ұсақ мемлекеттердің де өз ішінде, өз рухани тағдырында жүзеге асқан ренессанстық жаңғырулар сол елдер тарихының мерей-мәртебесі ретінде ғұмырнамасына айналған. Мәселен XII-XIII-ғасырлардағы грузин әдебиеті мен педагогикалық ойлары сол елдің төл тарихында грузин Ренессансы ретінде оқытылады (И.Джавахишвили). Ал, Армян Ренессансы грек-римнін классикалық мұрасымен кіндіктес құбылыс ретінде, жалпы еуропалық Ренессанстың аясында қарастырылады (В.К. Чалоян).
Қысқасы, белгілі бір этностың мәдени-рухани ғүмырнамасына ден қойғанда, міндетті түрде сол этносты жер бетінде дара феномен етіп орнықтырған тарихи себептерді ғана емес, тарихи кезеңдерді де тап басып, дәл тану қажет. Себебі, өнері де, өмір салты да өзге ұлтқа ұқсамайтын, төлтума қасиеті қалыптасұан ұлттың жер бетінде болуының өзі-ақ Ренессанстық құбылыс мойындалуға тиіс.
28 қаңтар 2020 ж. 314 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№14 (1615)

22 ақпан 2020 ж.

№13 (1614)

18 ақпан 2020 ж.

№12 (1613)

15 ақпан 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
242526272829 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 8 409 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам