Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Абай – ақыл-ойдың алыбы

Абай – ақыл-ойдың алыбы

Абай әлемі – ұрпақ тәрбиесі мен адамзат болмысына бағдар сілтер асыл қазына. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласында ұлы ақынның әдеби мұрасын дәріптеу ұсынылған болатын. Сондықтан, ақынның болмыс-бітімін, таным-түсінігін бүгінгі буынның үлгі тұтар айнасына айналдыру, білім ордаларында жандандыру, жасампаз идеялық құндылықтарын тәрбие құралына бағыттау – басты міндет. Осы орайда, «Мұрагер» мектебінде Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын насихаттауға арналған «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Әдеби-сазды кештің Мұрагер мектебінде өтуі кездейсоқ емес. Аталған білім ордасы қалалық көрсеткішке сәйкес, барлық сала бойынша үлгілі нәтиже көрсетіп келеді. Білікті ұстаздар мен ізденімпаз шәкірттер ортасында Абай мұрасы үнемі назарда екені аңғарылды. Білім ордасының ауласына енген сәттен әдеби әсер ерекше әсер сезіледі. Оған қоса, мектеп алдындағы Абайдың алып ескерткіші де бүгінгі шараның мән-маңызын аша түскендей болды. Құдды мектепке емес, театрға енгендей күй кештік. Кіре-берістен арнайы кітап көрмесі таныстырылып, Мұрагер мектебінің оқушыларынан құралған домбыра оркестрі қазақ күйлерін әуелетті. Арнайы «Сыр сандығы» үйірмесінің мүшелері түрлі қазақ күйлерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
–Бүгінде үйірмеде 30-ға тарта оқушы білім алуда. Қоржынымызда 10-нан аса қазақ күйі бар. Жақын арада көптеген күйді үйренуді жоспарлаудамыз, – дейді үйірме жетекшісі Марал Қажниязова.
Сонымен бірге, Алматыда өткен «Абай жаққан бір сәуле» атты республикалық байқаудың бас жүлдесін иеленіп, арнайы шәкіртақы иеленген «Мұра­гер» мектебінің 9-сынып оқушысы Сандыбай Біржанмен де тілдесудің сәті түсті:
–Абай атамыздың шығармашылығы мен үшін ерекше. Әрбір өлеңін терең түсіне, жатқа айтуға тырысамын. Алғаш өлең өлкесіне жетелеген де ұлы ақынның шығармашылығына қызығуым еді. Алматы қаласында өткен байқауға дайындығым ойдағыдай болды. Алдағы уақытта ақындық қасиетімді шың­дап, айтыста да бағымды сынап көргім келеді, – деді жеңімпаз.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Мира Жомартқызы Абай Құнанбайұлының дүниетанымы тәрбие мен тағылым бастауына айналуы керек деген пікірін жеткізді. Салтанатты кеш «Абай-челлендж» поэтикалық эстафетасына үлесін қосқан балабақша тәрбиеленушілері мен оқушылар және ұстаздар қауымын арнайы марапаттау рәсімімен бастау алып, арнайы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ұлы ақынның әдеби мұрасын асқақтатуға арналған салтанатты шараға қала көлеміндегі білім шаңырақтары атсалысты. Әдеби кешке қаладағы мектеп директорлары, білім беру саласының мамандары мен балабақша меңгерушілері ұстаздар қауымынан барлығы 400-ға жуық көрермен шақырылған.
Әдеби-сазды кеш «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда» бөлімінен Абайдың бала күнінен көрініс қойылып, ақын өмірінің үш кезеңін көрнекілік құралдары мен ЛЭД-экран көмегіншынайы аша білді. Өнер кешінде музыка мен поэзия үндестігі орын алып, толыққанды театрландырылған қойылым арқылы жүйеленді. Хакім Абайдың философиялық ой-толғамдары, лири­касы шығармашылығы тыңдарманның жүрегіне көңіл пернесін дөп баса білді.
Абайдың мезгіл күйлері мен сезім иірімдеріне негізделген өлеңдерін жас бүлдіршіндер тебірене оқып, ұстаздарды толқыныс әсеріне бөледі. Жас ақындар болса, шын көңілінен шыққан Абайға арналған шабытты жыр шумақтарын ықыласпен оқуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, әдеби-сазды кеште «Бриллиант дауыс» иегері атанған Дінмұхаммед Төлеубай, Бекзатхан Әбдімәжитов секілді жас әншілер орындауында «Жүрегім нені сезесің», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндері әуелесе, Мұрагер мектебінің ұстазы Қарлығаш Кеуелова скрипкада «Қараңғы түнде тау қалғып» әнінің аспаптық нұсқасын орындады. Сондай-ақ, №264 мектептің оқушыларынан құралған хор «Сегіз аяқ»  әнін көрермен назарына ұсынды.  
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қала көлемінде өтетін айтулы іс-шаралар тізбегі мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытта 54 мектептің қатысуымен «Абай оқулары» байқауы және ұстаздардың еңбек демалысында Абайдың туған жері – Жиделі-Байсынға экскурсия жасау жоспарлануда.
Абай мұрасы рухани бағдар ғана емес, адамзаттың ішкі үйлесімін, қоғаммен өзара байланысын нығайтуға көмекші тылсым күшке ие. Сөзіміздің айшықты дәлелі бүгінгі шараның тағылымы – ұстаз  бен шәкірт жақындығы.  Біз аңғарған Абайдың ұлағаты – мектептің бірлігі, ұстаздың үндестігі,  шәкірттің татулығы. Осындай тағылымды шараға ұйытқы болып, білім саласындағы татулық шырағын, мәдени мәртебесін, шығармашылық шырағын жағуға сеп болған қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіхалықова мен Мұрагер мектебінің директоры Динара Баймырзаеваның игі бастамасы екені сөзсіз. Ал бұдан өнеге алған шәкірттердің көңіліне аңыз ақынға деген рухани құдырет күші ұялағандай болды.
Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ
03 наурыз 2020 ж. 1 035 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№59 (1660)

04 тамыз 2020 ж.

№58 (1659)

31 шілде 2020 ж.

№57 (1658)

28 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 825 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам