Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » Донор болу денсаулыққа пайдалы

Донор болу денсаулыққа пайдалы

Өміріңізде бір рет болса да қан тапсырып көрдіңіз бе? Егер мұндай игі іске барсаңыз, кемінде үш адамды ажалдан арашалап қалдым деп ойлай беріңіз. Бір тамшы қан қаншама жанға жаңа өмір сыйлайды.
Дерек көзіне сүйенсек, әлемнің 62 елінде донор болу мәдени үрдіске айналған. Сол арқылы адамдар көптеген науқасқа қол ұшын созады. Ал, бізде әзірге бұл мәселеге келгенде қалыптасқан оң түсінік жоқ. Өйткені, арамызда «қан мөлшері азайса, денсаулығыма кері әсерін тигізеді» деп ойлайтындар кездеседі. Кім де болса, «қан керек болған жағдайда өзінің ағайын-туыс, бауырлары бар ғой» деген селқостық танытуы мүмкін. Негізінде ол әрбіріміздің азаматтық міндетіміз деп түсіну керек. Мәселен, қала тұрғыны Нұрбол Аппазов облыстық қан орталығына жиі барады, донор болуға көңіл бөледі. Ол 2012 жылдан бері бұл іске аса ыждаһаттылықпен қарап келеді.
– Студент кезімде арагідік қан тапсырып тұратын едім. Кейін отбасын құрып, балалы болдық. 2012 жылы үшінші балам дүниеге келді. Өзі шала туылды. Дәрігерлер жағдайының ауыр екенін білдіріп, тез арада қан керектігін айтты. Сол сәтте жанымыз қысылғаннан барлық ағайын-туыс, досыма өтініш айтып, орталыққа барып қан тапсырдық. Ол жерде ауыр жағдайға тап болған жақындарының өмірі үшін қан таба алмай жанталасып жүрген қаншама жанды көрдік. Бұрын-соңды басқа түспегеннен бе, әлде балалықтың әсері ме, мұндай жағдайды байқамаған екенмін. Сол сәттен бастап өз-өзіме үзбей қан тапсыруды міндет еттім. Мен сауапты іс жасау арқылы бойыма рухани қуат аламын. Бұған дейін менің қан қысымым жоғары болатын. Оған қоса, аллергиямен де күресіп жүрдім. Бірақ кейін аталған аурудың ізі де қалмағанын аңғардым. Осылайша денсаулығым ұдайы қан тапсырудың арқасында қалыпқа келді деп ойлаймын, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің проректоры міндетін атқарушы Нұрбол Аппазов.
Облыстық қан орталығына бір жылдың ішінде он мыңға жуық азамат тіркеліп, донор болуға келісімін береді екен. Аталмыш орталық директорының орынбасары Венера Садманова осы орайда өз ой-пікірін білдірді.
– Облыстық қан орталығында 18 жастан асқан дені сау азамат қан тапсыра алады. Оның ішінде ер кісілер әрбір 2, әйелдер 3 ай сайын донор болуына мүмкіндігі бар. Дегенмен қан тапсыратын адам қойылатын талапқа сай болуы тиіс. Яғни, ешқандай диспансерлік есепте тұрмауы шарт. Одан соң жүкті, бала емізетін әйелдер де донор болып табылмайды. Бүгінде ерікті әрі ақысыз түрде қан тапсыратын азаматтар саны артып келеді. Бұл көрсеткіш күрделі оталарды қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Келген донорлардың ең алдымен қан тобын анықтаймыз. Одан кейін әр медициналық ұйым науқас пен берілген қанның сәйкестігін аңғарады. Егер күдік туғызатын жағдай орын алса, медициналық тәсілдер арқылы зерттеу жүргізіледі. Яғни, донор мен қан құятын адамның қан талдамалары аппарат арқылы тексеріледі. Бұдан бөлек, стандартты эритроциттер арқылы білуге де болады. Біздің орталық 2013 жылдан бері «Инфадонор» бағдарламасы арқылы жұмыс жасап келеді. Мұнда келген азамат жеке құжатындағы сәйкестендіру нөмірін енгізу арқылы барлық ақпарат көрсетіледі. Ол бойынша донордың диспансерлік есепте тіркелгендігі, бойында созылмалы аурудың бар-жоғы жөнінде мәліметті біле аламыз. Одан кейін донор болушы азамат түрлі қан сынамасын тапсырады. Осындай тексерістен кейін ғана терапевт дәрігер ол кісінің қанын алуға рұқсатын береді. Қазіргі таңда облыстық қан орталығы өңірдегі 18 медициналық ұйымды қанмен қамтамасыз етіп отыр, – деді Венера Садманова.
Тағы бір айта кететін жайт, кез келген адам қан тапсыру арқылы өзінің денсаулығын жақсарта алады. Қан тапсырған адамның ағзадағы клеткалары жаңарады. Дүниежүзілік медицинаның берілген мәліметі бойынша үнемі қан тапсырған адамның өмір сүру ұзақтығы 6-7 жылға ұзарады екен. Сонымен қатар, қан тапсырғаннан кейін қан айналымы жақсарады, бас ауыруы, әлсіздік белгісі азаяды. Тек есте сақтайтын бір нәрсе, донор болған адам жоғалтқан қанның орнын толтыру үшін сұйықтықты көп мөлшерде ішіп, құрамында темірі бар тағамдарды жиі тұтынған жөн.
Бүлк-бүлк соққан тамырдың бойымен тулаған қан – тіршіліктің нәрі. Адам қанының таза, айналымы жүйелі, қысымы қалыпты болуы зор денсаулықтың кепілі болып табылады.
Айнұр МАМАНҚЫЗЫ

PDF нұсқалар мұрағаты

№88 (1587)

12 қараша 2019 ж.

№87 (1586)

09 қараша 2019 ж.

№86 (1585)

05 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 907 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам