Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

ХИРУРГ

   «Дәрігердің қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – мықты болу керек» деген нақыл тектен текке айтылмаса керек. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – ақ халатты абзал жан Бекет Мантаев. Ол – қаладағы тәжірибелі хирургтардың бірі.
Бекет Тайшыбекұлы 1970 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Ес білгеннен әке жолын жалғастырған білікті маман. Мектеп бітіргеннен кейін оқуға бірден түсе алмай, ауылда үш жыл жұмыс істейді. Сөйтіп, Алматыдағы С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің «Емдеу ісі» мамандығына түседі. Оқуды бітіргеннен кейін елге келіп, облыстық ауруханаға хирург-дәрігер болып орналасып, содан бері халыққа медициналық көмек көрсетіп келеді. Бүгінде кейіпкеріміз осы орталықтың жедел хирургия бөлімінің меңгерушісі.
Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам өмірін құтқару үшін ота жасау оңай іс емес. Сондықтан олардың көтерер жүгі ауыр. Осы саланың ыстық-суығына бірдей төзіп жүрген дәрігердің 20 жылдан астам тәжірибесі бар.
– Қазір жер бетінде қанша адамдар бар десек, ауру түрлері де көбейді. Мәселен, бүгінде жарақаттың түрі көп. Әсіресе, жастар арасында. Сондай-ақ, жол апатынан зардап шеккендердің ішкі құрылысына зиян келеді. Осындай келеңсіз жағдайға тап болған жандардың өмірі әуелі Алланың онан соң дәрігерлердің қолында. Әрбір жасалған отаны жеңіл, ауыр деп бөліп қарастырмаймыз. Қандай аурудың да өз қиындығы бар. Ешқашан адамның ойлағаны болмайды. Кейде жеңіл деген отаның өзі ауыр өтуі мүмкін. Соңғы кезде бауыр, өт жолына тас жиналып, оның асқынған түрі көп кездесуде. Аталған дертті дер кезінде анықтамаса адам өміріне қауіп төндіреді. Қазір қан тамырларының дұрыс жүрмеуі, қант диабетінің асқынуы, денеге жара шығып, оның іріңдеп жайылуы күнделікті тәжірибемізде жиі орын аулда. Тағы айта кететін ауру – ойық жара. Ол асқазан мен ұлтабар ішегінің асқынып, тесілгенінен пайда болады. Бүгінде осындай аурулар түрімен күресудеміз, – дейді дәрігер.
«Жақсы адам – елдің ырысы» демекші әрбір жанға жарық сәуле сыйлап жүрген хирургтың еңбегі жоғары бағаланып жүр. Оған 2007 жылы «Жылдың үздік хирургы» деген номинация берілген. Ал, 2013 жылы Денсаулық сақтау министрінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» деген төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, 2015 жылы облыс әкімінің «Үздік медицина қызметкері» деген құрметке ие болды. Республикалық, облыстық, қалалық деңгейде құрмет грамотасымен марапатталған. Бұл жетістіктерді адал жұмысына берілген оң баға деп білеміз.
– Қазіргі кезде ауруханада дертіне дауа іздеген әрбір науқасқа барлық жағдай қарастырылған. Өйткені, біздің бөлім заман талабына сай толық медициналық құралдармен жабдықталды. Мұнда ота лазерлік аппаратпен жасалады. Соның нәтижесінде аурухана жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. 30 төсекке арналған бөлім жедел түскен науқастарға қызмет көрсетеді. Бізге көбінесе шұғыл ота жасайтындар түседі. Сонымен қатар, санитарлық авиация арқылы шалғай елді мекендердегі ауыр науқастарға қол ұшын береміз. Қажет болса аудандық ауруханада ота жасап, жағдайы тұрақталғаннан кейін орталыққа алып келеміз. Сондай-ақ, соңғы жылдары теле медицина жақсы дамуда. Себебі, осы арқылы ірі қалалардағы білікті мамандардан кеңес алуға мүмкіндік зор. Жылына 800-900 науқас емделіп шығады. Оларға білікті дәрігерлер мен мейірбикелер сапалы қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, бөлімде 27 қызметкер бар. Олардың дені жастар. Әрқайсысы өз істерін жақсы біледі. Әрдайым олардың еңбегін жоғары бағалап отырамын. Барлығы да адам денсаулығы үшін аянбай еңбек етуде, – деді кейіпкеріміз өз сөзінде.
Науқастың диагнозын дер кезінде анықтап, ота жасауда шеберлігі мен іскерлігін көрсете білетін бөлім меңгерушісіне емделушілер де дән риза. Сондай-ақ, ұжымдастары да оны өз қызметін жоғары деңгейде меңгерген білгір маман деп құрметтейді.
– Мен ішке қарай кеткен сыздауық деген аурумен келдім. Оның өзі түр-түрге бөлінеді екен. Осында келіп үшінші рет ота жасаттым. Қазір жағдайым жақсы. Мұнда әрбір қызметкер өз ісіне жауапкершікпен қарайды. Ем-домдарды қабылдау үшін алдымен міндетті түрде тексеріп, адамға жаға ма, жақпай ма, соны анықтап алады. Оның өзі біздің көңілге қонымды. Дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмысына аса мән беретін жандардың бірі болғандықтан сапалы жұмыстарына ылғи алғыс айтып отырамыз, – дейді емделуші Ерғанай Үмбетов.
Иә расында, «Бірінші байлық – денсаулық». Бірақ, қазақтың ертеңі біткен бе? Олар ауруы жанына батқанда ғана қаралатыны жасырын емес. Алайда, «Дені сау елдің болашағы жарқын боларын ұмытпаған жөн», – дейді хирург.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1453)

10 шілде 2018 ж.

№50 (1452)

06 шілде 2018 ж.

№49 (1451)

03 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 110 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам