Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » » ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР МЕКТЕП

ТОҚСАН ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР МЕКТЕП

  «Адам адамнан тек білім арқылы озады» дейді хакім Абай. Расымен, әр адамның өмірде өз жолын қалыптастырып, тұлға атануына алған білімі мен тәрбиесі маңызды рөл атқарады. Алтын ұямыз оқушы зердесін ашып, көкейге ілім құяды. Қасиетті орыннан жыл сайын қаншама жас қанаттанады. Үлкен өмір жолына қадам басады. Білімін шыңдайды.
Қалаға қарасты Қызылөзек ауылында орналасқан №39 орта мектеп балалардың қанатын қатайтып, биікке ұшырған алтын орда. Құт қонған қасиетті қарашаңырақтың іргетасы сонау 1926 жылы қаланған. Ол кезде орыс мектебі болып ашылған. Кейін 1959 жылдың шамасында қазақ-орыс мектебі ретінде қайта құрылды. Бертін келе толықтай қазақ тілінде сауат ашатын білім ошағы болды.
Бүгінде аталмыш мектеп дамудың даңғыл жолынан өтіп келеді. Іргелі оқу орны 2004-2005 жылы заманға сай жаңғыртылып, 320 орынға кеңейді. Қазіргі күні онда 400-ден астам оқушы білім алады. Өрендердің сапалы білім алуына 70-ке жуық мұғалім аянбай еңбек етуде. Олардың 7-уі жоғары, 30-ы бірінші, 16-сы екінші санаттағы мамандар. «Білікті ұстаз – білімді ұрпақ кепілі» демекші, мұнда ұзақ жыл ұстаздық еткен тәжірибелі мамандар да қызмет атқарады. Олардың басым бөлігі біліктілігінің арқасында үздік деп танылған жандар. Мәселен, география пәні мұғалімі З.Аймаханқызы «ҚР білім беру ісінің үздігі» атанған. Мұнан өзге, К.Маханбетиярова, Г.Бурамбаева, Ж.Сапаржанова, Л.Сарманова, М.Әбуов сынды оқытушылар «Халықаралық мұғалімдердің даңқ кітабына», «Қазақстанның үздік тұлғасы» энциклопедиясына, М.Бостанова, Л.Елубаева, Л.Тұяқбаева, Г.Боранбаева «Мәңгілік ел ұстаздары» білім саласының үздік қызметкерлері антологиясына енгізіліп, «Білім саласының дамуына қосқаны үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Л.Елубаева қала әкімінің грантын жеңіп алса, технология пәнінен Л.Тұяқбаева «Бейбітшілік әлемі» медалінің иегері атанды. Бұл олардың біліктілігінің көрсеткіші, ұзақ жылғы тәжірибе мен ізденіс нәтижесінде жеткен жетістіктері. «Шәкірт – ұстаз айнасы» десек, оның еңбегі оқушысының жетістігімен өлшенетіні белгілі. Елінің ертеңі болар азамат тәрбиелеу, олардың қоғамдағы орын қалыптастыру – әрбір сынып жетекшісінің, пән мұғалімінің еңбек жолындағы басты мүддесі. Бұл ретте аталмыш білім ошағында тәлім алған өрендер білім бәсекесінде ұстаз мәртебесін биіктен көрсетіп келеді. Олардың қатарынан жалпы пәндер бойынша олимпиада жеңімпаздары ретінде орыс тілі мен әдебиетінен Х.Мінәжатбек, математикадан Н.Темір, тарих пәнінен Н.Әбілқайыр, Н.Бақытжанды айтуға болады. Ал, жастарды ғылымға тарту мақсатында өткізілетін ғылыми жоба қорғауда 10-сынып оқушысы Д.Кайманова, 4 сыныптан Ш.Әбілмансұр жүлделі ІІ орынды иемденді. Сондай-ақ, «Синергия» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Әлемді өзгерткен идеялар» атты ғылыми жоба байқауында математика пәні бойынша Әділ Ақдидар І-орынға лайық деп танылған. Бұған қоса ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің «Бейбітшілік әлемі» төсбелгісі және І дәрежелі дипломмен марапатталды. Мұның бәрі – мектеп оқушылары жеткен жетістіктердің бір парасы.
Әрбір ұжымның ауызбірлігі, нәтижелі жұмыс жасауы білікті басшыға байланысты. Бұл ретте №39 қазақ орта мектебінің директоры Жеңісбек Құлғазиев басқару, ұрпақ тәрбиелеу ісінде өзіндік тәжірибесі толысқан маман. Тоқсан жылдан астам тарихы бар ұлағат ұясын басқаруда оның ұйымдастырушылық қабілеті, білім ошағын биіктен көрсетудегі еңбегі өз нәтижесін беруде.
– Ұстаздар мен шәкірттердің тек биіктен көрінуі мектеп мерейін өсіреді. Бұны өздеріне артылған жауапкершілікті жұмыла көтере білген ағартушылардың арқасы десем артық болмас. Себебі, үйретуден жалықпаған ұстаздардың еңбегі қашанда бағалы. Өскелең ұрпаққа заман ағымына сай білім мен тәрбие беруде оларға қойылатын талап жоғары. Ғылыми-технологиялық, инновациялық негіздерді меңгерген маманның оқушыға берері мол болады. Ал, қазіргі уақытта оқытудың жаңа әдісін қолдану оқушының білім деңгейінің өсуіне өз септігін тигізеді. Бұл тұрғыда нәтиже баршылық. Біздегі басты мақсат – алдымызға келген өреннен адамгершілікті, білімді, салауатты азамат қалыптастыру, – дейді мектеп басшысы Жеңісбек Райысбекұлы.
Бәсекеге қабілетті елдер көшіне ілесу үшін сауатты ұрпақ тәрбиелеу – бастысы осы. Жас өреннің ғылымды, заманауи технологияны игеруі, функционалдық сауаттылығын арттыруда ізденіс жасауы кемел келешегінің іргесін бүгіннен қалауы. Бұған айрықша мән беретін мектеп ұжымы барлық сыныпты оқуға қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз еткен. Мұнда 22 сынып жиынтығы бар. Оқушылардың ақпараттық технологияны меңгеруіне қолайлы болуы үшін 42 компьютер ғаламтор желісіне қосылған. Сонымен қатар, заманға сай талапты жүзеге асыруда балалар игілігі үшін 7 интерактивті тақта орнатылған. Өздеріне қажетті ақпаратқа қол жеткізу үшін барынша жағдай жасалған.
Жыл сайын түлектерін түлетіп, жаңа оқу жылына жаңа леппен қадам басатын мектеп ұжымы үшін 2016-2017 оқу жылы жемісті аяқталды. Былтыр қанат қаққан түлектер мектеп мерейін үстем еткен еді. Биыл да сол үрдістен жаңылмады. Елуге жуық оқушы алтын ұясынан ұшып, оның 31-і ҰБТ қатысуға шешім қабылдады. Төрт түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Мұғалімдердің мақтанышы болған І.Наурызбаева есімді шәкірт Мәскеудің белді университетінің грантын иеленді. Бұдан бөлек 14 оқушы еліміздегі жоғарғы оқу орындарының грантын жеңіп алды. Осылайша тағы бір жылды жеңіспен қорытындылады.
Кезінде ағартушы ғалымдар оқу, білімі бар жұрттардың жоқтан бар жасайтын қабілетін кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. Бүгінде олардың айтқаны дәлме-дәл келуде. Білім мен ғылымды қатар игеріп, заман үдерісінен шет қалмауда аталмыш білім ордасы да белсенді қызмет етіп келеді.

Айдана СЕЙІЛ.

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (1564)

23 тамыз 2019 ж.

№64 (1563)

20 тамыз 2019 ж.

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 925 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам