Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Нәзипа әженің асханасы

Жыл басы Наурыз мейрамы жақындағанда әрбір жан келер жылдан тоқшылық пен ырыс күтеді. Сол үшінде соның жоралғысы ретінде дастарханды толтырып, ұлттық тағам әзірлейді. Ең бастысы, мерекенің басты тағамы – Наурыз көже пісіріледі. Түрік халқының ұғымында жеті саны қасиетті екені бәрімізге белгілі. Қасиетті санның ұғымын пайдаланып, Наурыз көжеге де жеті түрлі дәм қосылады. Ал Наурыз көжені тойып ішу керек. Сонда жыл бойы молшылық пен тоқшылық болады деп түсінген. Ұлыстың ұлы күнінде барлық адам бірін-бірі кешіріп, өзінің туған-туысы мен жақынына мейірімділік танытуы қажет. Ұлттық тағамның тағы бір қасиеті, адам жеті үйден, жеті дәмнен дайындалған Наурыз көже ішіп шықса жаңа жыл ол адам үшін сәтті болады деген сенім бар.
Иә, «менің көжем қандай болады екен?» деп тағамды дайындарда ұзақ ойланатынымыз анық. Көпшілік ортаға жасағандықтан дәмі тіл үйірер болғаны жөн. Тағам да ерекше көңіл мен ниетті қажет етеді. Қандай тағам пісірмес үшін шын ынта қажет-ақ. Бүгінде әрбір ауылда үй-үйден қазан-қазан көже пісіріліп жатыр. Тіпті көршілер ақылдасып, әр үйден пісіріп бір қазанға құяды. Сонда Наурыз көже дәмді болады дейді үлкендер.
Жақында жұмыс бабымен Қарауылтөбе ауылдық округіне ат басын бұрдық. Ауылдың аты ауыл ғой. Адамдары да ғажап. Үйге бөтен адам кірісімен дастарханды жайып, әркез қонақты қарсы алуға дайын тұрады. Біз ауыл тұрғыны Әлмахан Досмаханұлының шаңырағында болдық. Отанасы Нәзипа әжейді әңгімеге тартып, ұлттық дәмді пісіру жолын сұрап алдық. Мереке қарсаңында әжеміз үлкен қазанын наурыз көже пісіруге дайындайды. Сосын жан-жағындағы көршілерін тіл үйірер көжеден дәм татуға шақырады. Жылда дәстүр бойынша Қарауылтөбеде ұлан-асыр той болады. Қазан-қазан наурыз көже дайындап, халықты тойдырады.
«Бұл біз үшін жылдағы қалыптасқан дәстүр. Ұлыс күні қазанымыз оттан түспейді. Келген қонақ көжеден тойғанша дәм татады» дейді ол.
Ырымшыл қазақ халқы әу бастан киеге, қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды 7 түрлі дәмнен жасап, «құт-береке болсын» деп ниет етеді. Әлбетте, наурыз көжеге белгілі бір тағам түрін қосу керек деген арнайы нұсқау жоқ. Әркім қолындағы бар азық-түлігіне қарайды. Ал Нәзипа әжей қалай дайындайды екен. Бізге сол қызық.
– Көбіне сүрленген жылқы етін қосқан дұрыс. Қазы-қарта, жал-жая да пайдалы. Сүр ет тоқтық береді, майлы ет жылулық береді деп айтқан анамның сөзі есімде қалған. Сондай-ақ ұлттық астың құрамына міндетті түрде бақша дақылын қосқан дұрыс. Мұндағы ниет «бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын» деген тілектен шыққан. Ал көженің басты тағамы ретінде сүтті міндетті түрде қосамыз. «Сүттей ұйып отырайық», «ақ мол болсын» деген ниеттің дәлелі. Немесе қазанға құрт та салуға болады. Кез келген тағамның дәмін келтіретін тұз себіледі, – деді ол кісі.
Демек, алдымен сүр етті қайнатады, ішінде қазы болса тіптен жақсы. Содан кейін ақ және сары жүгеріні бірге қайнатады. Бидайды пісіруге де жарты сағаттай уақыт қажет. Наурыз көженің толық дайын болуына 3-4 сағат уақыт кетеді. Ескеретін басты нәрсе, дәндер езіліп кетпеуі тиіс. Міне, осы әдіспен наурыз көже дайын болады.
– Көженің керемет қасиеттілігі мол. Адамға тойымдық береді. Денсаулыққа мол пайдасы бар. Түсіне білген адамға осы мейрамда айтылатын бата көжеде сайрап тұр. Дәм-тұзымыз жарасып, ынтымақ-бірлік нығайып, ырысымыз молая берсін деген ұғымды білдіреді. Көжені құйғанда, ыдысқа толтырып құйған жөн. Бұл «жаңа келген жылдың несібесі ортаймасын» деген ұғымда. Сондықтан да наурыз көжені халық арасында «тілеу көже, көп көже» деп атай береді, – дейді Нәзипа әжей.
Жас келін ретінде әлі бұл тағамды пісірудің тәсілін меңгере қойған жоқпын. Дегенмен, Нәзипа әжейден үйренгенім көп болды. Көбісі Ұлыстың ұлы күніне арнап, сүрленген ет пен қазысын сақтап отырғаны анық. Мереке жақындаған сайын «наурыз көжеге бүгін кім шақырады» деп елеңдеп отырамыз. Расында, тіл үйірер ұлттық тағамды тойып жеуді асыға күтіп жүрміз. Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
21 наурыз 2020 ж. 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам