Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады

Жылыжайдың жайы қалай?

Дастарханның төрінен жыл он екі ай көкөніс пен азық-түліктің түр-түрі табылғанын қалаймыз. Құрамы дәруменге толы бақша өнімдері қай кезде де сұраныстан түскен емес. Дегенмен, тек жаз мезгілінде ғана айызымыз қанып тойып жегеніміз болмаса, қыс айында біршама уақыт қол үзіп қалатынымыз рас. Қажеттілік туғанда базардан нарықтағы бағамен алуға тура келеді. Ал, бұл қалтаға әжептеуір ауырлық түсіреді. Мұндай сәтте көкөністі көршілес елдерден тасымалдауға мәжбүрміз. Сайып келгенде, ол еліміздегі жылыжай жұмысының баяулығын байқатады.

Жылыжай – әрбір бағбанның арманы. Сол арқылы сүйікті кәсібімен еш алаңсыз айналысуға мүмкіндік туады. Күй таңдағыш өсімдіктер, қыста жейтін жеміс-жидек, көкөністің көп түрі сонда өсетіні белгілі. Көзін тапқан жанға ол – кәсіптің табысты жолы, әрі халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің тиімті тетігі. «Еңбек етсең, қара жер де береді» деп, ұлы Абай айтқандай, тірліктің көзін іздегендер несібеден қағылмасы анық. Сұраныстың көптігіне орай жерден ризық тапқандар өнімін өткізуден еш қиындық көріп жатқан жоқ. Мамандардың айтуынша, жылыжайда өскен ауылшаруашылық дақылдарының біршама артықшылығы бар. Атап айтар болсақ, өнімге қоршаған ортаның зияны тимейді. Көкөніс жылдам өніп, ылғал мен жылудың біркелкі таралуынан сырты жылтыр болып тұрады. Бір айырмашылығы, өнім жабық жерде өскендіктен, күннің иісі сезілмейді. Бұл даладағы дақылмен салыстырғанда дәмі жағынан өзгешелікті байқатуы мүмкін. Десе де, мұнан ағзаға қажетті дәрумендер мен минералдардың маңыздылығы еш жойылмайды.
Айтуға оңай болғанымен шаруашылықтың өзіне тән қиыншылығы шаш етектен. Сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, жарықпен, сумен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны да анық. Мәселен, әлем бойынша оны салу жөнінен Қытай алдыңғы орында. Бұл елдің шаруашылық алқабы шамамен 1,5 млн гектар жерді алып жатыр. Аталмыш өндіріс бойынша едәуір дамып тұрғандар тізімінен АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия, Ресей сынды мемлекеттер де табылады. Жасыратыны жоқ, жайшылықта ауылшаруашылық дақылдары еліміздегі қажеттілікті қамтамасыз еткенімен, жылыжай өнімі сұранысты толық өтей алмай отыр.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев елімізде агроөнеркәсіп саласын кешенді дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын енгізді. Соның аясында жылыжай көлемін арттыру міндеттелген. Осыған орай, оңтүстік аймақта бау-бақша қоймасын дамытуға назар аударылды.
Нәтижелі жұмыстың негізінде 2018 жылы облыстан 34,5 млн долларды құрайтын 95,8 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталған. Шет елге тасымалданатын бақша дақылдарының көлемі жыл сайын ұлғайып, Қытай, Түркия, Араб Әмірлігі мемлекетінің нарығын игеруде. Биыл экспортқа бағытталған жоба құны 5,4 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық өндіріс жүзеге асырылмақ.
– Бүгінде аймақ халқын көкөніспен қамтамасыз ету үшін жалпы аумағы 89 гектарды құрайтын жылыжай қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, бағбандықпен айналысуға ынталы азаматтарға несие беру мәселесі қарастырылуда. Мәселен, Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінде 2 гектарды құрайтын жылыжай құрылысы аяқталды. Құрылыс кешенін «ҚазАгроҚаржы» АҚ қаржыландырған. Автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейтін бау-бақша орталығы жылына 400 тоннаға жуық өнім береді деп күтілуде, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов.
Қазір аймақ бойынша барлығы 164 жылыжай бар. Бұл жалпы жер көлемінің 10,5 гектарын құрайды. Бүгінде оның 90-ға жуығы нақты жұмыс істеп тұр, қалғаны мүлдем тұралап қалған. Алдағы уақытта тоқтап қалған жылыжай жұмысын жеделдетуге байланысты нақты шаралар қабылданады. Сонымен қатар, 6,395 гектар аумақты құрайтын 43 жылыжай жаңадан іске қосылады деп жоспарлануда.
– Соңғы жылдары елімізде жылыжай өндірісі қарқынды дамып келеді. Мұнымен қазір жекелеген азаматтар айналысуда. Бұл нарық қоғамында бәсекелестік тудырып, саланың қарыштауына септігін тигізеді. Бұл тұрғыда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жанынан құрылған «Агро Биологиялық орталықтың» да өз орны бар. Мұнда түрлі ағаштар мен қатар жылыжай да іске қосылған. Онда қияр, қызанақ, тәтті бұрыш секілді бақша өнімдері өсіріледі. Кешеннің жұмысы университет қабырғасындағы студент жастардың агроөнеркәсіп саласын дамытуға сеп болмақ, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жаратылыстану ғылымдарының магистрі Ақмарал Шарипова.
Бау-бақша да бала секілді ерекше күтім мен баптауды қажет етеді. Ал, жылыжайдың жайы мүлдем басқа. Ол үшін ең алдымен сол кәсіпке деген ерік-жігердің керектігі анық. Олай болса, жылыжай ісін жандандыруға ниетті жандарға қолдау білдіргеніміз абзал.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (1564)

23 тамыз 2019 ж.

№64 (1563)

20 тамыз 2019 ж.

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 928 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам