Бейсенбі, 18 сәуiр, 21:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Мектебі жоқ мың бала

19.06.2021

1472 0

«Ақмешіт апталығы» газетінің ресми сайтында редакцияға хабарласуға болатын нөмір бар. Бірде сол нөмірге тұрғындардан қоңырау келіп түсіп, олар өз өтінішін білдірді. Олар көтерген мәселе – балалар оқитын мектептің жоқтығы. «Астана-1», «Астана-2» шағын ауданында шамамен 1050 пәтер бар. Әр пәтерден бір баладан санағанның өзінде 1000 мектеп оқушысы бар. Бірақ жақын жерде мектеп жоқ. Осы мәселені зерттеу үшін біз де білек сыбана кірістік.

Ең алдымен мәселенің анық-қанығын біліп алу үшін сол шағын ауданға қарай жол тарттық. Расымен, шағын ауданға жақын жерде мектептің төбесі түгіл іргетасы да байқалмайды. Алайда тұрғындар тұрып жатқан пәтер қатары көп. Оның қасында тағы қаншама жер үй бар. Одан бөлек бірнеше көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мектеп жоқ. Бұл шағын ауданның балалары қайда барып оқып жүргенін білу мақсатында тұрғындармен тілдестік.

– Көшіп келгенімізге 5 жыл болды. Үйде мектепке баратын екі балам бар. Жақын жерде мектеп жоқ. №264 мектепте оқушы саны көп, ал №101 мектеп «мекен жай бойынша бұл мектепке тиесілі емес» дейді. Бұл жерге мектеп керек. Балаларымыз қашықтағы мектепке барып оқуға мәжбүр. Олардың қауіпсіздігі үшін біз алаңдаймыз, – дейді №7 үйдің тұрғыны Алуа Бейсетаева.

Бұл жақтың балалары барып жүрген мектепке жету үшін біраз жолды артқа тастау керек болады. Қоғамдық көлікке мінудің өзі бір бейнет. Ата-аналар 21 бағыттағы көліктің осы аумақпен жүретініне қуанады. Десе де кейде ол көліктің өзі жеткіліксіз болып, адамдардың сыймай қалатын кездері болады. Бұл туралы №8 үйдің тұрғыны Сабина Шоланбаева:  «Әзірге бір балам ғана мектепке барады. Келер жылы тағы біреуі мектеп табалдырығын аттамақ. Бірақ сол мектепке барудың өзі біздің жақта үлкен проблема. Кейде маршрут жетпей қалады. Балаларымызға жолда бірдеңе болып қала ма деп те алаңдаймыз. Сол үшін біздің шағын ауданға бір мектеп міндетті түрде керек», – дейді.

Бұл жердің тұрғындары әкімшілікке мектеп сұрап жүгінген көрінеді. Тұрғын С.Шоланбаеваның айтуынша, осы ауданның үлкен кісілері мектеп сұрағанда жобада бар екенін, үйлердің арт жағына салынатынын айтқан. Бірақ ол жерге қазіргі кезде тағы бірнеше көпқабатты үй салынып жатыр.

Тұрғындар өтінішін жерге тастамай, мәселені көтеріп жазуды жөн көрген біз оның шешімін де табуға тырыстық. Сол мақсатта қалалық құрылыс бөліміне арнайы бардық. Бірақ бөлім бастығы орнында болмады. Әкімдікке кеткен. Сол жердегі жауаптылар бізді құрылыс бөлімінің заңгері Еділ Үмбетовке жіберді. Заңгер біз қойған мәселеге «Қазір білім бөлімі облысқа өтіп кеткендіктен бұл сұраққа облыстық құрылыс басқармасы жауапты», – деді.

Бұл сұрақпен қалалық жер қатынастары бөліміне де жүгіндік. Бөлімнің сектор меңгерушісі Ғанибек Маратұлы бұл мәселе турасында аз да болса ақпарат берді. «Негізі бұл мәселемен облыстық басқарма айналысады. Қателеспесем бұл аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында мектеп қарастырылған. Ал оның құрылысы қашан басталатыны тапсырыс берушіге байланысты. Бұл туралы қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі білуі керек», – деді ол.

Сектор меңгерушісі сілтеген жолмен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысының да есігін қақтық. Мәселенің мәнісін түсіндірген соң бөлім басшысы Ғабит Қожахметов өзінде бар ақпаратпен бөлісті. «Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында мектеп бар. Шамамен балабақшаның қасына салынуы керек. Қателеспесем мектептің жоба-сметалық құжаттары да дайын болуы керек», – деді Ғабит Тындыбекұлы.

Дегенмен қалалық бөлімдердікі жай болжам ғана. Себебі қазір білім бөлімдері басқармаға қарасты болғандықтан бұл мәселемен де облыс айналысады екен. Сол себептен Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына хабарластық. Басшысымен тіл­десе алмасақ та сұрағымызды басқарма басшысының орынбасары Арнұр Әлібекұлына қоюдың мүмкіндігі туды. Ол мектеп құрылысы бас жоспарда бар екенін айтқанымен, нақты қай кезеңде салынатынын білім басқармасынан сұрау керектігін жеткізді.

Осылайша бір мәселемен төрт бөлімге хабарласқан біз облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымоваға хат жолдадық. Басқармадан келген жауапта «Астана-1», «Астана-2» (СПМК-70) мөлтек аудандарына мектеп салу мәселесі Қызылорда қаласының бас жоспарында бекітілген», – деп жазылған.

Хатқа жауап жазған басқарма басшысының орынбасары Бердәулет Бағдатов бұл шағын ауданда салынатын мектеп 600 орындық болатынын және өткен жылы Қызылорда қаласының әкімшілігі мектептің жоба-сметалық құжаттарын әзір­ленгенін жазған. Қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сондай-ақ шағын ауданда мектеп жасындағы бала санының өсуін ескере отырып, мектеп құрылысын жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында салу жоспарланып отыр екен. Басқарманың мәліметінше бұл шағын аудандағы мектеп құрылысы бірінші кезекте салуды қажет ететін білім нысандарының қатарында көрінеді.

P.S. Өскелең ұрпақтың саналы болуы үшін сапалы білім алуымен қатар мектепке бару қолжетімді болуы керек екенін естен шығармау қажет. Білім ордасына барған баланың қауіпсіздігі де мектеп назарында болуы тиіс. Алыс мектепке барып жүрген баланың енді жақын арада өз мектептеріне баратынына тұрғындар қуанып қалар. Ал жауапты сала басшылары бұл мәселені мейлінше тез шешкені абзал.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: