Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жеткіншектің жұлдызын жаққан

Жеткіншектің жұлдызын жаққан

 Жеткіншектің жұлдызын жағып, тағылымын қалыптастырып, танымын кеңейтуде білім-ғылым мен тәлім-тәрбиенің ықпалы ерекше. Себебі, бүгінгі дамыған заманда өркениеттің өлшемі, елдің кемел келешегі оқу-ағарту саласындағы оңды бастамалар арқылы жүзеге асуда. Ал, оның қайнар көзі – мектеп пен ұстаз дейтін егіз ұғымнан бастау алады. Шәкірт жүрегіне нұр құйып, жан-жақтылыққа баулитын киелі шаңырақ қоғам үшін қай кезде де маңызды.
Осындай талап үдесінен шығып, адам бойындағы ізгілік атаулыны қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қаладағы №144 С.Әлжіков атындағы қазақ орта мектебінің орны бөлек. Ең алғаш бастауыштан бастау алған оқу ордасы бүгінде білім бәсекесінде үлкен шаңыраққа айналған. Кезінде шағын ғана аппақ етіп әктелген мектеп халық арасында «Ақ школ» атаныпты. Кейіннен заман талабына сай құрылып он бір жылдыққа айналған. Содан бері қаншама ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, шыңдап шығаруда.
Бір ғасырға жуық тарихы бар білім ошағы қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінде орналасқан. Өкені тарихқа айналған шаңырақ бүгінде заман ағымына ілесіп, уақыт үдесінен шығуда талмай еңбек етуде. Ондағы әрбір мұғалім мектеп мерейін асырып, мәртебесін тұғырлы етуді мақсат еткен. Аталған мектепті ең бірінші – Н.Бектілеев, Ш.Көшекбаев, Ә.Қадырқожаевтар басқарды. Сонымен қатар, соғыста екі аяғынан бірдей айырылса да 40 жылдан астам уақыт оқушыларға дәріс берген «Қазақ Мересьеві» атанған Бәкібай Дүйсенбиевтің еңбегі зор. Ал, майдангер Ермахан Баймағанбетов, Жүсіпәлі Ұстабаевтар мектеп даңқын арттыруға сүбелі үлес қосып, ұстаздың шын бейнесін танытты. Кәрім Досжанов басшылық еткен жылдары оқу ордасын кабинеттік жүйеге көшірді.
Сондай-ақ, оқушыларды еңбекке баулуда мектеп директоры Дауылбай Наурызбаевтың ісі ерекше. Сондай-ақ, Марат Жүсіпәлиев – білім ошағын 12 жылдық оқытудың эксперимент алаңына айналдырды. Оқу сапасына қатты көңіл бөліп, тәрбиені басты орынға қойды. Сондықтан да бұл кісілердің есімі білім ордасының тарих беттерінде алтын әріппен жазулы.
Ал, ұжымды қазір тәжірибелі ұстаз, іскер басшы Жұмагүл Сейдахметова басқарады. Оның басшылыққа келгеніне көп бола қоймаса да, қаншама игілікті істерге ұйытқы болуда.
– Мектептің ішкі-сыртқы техникалық базасы, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы, заманауи құрылғылармен оқушылардың жұмыс жасай алу мүмкіндігі – осының барлығы баланың тиімді білім алуына ықпал етеді. Шәкірттеріміздің жеткілікті деңгейде оқуына барынша жағдай жасап келеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Мемлекеттік идеологияның бізге аса қажет бір ірі бұтағы, қомақты тармағы – халықты, ұрпақты патриотизмге, отаншылдық, елжандылық рухқа елді, жерді сүюге, қорғауға жұмылдыру» – деп айқын жол көрсетті. Ел өмірінің тікелей жалғастырушысы, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы осы жас ұрпақ. Ар – намысты қорғауға, Отанға тіреу болуға, адамгершілік пен имандылыққа тәрбиелеу – басты міндетіміз. Қазіргі кезде туған елдің, өзінің ауылының қадір-қасиетін ұғындырып, құрметін арттыру жолында мектеп ұстаздары белсене жұмыс атқаруда. Олар бірінші орынға білім беру сапасын қояды. Соның нәтижесінде мектеп жетістігі жыл өткен сайын артып, оқушылардың білімге деген қызығушылығы оянып келеді, – деді мектеп директоры.
Адам өз еңбегінің аз да болса жемісін көрсе, қуанышқа бөленері анық. Себебі, әрбір жетістік – бақыттың қайнар көзі. Шәкірті биікке көтерілсе, ұстаз еңбегінің еш кетпегені. Көз майын тауысып, бар білгенін балаға үйретуден жалықпаған мұғалімдер қандай марапатқа да лайық. Осы тұста аталған білім ордасының тәлімгерлері біраз асуларды бағындырған. Мәселен, мұнда республика көлемінде танымал мұғалімдер де қызмет атқарады.
Соңғы жылдары елдің ертеңі үшін, түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Солардың бірі – «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы. Аталған бағдарлама нәтижесінде білім ошағы 2009 жылы 1200 орынға арналып қайта салынды. Бүгінде мұнда материалдық оқу базасы заман талабына сай жабдықталған. Атап айтсақ, компьютерлік кабинеттер, мультимедиалық жүйе, интерактивті қондырғылармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 440 орындық асханамен 3 спорт зал бар. Сондай-ақ, оқу-тәрбие саласындағы технология түрлерін қолдану, озат тәжірибені жариялау және басқа да игі бастамалар қолға алынған.
Бүгінде заман талабына сай жабдықталған білім ошағында 2000-нан аса шәкірт білім нәрімен сусындауда. Ал, оларға сапалы білім беруде 200-ге тарта мұғалім жемісті еңбек етіп келеді.
Мәселен, мектеп есігін айқара ашқан жылдардан бері қаншама түлек «Ерекше» аттестат алды. Ал, алтын ұя мерейін асырып, мәртебесін тасытқан «Алтын белгі» иегерлері де үлкен өмірге қанат қағуда. Жыл сайын ҰБТ көрсеткіші де артып, үздіктер қатары көбейіп отыр. Қазір сан салада еңбек етіп жүрген түлектер киелі шаңырақты қастер тұтады. Олар бүгінде қандай жетістік шыңын бағындырса да, жүрек түкпіріне нұр құйған осынау қасиетті шаңырақты ұмытпай, әркез мақтан тұтары анық. Осындай еліміз бен облысқа танымал түлектер арасында Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми зерттеу институтында жемісті еңбек еткен – Садық Нұрмағанбетов, белгілі заңгер, сот жүйесінің қалыптасуына үлес қосқан – Әлімжан Шәріпов сынды азаматтар бар. Сондай-ақ, педагогикалық ғылымының кандидаты – Бақытжан Сайлыбаев, Әкімжан Сайлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Қаракөз Ақдәулетова, белгілі сатирик, ақын – Орынбасар Әлжіковтер осы мектептің түлектері. Сонымен қатар, филология ғылымының докторы – Зәуреш Ерназарова, физика ғылымының кандидаты – Ұлтай Ешімова, экономика ғылымының кандидаты – Құралай Жырауовалар мектеп мақтаныштары. Мұнан да өзге, республиканың сан түрлі саласында беделді қызметтегі білікті мамандар, басшылармен қатар, халықаралық спорт шеберлері де бар. Осындай арда азаматтарды түлеткен мектептің еңсесі әрқашан биік, өресі жоғары, әлі де алар асуы алда екені анық.
Үнемі жан-жақтылыққа бет бұратын киелі шаңырақ өрендерді тереңдете оқытып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілетін шыңдау, қоғамға бейімдеу, түрлі деңгейдегі мәдени-рухани іс-шараларға белсене атсалысу істеріне де дағдыландырады. Өйткені, әрбір көзіқарақты ата-ана баласының толыққанды білім алуымен қатар, олардың ой-өрісі, дүниетанымының кеңеюін де қалайды. Осы орайда, аталған білім ордасында ғылыми-шығармашылық бағытта ізденімпаз, жаңашыл оқушы тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінген. Сондай-ақ, жыл сайын қызықты мазмұнмен ұйымдастырылатын «Көктем аруы», «Жігіт сұлтаны», «Жыл оқушысы», «Күз ханшайымы» сайыстары оқушылардың жан-жақты қырынан ашылуына септігін тигізіп отыр. Сонымен бірге, «Жол сақшысы», «Жас өрт сөндіруші» байқаулары балаларды ережеге сай қауіпсіз өмір сүруге дайындап, көгалдандыру жұмыстарына белсене араласуы табиғатты сүюге, өскен ортасына жанашырлықпен қарауға баулиды.
Білімнің биік мінберінен ойып орын алған мектеп ұжымы осылайша өркениетті заманның талап үдесінен шығу жолында әркез талмай еңбек етуде. Себебі, мұнда өз ісіне адал майталман мамандар мен кемел келешегім – білімде деп ұғынатын ынталы шәкірттер бар.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА
05 қазан 2019 ж. 206 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№80 (1579)

15 қазан 2019 ж.

№79 (1578)

12 қазан 2019 ж.

№78 (1577)

08 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 6 465 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам