Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Көлік тізгіндеген келіншек

Көлік тізгіндеген келіншек

Таңертеңгі қарбалас, қысылтаяң уақыт. Бірі жұмысқа, бірі сабаққа асыққан мезгіл. Осы өліара шақта мен де қоғамдық көлікті күтпей таксиге отырдым. Қыз атаулының қиялы жылдам ғой, дереу ойға шомып кетіппін.
...Тіршіліктің түзелгені болар, көшеде көлік көп. Әлемнің менмін деген «машинасы» бізге таңсық болмай қалды, қалада не жоқ дейсін. Кейде кептеліске тіреліп, ұзақсонар кезек түзіледі. Солардың арасында кім жоқ, қарт та, жас та, әйел де бар. Менің де көлік тізгіндегім келеді, бірақ жүрексінемін. Көше кең болғанымен көп көлікпен иық тіресіп жүру оңайға соқпайды. Алда-жалда... Не деп кеттім, көлігі құрысын!
Такси жүргізушісінің көңіл күйі жоқ па, әлде қабаттасқан көліктің қадамына ренжіді ме, дабылын қосып, тетікті қайта-қайта басқыштады. Сөйтті де: «Не өзі жүрмейді, не жұртты өткізбейді. Жол ортасында сасқалақтап тұрғанына қарағанда, рульде әйел-ау. Осындай жағдайдың салдарынан, жолымыздан қаламыз. Көлік жүргізу қолынан келмей ме, қойсын!», - деп жекіп алды да жол шетімен айналып өтті. Расымен таксист болжағандай, тұлпар тізгінінде жап-жас келіншек екен. Ол көлікті кәсіби тізгіндейтіндей келіншекке ұқсамайды. Көлік жүргізу қабілеті әлі шикі. «Бұл ағам таксист болғасын уақытының көбісін жолда өткізеді, мұндай жағдайдың бірнешеуін басынан өткергесін жүйкесі жұқарған ғой» дейін десем, көлік жүргізуден мүлде бейхабар менің өзіме келіншектің кейбір кемшілігі кәдімгідей көзге ұрып тұр. Мына түрімен біреудің обалына қалмаса игі деймін іштей. Осы оқиға ой салды ма, дереу журналистік зерттеуді бастауыма тура келді. Осылайша «Көлік тізгіндеген келіншек» тақырыбы санамды сілкілей берді. Мен белді будым.

Әйелдер көлікке неге құмар?
Бәлкім заман талабы болар, әйтеуір әйелдер қауымы ер адамнан қалысқысы жоқ. Бәсекелестік пе, жоқ құмарлық па, туасы еркек кіндіктің еншісіне әйел атаулы әуес-ақ. Алдымен екі аяқты шайтанарбаны тебуді үйренді, бертін келе шалбар киюді «тартып» алды. Қоғамда белсенділік қалыптастырды, мемлекеттік қызметке келді. Шығыстық әдеп шет қалып, Еуропа ендірген гендерлік саясаттың күші әйелдің жолын бөгеуден құтқарды. Соның сипаты мынау: темір тұлпарды тізгіндеу түкке тұрғысыз мәселе сияқтанды. Әжемнің әңгімесі есіме түсіп, кешегі қиын-қыстау уақыттың естелігін айтуға тура келіп тұр.
«Елдегі бас көтерер азамат түгелдей майданға кетті де халықшаруашылығы жұмысын жүргізу қатын-қалаштың қолына қарады. Бірді-екілі ХТЗ тракторы бар, штурвалді игеру жап-жас келіншектерге бұйырды. Оларды оқытты, көнбегіне қарамастан күштеп рульді ұстатты. Бұл амалдың жоғынан жасалған жұмыс еді» дегені жадымда жатталып қалыпты. Сол әжем «қатынның өз жолы бар, құдай содан жаңылдырмасын» дейтін. Осы сөзді айтпайын десем де, қозғаудың жөні туындады. Жалпы, әйел адамның көлік жүргізгені дұрыс па? Оның толық игеріп кетуге, түрлі жағдайға дайындығы сақадай сай ма, міне, мәселені осыдан бастаған дұрыс шығар. Бұл сұрақты көпшілік талқысына да тастап көрдік, елдің пікірі қақ жарылды.
Алғашқы зерттеуші объекті – көрші апайым болды. Сырт көздің сынына сүйенсек, ол тұлпарына тиянақты секілді. Жары сыйлаған көлігін жарты жылда үйреніп алыпты. Тек май-суын қарауға қиналады екен. Дегенмен, қазір көліксіз ештеңеге үлгере алмаймын дейді ол.
– Негізі жұмыстан кейін баланы балабақшадан алып, жолай дүкенге соғып, азық-түлік аласың. Осылай жеткеніңде әбіржіп-ақ кетесің. Түскі үзілістегі пәтерақы төлеу, дәрігер қабылдауында болу, балабақшадағы таңертеңгіліктерді мүлдем айтпағанда, біз бәріне үлгеруіміз қажет. Бұл ретте көліктің пайдасы зор. Жолда аса қатты жүргізбеймін. Заң талаптарын бұлжытпай орындаймын. Ер адамдар тез айдауды жақсы көреді, содан жағымсыз жағдайларға тап болады. Ал біз ұқыптырақ, ешкімді қыспаймыз, реттілікпен көлікті қоямыз. Мен алдағы көлікте кім отырғанын, әйел, не ер екендігін анықтай аламын. Оны тек ерлер ғана байқай алмайды. Тәжірибесі бар кез келген жүргізуші айыра алады, – дейді ол.
Асылы, жүргізушіге ең қажетті дүние батылдық. Ол ер адамдарда жоғары екендігін алға тартқан ағамыз, мұқтаж болған жағдайда ғана нәзік жандылардың көлік тізгіндегенін құп көреді.
«Тәжірибесі көп жүргізуші ретінде айтарым бұрылыстарда, көп көлік шоғырланған ортада батыл әрі ақылды әрекеттер жасау маңызды. Әйел затының жаны нәзік болғандықтан батыл әрекетке бара алмайды. Қорқынышы басым. Соның кесірі кесапатқа илігеді. Жолда кідіріп қалуымызға себеп болады. «Машина» жүргізу көпке оңай көрінгенімен, ол екі есе күйзеліс. Кешегі тайғақ күндері тіпті толғаныс көбейді. Төрт бағытқа мұқият болу қажет. Сонымен қоса «машинаның» доңғалағын ауыстыру, тоқ қашып, есіктер құлыпталып қалатын жайттар болады. Сондай кездерге жауап бере алатын әйелдер болса көлік жүргізгені дұрыс әрине. Әйел адам еріне тәуелді болмағанды қалайды», – дейді Әділбек Мырзаханұлы.
Елімізде жүргізуші куәлігін алуға 18 жасқа толған кез келген адамның құқығы бар. Ол үшін автокөлікті жүргізудің теориялық және практикалық курсты оқу және жол қозғалысы ережесі туралы емтихан тапсыруы қажет. Осы ретте мен, сала мамандарынан үйренушілер арасында ер мен әйелдің басымдығы туралы сұрадым. Автомектепке күніне 2-3 қыз келеді екен. Топта 15 адам болса, оның 10 қыз-келіншек. Ерлермен салыстырғанда үйреніп шығуы ұзақ. Себебі әйел заты қорқақ келеді. Көлік жүргізуді 5-6 ай үйренетін аруларымыз да бар көрінеді. Мектептің ақылы болғандығы қыздарға кедергі туғызбайды. Яғни қаржысын аямайды екен.

Сандар сөйлесін
Қызылорда қалалық полиция басқармасының мәліметінше, 2019 жылы жүргізуші азаматшалардың қатысуымен 36 жол-көлік оқиғасы орын алған. 3 адам қаза тауып, 38 адам түрлі дене жарақатын алған. Әйел азаматшалар тарапынан көлік құралын басқару кезінде, ұялы телефонмен сөйлесу, қауіпсіздік белдіктерін тақпау, белгіленген жүру жылдамдығын асыру сияқты ережелердің бұзу деректері тіркелген. Жыл көлемінде азаматшалардың көлік жүргізу құқығынан айрылу дерегі орын алмаған.
Ал, 2019 жылы көлік жүргізу куәлігін табыстаушы мамандардың айтуы бойынша «Жүргізуші куәлігін алу» үшін 112 азаматша өтініш білдірген. Олардың 26-сы бұл құжатты алуға лайықты деп танылған. Демек, аруларымыз үшін бұл құжатты алу оңайға соқпай тұр.

Асыл дініміз не дейді?
Кувейт еліндегі фиқһ ілімінің маманы, доктор Ахмед Хажи әл-Курди: «Жалпы алғанда, әйел кісінің көлік жүргізуіне ешбір (нақты) шариғи кедергі жоқ. Бірақ әйел кісінің көлік жүргізуі (жалғыз өзіне) тек қала ішінде рұқсат. Ал, көлігімен ұзақ сапарға шығар кезде (жалғыз емес), күйеуімен немесе басқа туыстары жанында болған жағдайда ғана рұқсат болмақ», – дейді.
Адамдардың көлік құралдарына сұранысы артқан сайын, салдарынан туындайтын апат түрлері көбеюде. Бүгінде бұрын-соңды естіп білмеген жайттар кездесуде. Қоғам үшін өзекті болған мәселені зерттей келе, өз басым осындай ойға қалдым. Әйел заты, ер азамат болсын, көлік жүргізгенде сақ болу қажет. Көлік жүргізу келеңсіздікті сүймейді.

Наргиза Бектаева

03 наурыз 2020 ж. 551 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 635 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам