Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қауіпті кеселден қалай қорғанамыз?

Қауіпті кеселден қалай қорғанамыз?

Жаһанды жалмаған індетпен күрес күннен күнге күшейтілуде. Еліміздің бас қалаларын қоспағанда, 13 өңірдегі ахуал алаңдатарлықтай. Аты жаман ауру біздің аймақты да айналып өтпеді. Сыр жұртшылығының қауіпсіздігі басты назарға алынған. Кешеден бері ең қажетті деген азық-түлік, дәріхана мен маңызды сала мамандарынан басқасының жұмыс істеуі тоқтатылды. Тұрғындардың үйден бей-берекет шығуына тыйым салынды. Бұл ретте аймақ халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде облыстың бас санитарының қаулысы шықты. Енді белгіленген тәртіпке бағыну мен сақтық шараларын бұлжытпай орындау арқылы бұл қиын кезеңді еңсеруіміз керек.
Біз күні кешеге дейін бейқам жүрдік. Вирус әлем елдерін шарлағанда оған мән беріп, зер салғанымыз шамалы. Өкініштісі сол, оның ел ішінде таралуы, одан әр аймақтан бой көрсетуі, төтенше жағдайдың жариялануы көпшілік үшін қалыпты дүние сияқты көрінді. Дәстүрлі шараға тыйым салынса да той-тойлап, думандатуымыз да сиремеді. Өткен санымызда талапты орындамаған кәсіпкерлер мен той жасаған үй иелері арнайы рейд кезінде анықталып, жазаға тартылғанын жазған едік. Мұның дәлелі сол. Ал қазіргідей жағдай күн санап ушыққан сәтте қолдан келері тек тәртіпке бағыну. Індетпен күрес жүргізіп жатқан мамандарға кедергі келтірмеу.
Иә, аурудың адам талғамайтыны бесенеден белгілі нәрсе. Бірақ, бұл індет күнделікті естіп, біліп жүрген дертімізден бөлек екенін аңғартқандай. Жасқа да жасамысқа да, шен-шекпенге де қарамайтынын, бәрінен бұрын ақыры қиын екенін ұғындырғандай.
Төтенше жағдайдың жариялануы осымен үшінші аптаға аяқ басты. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы карантинге жабылды. Тек аса қажет болған жағдайда ғана азық-түлік дүкені мен дәріханаға баруына болады. мұның барлығын ресми ақпараттан бөлек, сондағы ағайын-туыстан да сұрап, біліп отырмыз. Жағдай ойын-күлкі қыларлықтай емес. Ондағылар қауіптің салдарын сезіне бастаған. Барынша сақтық жасап, алдын алу шарасын жасауда. Талапты орындап үйде отыр дегенімізбен, қорғаныш амалын жасау керек-ақ. Үй ішін желдетіп, хлорлап жуу, адыраспанмен аластау деген күнде болмаса да ара-арасында орындайтын үрдісіміз емес пе? Ал қазіргідей кезеңде мұны тұрақты жүргізу қажет секілді. Сол себепті вирустан қалай қорғану керек, сақтану мен алдын алу жолын мамандардың өзінен сұрағанды жөн көрдік. Сонымен маман кеңесіне жүгінсек.
Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысының орынбасары Әлия Мүтәліпқызы:
– Бүгінгідей елең-алаң шақта аймақ тұрғындарынан үйден шықпай қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырамын. Бұл өзіңіз үшін, отбасы, ағайын-туыс, бауырыңыз үшін жасаған жақсылығым деп біліңіз. Біз солай бұл індетпен күресіп, жеңе аламыз. Ал сыртқа шығуға мәжбүр болған жағдайда бетперде тағыңыз, қолыңызға қорғаныш құралын (антисептик) себіңіз немесе медициналық қолғап киіңіз. Сырттан келген кезде үйге кірмес бұрын бетперде мен қолғапты шешіп, қоқысқа тастаңыз, қолды сабынмен немесе құрамында спирті бар антисептикпен жиі жуыңыз. Жөтелгенде не түшкіргенде ауыз бен мұрынды қолмен, майлықпен жабуды ұмытпаңыз. Қорғаныш құралынсыз суық тию, тұмау белгісі бар адаммен байланыспаңыз. Вирус тараған аумақта адамдар арасында 2 метр қашықтық болуын қадағалаңыз. Сондай-ақ, тазалық сақтауды да естен шығармаған жөн. Үй жағдайында бөлмелерді шаң-тозаңнан арылтып, хлорлы ылғалмен сүртіңіз, желдетіп отырыңыз. Өзіңіз жиі қолданатын телефон, пернетақта, үстел, жарық қосқыш, есік тұтқасы сынды құралдарды дезинфекциялап тұрыңыз.

Р.S. Мамандар сондай-ақ, суық тию, не тұмау белгілері болған жағдайда жедел-жәрдем шақыруға кеңес береді. Айналаңызбен барынша байланыс құралдары арқылы қатынас жасауды, күніне екі рет дене қызуын өлшеп, салауатты өмір салтын ұстануды ұсынады. Сонымен бірге ет, жұмыртқа өнімін әбден піскенде пайдалану, иммунитет көтеретін дәрумендер ішу керегін айтады.

Айдана СЕЙІЛ

06 сәуір 2020 ж. 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 634 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам