Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Адамның бір қызығы бала деген

Адамның бір қызығы бала деген

Әдеттегідей, жұмыстан шығып, таксимен ауылға келе жатырмын. Машинада өзімнен 3-4 жас кіші студент қыздар. Қолында ұялы телефон, ауызында сағыз, шайнаң-шайнаң етіп келеді. Тіпті қасында отырған адамға ерсі көрінеді. Сонымен ауылға да келіп жеттік. Жаңағы қыздар таксиге «үйді-үйімізге апарып сал, ақшасын төледік қой» – деп өқтемсіп сөйледі. Өздерінен үлкен кісі екеніне мән беріп те отырған жоқ. Содан бір қыз түсті де жүрейін деп тұрған машинаның алдынан кесе-көлденең өтіп кетті. Машина иесі «жолымды кесіп өтті ғой» – деп жатыр.
Сол кезде есіме анамның сөздері түсті. Бала кезімде ауылда жол үстінде келе жатқанда анам әрқашан «ер кісінің алдынан кесе көлденең өтпе, машина келе жатса күтіп тұр» – дейтін. Сонда анама: « қойш, мама, қалада қай машинаға жол беріп тұрасың» – дейтінмін. Бұл күнде сол сөздің қадірін ұққандаймын.
Жалпы, осыдан кейін қазіргі ана балаға дұрыс тәрбие беріп жүр ме? – деген сұрақ санамды билеп алды. Мен де анамын ғой, болашақта баламды қалай тәбиелеуім керек.
«Ананың қадірін балалы болғанда түсінерсің» – деп ата-бабамыз біліп айтқан. Жалпы ана атану, бала тәрбиелеу қоғамдағы жауапты істердің бірі екені сөзсіз шындық. Қазіргі уақытта жастардың тәрбиесі дұрыс емес, олар қалай сөйлеуді, киінуді, қалай жүруді білмейді деп сөгіп жатады. Ал сол «жастарға, жалпы балаға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз ма» – деген сұрақ мазалаған жан бар ма екен. Балаға тәрбие құрсақтан бастап беріледі. Яғни, ана болу үшін бар жауапкершілікті атқара білу қажет.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Осы сөздің өзінде түсіне білген адамға терең мағына жатыр. Яғни, баланы сәби кезінен қолға алсақ, оларға көп тәрбие берген болар едік.
Бүгінде ұрпаққа тәрбие беруден гөрі, оның айтқанын жасау басымдырақ. Әркім өз баласының сөзін сөйлеп шыға келеді. Содан ол білгенін істемегенде қайтеді. Тәрбиені қалай беріп жатырмыз, қарапайым түріне тоқталайыншы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап, бала жыласа қолына ұялы телефонды ұстата саламыз. Одан 3-4 жастағы өренді теледидардың алдына отырғызып мультфильм қосып береді. Ол қандай арна көріп отыр, оны тексермейді. Ал, 5-6 жастағы жеткіншек компьютердің құлағында ойнап отырады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің баласы тәрбиені заманауи технологиялардан алуда. Оларға көңіл бөлетін ата-ана жоқтың қасы. Тіпті қыздар тұрмысқа аяғы ауыр болып шықса, ол ешкімге таңсық болмай қалды. Қызының аяғы ауыр екенін біліп, үнсіз отыра беретін ата-ана да бар. «Кімнің қызы екіқабат болмай жатыр дейсің» – дейді олар. Осы сөзді естіген жастар кімнен үлгі алады. «Ұят болады, олай жасауға болмайды, қазақы тәрбиемізге сай емес» деген сөздер санадан жоғалып кеткендей.
Қоғам үшін әр отбасында тәрбиеленіп жатқан баланың орны ерекше саналады. Сондықтан оның бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни, адамгершілік сынды құнды қасиеттерді сіңіріп отырған жөн. Жасөспірімдер арасында қылмыстың көбеюі, олардың бұзақы әдеттерге баруы, түнгі ойын клубтарын жағалауы бәрі үйдегі тәрбиеге байланысты.
«Тәрбие – тал бесіктен басталады», «Баланы – жастан» деген ұлағатты сөздердің өзі тәрбиенің басын көрсетіп отыр. Себебі, есейіп кеткен соң оның теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Бала тәрбиелеуді бесікке бөлеуден бастасақ, мұның өзі қазір үлкен дауға айналды. Сәбиді бесікке бөлеуді теріске шығарды. Сонда ұлттық құндылығымыздың расында жоғалып бара жатқаны ма?
Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспеншілікте. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Сондықтан баланы шексіз мейіріммен өсіру керек деп түсінемін.
Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға адамнан үш алуан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», – деп, осы үшеуінен баланың болашағы шешілетінін ескерткен. Біздің қоғамымызда бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлу – заман талабы. Олай болса, осы елдің ертеңі – жасөспірімдерге ғасырға лайықты тәрбие беру басты міндет екенін естен шығармайық.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Кез келген адам өзі өмір бойы қуып жете алмайтын бақытқа өмірінің жалғасы ұрпағы жетуі мүмкін. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні – өз ұрпағымыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, бақытты басқадан емес, баладан іздейік.

Айтолқын АЙТЖАНОВА



07 сәуір 2020 ж. 237 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 635 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам