Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жалдамалы жұмысшы: Кореяға күнкөріс үшін кеткендер

Жалдамалы жұмысшы: Кореяға күнкөріс үшін кеткендер

Бақсақ, жарнама бойынша жұмыс іздеген жан жетерлік. Бәрі де жалақысы жоғары жұмыс табуға ықыласты. Соңғы уақытта байқасаңыздар, Кореяға көзқарас жақсы. Және ол елге барушылар саны күрт өсті. Неге? Себебі жалақы жоғары, жұмыс көп. Дегенмен Кореяға күнкөріс үшін кеткен жалдамалы жұмысшы туралы ешбір ресми органның мәліметі жоқ деуге болады. Тіпті елшілік те бейхабар. Тек болжам күйінде бағдарлап келеді. Оның мәнісі мынада: екі ел арасында жұмысшы қолын қабылдау туралы келісім болған емес. Сондықтан келіп-кетіп жатқан жұмысшы қолы заңсыз жолмен барады.
Корея қалай дамып кетті? Рас, Оңтүстік Кореяның экономикалық потенциалы үнемі өсім жағдайда келеді. Инеден бастап көлікке дейін өздері өндіреді. Сырттан тасымалданатын экспортқа тәуелділік жоқ десек жаңылмаймыз. Ресей арқылы темір, болат, мыс секілді шикізат ғана алдырады.
Біздің елдің дені туристік сапар бойынша барып, біржола қалып қояды. Осылай жұмыс істеуді жүзеге асырып жүр. Оның арасында қызылордалық жерлестің үлес салмағы аз емес. Біз олармен әлеуметтік желі арқылы тілдесіп көрдік. Көпшілігі аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. Солардың бірі ғана сұхбатқа келісті.
–Мен досымның кеңесімен жолға шықтым. Қазір кредиті жоқ қазақ қалмаған шығар, тапқан табыс сол несиеден артылмайды. Банктің пайыздық үстеме төлемі өте жоғары. Той-жиынға барудан қалдық. Ағайыннан алыстай бастадым. Тойанасыз тойға кім барады? Ақшаның тапшылығы қол байлады.
Алғашқыда уайымдап, «жағдай қалай болады?», «Ол жақта аш қалып қоймаймын ба?» деген күдік сананы тұмшалады. Өйткені тіл білмейтін едім. Бірақ «шешінген судан тайынбас» деп белді бекем будым. Ескі көлігімді сатып, Алматыдан 400 мың теңгеге билет алдым. Бардым. Сеул әуежайынан өткен соң досым күтіп алды. Виза бір айға ғана есептелген. Арғы жағын ақылдасып көрермін дедім. Естуімше, мұнда жұмысқа деп виза жасалмайды. Тек ғана G1 дейтін босқындар статусы үшін бар. Енді пәтерге келдік. Қуықтай үй, алайда ішкі дүниесі сұранысқа сай екен. Білуімше, үй екі түрлі: Ван рум және апата ван рум дейді. Ван рум деген 4 қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтер, арзандауы осы. Келушінің көбі осындай арзан пәтер жалдайды.
Маған бәрі таңсық, сұрақ жетерлік. «Жұмыс жағы қалай болады?» деп қоямын досыма.Ол: «Уайымдама» дейді қысқаша.
Ертесіне жұмыс берушіге бардық. Жұмыс беру орнын «Самушель» деп атайды. Мен біздегі секілді шіреніп қалған біреу болар деп ойлағам, сөйтсем өте қарапайым, өзім секілді адам. Оны «Саджан» дейді екен. Досым оған «Саджан, иль иссое» деп еді, ол «тон» деді. Мұнысын ұқтым, «жұмыс бар ма?» дегеніне қанша ақша көлеміндегі депті. Сонымен джинси шығаратын зауытқа жұмысқа орналастым. Бір қызығы, әйелге қарағанда еркекке көп төлейді. Гендерлік саясатты мықты ұстанған Швецияда да солай. Мысалы, таңертеңгі тоғыздан кешкі алтыға дейінгі 8 сағатқа қыздарға 65-70 мың вон (корей ақшасы, 1 вон – 0,37 тиын), ұлға 90-100 мың көлемінде. Ал, қосымша табыс тапқың келсе тағы 3 сағатқа ұзартасыз. Мұны «чаноп» дейді. Бұған 15-20 мың вон төлейді.Тіпті түнгі ауысымға қалу да өз қалауыңыз. Ол «яган» аталады. Әрине түнгі төлем өте жоғары. Былайша айтқанда, тәулікте 50 мың теңге ойланбай табасыз. Түскі тамақпен өздері қамтамасыз етеді. Осылай үйреніп кеттім. Қолма-қол ақша алған соң қиындыққа мойымай, ынта арта түседі екен.
Байқасам, егістік даласында да жұмыс жетерлік. Бірақ табысы мардымсыз. Жұмысы да көп. Бірақ олар жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етеді. Бір қиналғаным, нан жағы. Мұнда нан тапшы. Күріштің ұнынан жасайды. Енді бағаға келсек, сиыр еті 5мың, нан 3000, картоп 1000 теңге жобасында. Негізінен тұтынатынымыз тауық еті. Тамақты үйде өзің жасаған дұрыс. Әрі дәмді, әрі арзан.
Кореяда өзбектің асханасы аз емес. Оны «шиктан» дейді. Өзбектер де жұмысшы қабылдайды. Әсіресе, ыдыс жууға. Алайда 12 сағат суық сумен ыдыс жуу оңай шаруаға жатпайды. Ақысы айына 650 мың теңге.
Ұсталған көлік өте арзан. Тіпті 500 теңгеге де алуға болады. Мұндағы қазақтың басым бөлігі көлік алған. Демалыс күндері қаланы қыдырады. Автобус 1000 теңге, метро 1300 теңге. Такси есептегіш арқылы тасымалдайды. Бірақ біз таксимен келісіп, есептегішсіз төлейміз. Бензин нарқы 400-500 теңге болады.
Қазір барлық елде коронавирус жайлы қауіпті дертке қарсы шара жасалуда. Кореяда да ондай бар. Бірақ аламан-тасыр жағдай емес. Медициналық маска киеміз. Антисептик қолданамыз.
Ия, айта берсең таңырқайтын жағдай жеткілікті. Ақыры келдің бе, ақша табу керек. Ұзақ уақытқа және тұрақты жұмысқа орналассаң тиімділігі зор. Біріншіден, жалақы артады. Ол үшін жұмыс берушінің сенімінен шығуың тиіс. Мұндайды «кесок» дейді.
Біріншіден, мұнда жұмыс беруші құл ретінде емес, партнер ретінде қарайды. Құрмет жоғары. Сіз десіп сөйлеседі. Табысыңды тиынға дейін санап береді. Кемсіту деген кем. Кешірімді, шығыс халқына тән жайдары жүзбен, сыйластық қасиетпен араласады. Бастықпын деп кеуде керетін пиғыл атымен жоқ. Өзіңмен бірдей еңбек етеді. Және көп табыс табуыңа көмектесіп, ықпал жасайды.
Жұмыстан кешігу деген болмайды. Сағат тоғызда қызу жұмыс басталады. Жұмыс уақытында телефонмен сөйлесу, темекі тарту деген болмайды. Белгіленген уақытта ғана рұхсат. Сосын біздегідей «автобус жүрмей қалды», «үйге қонақ келді», «балам ауырды» дейтін сылтау жүрмейді. Ондайларды сол күні жұмыстан босатып жібере салады.
Жалпы, білуімше, Оңтүстік Кореяда өте сұранысты мамандық қатарына ІТ маманы, бағдарламашы, инженер, радиоинженер, техник, ғылыми қызметкерлер жатады. Міндетті түрде ағылшын тілін меңгеруі шарт. Ал кәріс тілін білетіндерге мүмкіндік мол. Олардың орташа айлық табысы 3350, жылдығы 40 мың АҚШ доллары көлемінде.
Үш бағыттағы жұмыс бар: фабрика, ферма, құрылыс. Бұл елде пенсия деген атымен жоқ. Бірақ халқы бұған үйренген. Жұмыс істеуге қабілетті.
Оңтүстік Кореяда салық екі түрлі: Жергілікті және ұлттық. Оның ішінде ұлттық салық 80,2 процент, жергілікті салық 19,2 процент. 10 пайыз Табыс салығын салуды жүзеге асырмақ болды, оны өткір әлеуметтік мәселеге жұмсау үшін. Алайда ол шешімін тапқан жоқ.
Кореяда ресми орташа жалақы бір сағатқа 5 доллар. Ал, екі ауысымда қалып істеуге де болады. Ондай жағдайда жалақы мөлшері артады. Ол жақта Үндістан, Малайзия, Қытай, Непал, Ресей, Қазақстан, Орта Азия, Монғолия секілді елдер азаматы көп.
Ресей азаматтарына виза қажет емес. Келісім солай. Ал, туристің бір күнгі шығыны 2,8 мың рубльге жуықтайды.
Тұрғын үй қымбат, бір шаршы метр 5-8,5 мың доллар шамасында. Кейбір кәсіпкерлер Кореядан пәтер сатып алып, жалға береді. Бір жатын пәтер 367 доллар, ал қала орталығындағы бір бөлмелі пәтер 697 доллар, үш бөлмелі пәтер мың доллар шамасында.
Қытайдың сапасыз тауары мұнда жоқ, бәрі жергілікті өнім. Қазір мұнда жүзге тарта қызылордалық бар. Бір-бірімізбен араласып тұрамыз. Тек бос уақытта ғана, – дейді қызылордалық жігіт.
...Сұхбаттасушы жерлес ұйқыға кетті. Ертеңгі жұмысқа тынығып бару керек. Айтпақшы, Оңтүстік Корея мен Қызылорданың уақыт айырмасы 4 сағат. Қазір оларда жеті түн.
Журналистік ізденіс жасағанда бір нәрсені ескеру қажеттігін ұқтым. Біздің қоғамдағы келеңсіздік – өз отанын өзі тонап, мемлекет қазынасын сыртқа тасиды. Ал, Кореяда жұмыс істегендер заңсыз жолмен жүрсе де шеттен елге ақша әкелетін пайда бар. Көршілес Өзбекстан елі гастербайтер арқылы мемлекет қазынасын арттырып келеді. Мәселе осында ғой!

Қаныбек ӘБДУОВ

07 сәуір 2020 ж. 353 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

№49 (1650)

30 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 601 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам