Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Әкім болсам деп едім...

Әкім болсам деп едім...

Тасбөгет кенті әкімі болып тағайындалғаннан ұзақ жыл жөндеу көрмеген көшелерді асфальттап, ел есінде қалған бұрынғы әкім Пахуатдин Шамұратов жақында басқа қызметке ауысты. Әзірге, әкім орнында оның міндетін атқарушы бар. Кент жұртшылығын да жаңа әкімнің кім болатыны мазалайды. Қалай дегенмен, Тасбөгеттің өркендеуі тікелей әкім іскерлігіне байланысты болып тұр.
Өткен аптада қалалық мәслихат­тың кезекті сессиясынан кейін де­путаттар Тасбөгет кенті әкіміне үміт­керлер бағдарламасымен танысты. Бай­­қағаны­мыздай, кентті басқаруға екі азамат мүдделі. Бірі Қызылжарма ауыл­дық округі әкімінің орынбасары Сейдуәлі Әбдіқадыров болса, екін­шісі – қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Семсер Сыздықов. Екі үміт­кер де қалалық әкімдікте, бөлімдерде жұмыс істеген, жалпы басқару сая­сатынан хабары бар мамандар. Дегенмен басшы болу пәрмен берумен ғана шектелмейді, істі үйлестіре алу, жергілікті халықпен тіл табысу, түйткілді мәселенің түйінін тарқатып, дер кезінде шешім қабылдау, тұрғын­дардың жай-күйін ұғына алу сынды көптеген дүниені қамтиды.
Сонымен екі үміткердің сайлау­алды бағдарламасы тыңдалды. Ұққаны­мыздай, екі азаматты да толғандырған мәселе ортақ екен. Атап айтсақ, Сейдуәлі Әбдіқадыров егер кент әкімі болса, алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы аналарға баса көңіл бөліп, олардың мұңына құлақ салмақ. Сондай-ақ, кент жастарының бос уақытты тиімді пайдалануы үшін мәдени, қоғамдық жұмыстарға тарту, спортпен шұғыл­дану, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа тарту сынды жоспары бар. Өзекті болған жұмыссыздық деңгейін ша­ғын кәсіпкерлікті дамыту арқылы төмендетуді көздейді. Инженерлік-инфра­құрылымды дамыту, кенттегі көше­лерді жөндеу, жарық бағаналарын орнату, сонымен бірге қоғамдық тәртіп, қылмыс пен құқық бұзушылық әрекетті болдырмауда  құзырлы органдармен бірлесе жұмыс атқаруды да ұмытпақ емес. Ең бастысы Тасбөгеттің әлеу­меттік-экономикалық даму жоспарын әзірлеп, даму көрсеткішін арттырамын, салық базасын кеңейтемін деген мақсаты бар екен.
Ал, бүгінде қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарып отырған Семсер Зұлпыхарұлының да жұмыс жоспары осы тектес. Баяндамасын Төле бидің даналық сөзімен бастаған ол жігіттің арманы мен мұрат-мақсаты елге қызмет етіп, алғысқа бөлену екенін тілге тиек етті. Ауызбірліктің арқасында толағай табыстарға жетуге болады деген үміткер бұл жолда кент тұрғындарымен бірлесе жұмыс жасау ең басты міндеті екенін нақтылады. Бұдан соң кенттің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін жақсартуға кірісу.
Сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, шағын және орта бизнесті дамыту үміткердің жоспардағы бастапқы міндетінің бірі. Бұл ретте ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласы бойынша мемлекеттік бағдарлама әлеуетін пайдаланбақ. Осылайша аталған саланың дамуына жол ашпақ ниетте. Әсіресе, кәсіпкерлік бағытта тұтынушы сұранысы, заман талабына сай тауар өндіруде тың бастама ойластырып, жүзеге асыру, инвестор тартуды көздеп отыр. Сол арқылы жергілікті бюджеттің нығаюына да сеп болмақ. Салықтық түсімдерді ұлғайтуда, кенттің инфрақұрылымы мен құрылысын өркендету, қоғамдық саяси ахуалды тұрақтандыруда да көкейде жүрген кескіндері бар екен. Мәселен, «Сабалақ» саяжайында мектеп, балабақша салып, ауыз су тартып, электр жарығын орнатып, жолдарын жөндемек. Жастардың теріс ағым жетегінде кетпеуі де Семсер Сыздықовты толғандырған мәселенің бірі. Үміткерді ұрпақ тәрбиесі жиі толғандырса керек, білім беру, спорттық бағытта да біршама мүддесі бар. Соның ішінде балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға ерекше көңіл бөлмек.  Бұған қазіргі саладағы қызметі әсер етсе керек. Жіпке салып тізбектесек жүзеге асатын жоспары, арман, мақсаты да көп. Тек оны орындау үшін қажетті лауазымға тағайындалуы керек. 
 Екі үміткердің әкім болса атқаратын тірлігін халық қалаулылары мұқият тыңдады. Бірақ, Тасбөгеттегі түйткілдерді білмеді ме әлде зауқы болмады ма ешкім баяндамадан қалыс кеткен тұс таппады, сұрақ қоймады.
Енді қос үміткердің қайсысы Тасбөгет кентінің тұтқасын ұстайтыны алдағы уақытта өтетін сайлауда депутаттар таңдауы шешпек.
 
Айдана САЙДУЛЛА
08 қыркүйек 2020 ж. 275 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (1676)

29 қыркүйек 2020 ж.

№74 (1675)

26 қыркүйек 2020 ж.

№73 (1674)

22 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 11 210 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам