Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КӨЗІЛДІРІК КИГЕНДЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

КӨЗІЛДІРІК КИГЕНДЕР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

  Жаңа зат, жаңа киім алғанды кім жек көрсін? Дүкенге кіре бергенім сол еді, алдымнан құдайы көршім ұшыраса кетті. Екі баласын жетектеп алыпты. Жүзінен қуаныштың лебі есіп тұр. Жөн сұрастық.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларым бір қуансын деп екеуіне екі ұялы телефон сатып алдым, – деді көршім. – Амал жоқ, бірге оқитын оқушылардың бәрінде бар екен. Қазіргі заманның балалары осындай қалта телефоны болмаса, өздерін бір түрлі санайды емес пе? Көршім осылайша күле қарады. Көзім еріксіз балаларының қолындағы ұялы телефонға түсті. Екі телефон да 90 мыңнан кем емес. Ары қарай не айтарымды білмей үнсіз қалдым. Өйткені, бұл – қазіргі өмір шындығы.
Телефонның пайда болуы адамзат үшін үлкен жаңалық екені шындық. Айшылық жерден жылдам хабар алудамыз. Оған айтар дау жоқ.
Оқушы кезімізде ұялы телефон біздер үшін таңсық еді. Оған қалтасы қалың адам ғана қол жеткізе алатын. Ал, қазір онсыз өміріңді елестету мүмкін емес. Көлікте отырсақ та, жаяу жүрсек те, жатсақ та, тұрсақ та одан айырылмайтын халге жеттік. Тіпті, қалта телефонды үйіңде ұмытып қалдырып кетсең, далада жалғыз қалғандай сезінесің өзіңді.
Телефондардың дамығаны соншалықты, олар кішігірім компьютерге айналды. Ал ішінде адам үшін не керектің бәрі бар. Бұған, әрине, қуанасың. Дей тұрсақ та, осы байланыс құралын біз дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Мәселе осында. Айтпағым, адамдардың ұялы телефондарды қолдану аясының тым шектен шығып бара жатқандығында. Тіпті, соңғы кезде ол еңбектеген баланың ермегіне айнала бастады. Қазіргі бүлдіршіндер бұрынғыдай ата-анасынан тәтті дәметпейді. Олардың сұрайтыны – планшет, ноутбук, ұялы телефон. Жылаған сәбиіне телефон беріп жұбататындар да жоқ емес. Ал, осы ақпараттық технологиялардың адам денсаулығына тигізетін зияндылығы туралы бір сәт ойланып көрдік пе?
Біздің балалық шағымызда мектептегі сыныптастарымыздың ілуде біреуі ғана көзілдірік тағатын. Кітапты көп оқығанның әсері ғой дейтінбіз. Ал, қазір мектепке бас сұға қалсаңыз немесе көшедегі балаларға көзіңіз түсе қалса, көзілдірік киген оқушылар қатары артып кеткен. Әрине, көп оқығаннан емес, осы телефонның зияндығынан. Оны көбіміз білсек те, оған тәуелдіміз. Мониторға тесіле қараудың салдары бұл. Бұрындары көзілдірікті көп киетін қытай, кәріс елдеріне таңғалатынбыз. Шыны әйнектің арғы жағынан қарайтын ұрпақтың көбейіп бара жатқаны, тіпті де ата-аналарын алаңдатпайтын секілді.
Қандай зат болсын, орынсыз пайдалансаң опық жегізеді. Әсіресе, электромагниттік сәулелер шығаратын құралдарды ұзақ уақыт тұтыну адам денсаулығына өте зиян келтіреді. Мұны дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, соңғы 10 жылда жарты сағат ұялы телефон көрген адамның көру қабілетін нашарлатып, тіпті, мидың қатерлі ісігіне душар ететінін мамандар дәлелдеген. Әсіресе, жас жеткіншектерге екі есе қауіп төндіреді екен. Сондықтан, Еуропа елдері ұялы телефондарды балалардың ұзақ пайдалануына тыйым сала бастады. Мысалы, Ұлыбританияда ұялы телефон сатып алсаңыз, сізге ол туралы ақпараты бар парақшаны қоса береді. Ал, Францияда ата-аналарға өз балаларын қанша уақыт сөйлесетінін қатаң қадағалау керектігін ескерткен. Ал, бізде қалай? Бізде әзірше ондай құралдарға тек қызығушылық жағы әлі басым.
Ұялы телефонның түрі өте көп. Олар жылдан-жылға, керек десеңіз ай сайын дамып жатыр. Қазір жеткіншектер арасында бәсеке басталды. «Балалардың бар тілегі – озық үлгідегі телефонға қол жеткізу» дейді кез келген оқушы.
Сабақ үстінде бұрынғыдай тәртіпсіздік танытатын қазір бала жоқ. Өйткені, ондай әрекеттерге олардың уақыттары тапшы. Бар жұмысы – ұялы телефонға телміріп отыру. Қазір хат-хабар жазып, әңгіме-дүкен құратын небір әлеуметтік желілер пайда болды. Үзіліс кезінде де оқушылар телефонның ішіндегі әлемге еніп кетеді. Осының салдарынан жеткіншектер арасында көзілдірік тағатындар көбейіп барады. Өз басым мектеп қабырғасындағы балалардың бәріне бірдей өте қымбат ұялы телефон ұстауларына тыйым салынса деген көзқарастамын.
Бала – өмірдің қызығы. Әр ата-ана баласының қуанғанын қалайды. Керегін алып беруге тырысады. Өйткені, бұл өмірде оның бал-бұл жайнап жүргенінен артық бақыт жоқ. Бірақ, баладан ешнәрсені аямаймыз деп жүрген әрбір ата-ана өзнінің балаларының болашағын әріден ойласа екен деймін?! Олардың мөлдіреген жанары мен денсаулығына ешнәрсе де жетпейтіні анық. Бала келешегін ойлаған әрбір ата-ана осылай жасаса керек.

Динара САЙЛАУ,
№176 мектептің мұғалімі.
Қызылорда қаласы.
26 желтоқсан 2017 ж. 1 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (1626)

07 сәуір 2020 ж.

№25 (1626)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 111 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам