Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » САРЫАРҚА ТӨРІНДЕГІ СҰЛУ ҚАЛА

САРЫАРҚА ТӨРІНДЕГІ СҰЛУ ҚАЛА

  Отанымыздың жүрегі мен тірегі – Астана қаласына биыл 20 жыл толмақ. Тарихқа зер салсақ, бұл шаһар 1832 жылы Есіл өзенінің жағасында, Қараөткелдің тұсында Ақмола бекінісі ретінде салынған. 1863 жылы Ақмола қала болып жарияланған. Содан 1960 жылдың желтоқсан айында құрамына еліміздің солтүстік облыстары кіргізіліп, тың игеру аймағының орталығына айналды. 1961 жылға дейін ол Ақмола, 1961 жылдан 1992 жылға дейін – Целиноград, ал 1992 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта қайтадан Ақмола деп аталды. 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Сарыарқа төсіндегі шырайлы шаһар тәуелсіз Қазақ елінің астанасы мәртебесіне қол жеткізді. Ал, 1998 жылы қазіргі Астана атауын иеленді. 1994 жылы 6 шілдеде еліміздің бас қаласын Ақмолаға көшіру туралы шешімнің қабылдануы – арғы-бергі тарихындағы ерекше оқиға. Бұл оқиға бірден оңайға соқпағаны белгілі. Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «1994 жылы 6 шілдеде Парламент Мәжілісінде мен астананы көшіру туралы идеяны жария еттім. Сол кезде жұрттың бәрі мені қолдаған жоқ. Көп адамдар мұны ақылға сыймайтын әрекет деп есептеді. Өйткені, елдің жағдайы ауыр болатын. Жалақы, зейнетақы уақытында төленбей жатты. Ал енді біреулер астананы көшіру идеясын қолдағанның өзінде бұл шешім 2030 жылсыз жүзеге аспайды деген ойда болды. Дегенмен, осылай үш жыл өткенде депутаттардың өзі пойызбен жаңа астанаға көшіп келді. Енді шешімнің дұрыс болғандығына ешкім де күмән келтіріп, дауласпайды» деп жазған-ды.
Қаншама қиыншылықтар орын алды. Елбасы қаланың сәулеттік келбетін ерекше назарда ұстап, шаһар басшылығына тың тапсырмалар берді. Оның мінсіз атқарылуын барынша қадағалауы жайында осы кітапта баяндалады. Соның нәтижесінде жаңа ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Осындай тынымсыз тірліктің арқасында іс алға басады. Мұны нағыз ерлік деп бағалауымыз қажет. Есілдің сол жағалауын игеру барысында қомақты инвестиция тарту үшін Ақмола экономикалық еркін аймақ есебінде жұмыс жасай бастады. Ондағы мақсат қаланы салықтан босату еді. Осыдан бастап қала құрылысы еселене түседі. Өндіріс ошақтары көптеп ашылады. Айта кету керек, елорданың қарқынды дамуы осылайша ерекше екпінмен бастау алады. Елордада үш әкімшілік аудан құрылды. Олар – Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандары. Сөйтіп оның аумағы үлкейе түсті.
Өткен жылы Астанада тұрғындар саны миллионнан асты. Ел дамуының символына айналған көрікті Елорда барша қазақстандықтың мақтанышына айналды десек, қателеспейміз. Сарыарқа төрінен орын тепкен сұлу Астанада – барша адамзатты бейбітшілікке, ауызбірлікке үндейтін алқалы жиындар мен басқосулар жиі өткізіліп келеді. Ол Отанымыздың имиджіне оң әсер етіп қана қоймай, әлемдік татулықтың нығая түсуіне ықпалын тигізіп отыр. Қазақстанның алтын темірқазығына айналған ару шаһардың жиырма жыл ішінде бағындырған биіктері мен алған асулары жетерлік. Есіле ағып жатқан Есіл өзенінің екі жағынан бой көтере түскен сәулеті мен биіктігі таңғалдыратын ғимараттар дүние жүзіндегі дүйім жұрт алдында мерейімізді өсіре түседі.
Мен бозбала кезімде, осыдан 46 жыл бұрын Целиноград болып тұрған шағында жолым түсіп барған едім Ол кездегі бет-бейнесі мүлдем бөлек. Мен көрген Целиноград қаласы өте шағын, көрікті жерлер аз болатын. Қаланың 7-8 шақты көшесінде ғана асфальт бар, қалғанында тас төселген. Қалада орыс мектептері көп. Қазақ мектебі жалғыз. Онда да ол Целиноградтың шетінде көрінеді. Көшелері шағын, кішкентай екенін байқадым. Жер үйлері де біздің жаққа қарағанда жатағандау секілді көрінді. Әр жерде көпқабатты үйлер бар. Өйткені, қыстың қатты болуына байланысты баспана шағындау етіп салынады. Ол жайында жергілікті адамдардың айтқанынан естідім. Шындығы сол, көшелері көбіне лай, ми батпақты еді. Жерасты су болуы керек, бетіне көлкіп шығып жатты. Сол кездегі бет-бейнесі біздің Қызылордадан артық емес көрінді маған.
Астанада бірнеше мәрте болып қайтқан Есенжол ағамыз бұл жөнінде өз ойын білдірді. Сол жылдар ішінде елорданың құмбыл өзгергенін көріп, одан алған әсерлерімен бөліскен-ді. Ес ағай алдымен осыдан он сегіз жыл бұрынғы барғанын былай деп еске алған-ды.
– Шынын айтайын, астананы Ақмолаға көшірді дегенін естігенмен, дәл мынадай ұлы өзгерістерге жол ашылады деп ешқашан ойлаған емеспін. Сол баяғы ескі қала орнында тұрған шығар деп ойлаған едім. Ондағы тұрғызылған зәулім үйлер мен ғимараттарды көргенде түс көргендей күй кештім. Баяғы көшелер атымен жоқ. Бәрі түбегейлі өзгеріп кеткен. Қала құрылыс алаңына айналған. Қызу жүріп жатыр. Алып крандарды көргенде берекелі бірлік пен тиянақты тірліктің жүріп жатқанын аңғару қиын емес. Құрылыста адамдар өріп жүр. Еліміздің әр аймағынан келіп, жұмыс жасап жатқандар болуы керек. Бірнеше мөлтек аудандар бой көтеріпті. Қала шетіндегі көшелері асфальттанып, жаяу жүргіншілер жүретін табанжолдар салынған. Адам танымастай мүлдем басқа қалаға айналған. Баяғы көлкіп жатқан судың ізі де жоқ. Соңғы архитектуралық үлгіде салынған көптеген әсем ғимараттар көрген адамды ерекше әсерге бөлейді.
Осыдан бес жыл бұрын Астанаға тағы барудың сәті түсті. Бұл жолы айтулы жерлерін түгелдей аралап шықтым. Ақорда, Парламент ғимаратын, Үкімет, Министрлер үйі, көптеген ұлттық компаниялар мен биік сауда үй кешендерін сырттай тамашаладым. Алып «Бәйтерек» стелласына шығып, тәуелсіз мемелекетіміздің берекелі өміріне шүкірлік еттім. Пирамида пішінінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайын, «Хан шатыры» және де басқа да көңіл көтеру орталықтарын, жабық стадионды, 3500 орындық концерт залын, Аквариум орталығын аралап көрдім. Әсіресе, ұшатын тарелка секілді Цирк ғимараты мені қатты таңғалдырды. Бірінен-бірі сәулеті асып түсетін жаңа ғимараттарды түгелдей айтып шығу мүмкін еместей. Мұның бәрі осыдан бес жыл бұрын көргендерім еді, – деді ағамыз.
Астана – қазақ елінің айшықты ақ ордасы, бейбітшілік пен келісімге бастайтын киелі мекен. Мәңгілік елді жасампаздыққа жетелейтін, бірлік пен татулық болмысты паш еткен бейнелі қала. Өркендеу жолында өрісті қадамдарға жол көрсетіп, Қазақстанды мекендеген көпұлттың достығы мен дәстүрін сақтауда әлем елдері арасында үлгі болуда. Қазақ елінің тірегі мен жүрегі сен – Астана! Мәңгі жасай бер, жайнай бер! Тәуелсіздіктің бойтұмарындай қасиетті шаһар әрбір қазақстандықтың жүрегінде төрден орын алып, жер-жаһан жұрты алдында мәртебесі биіктей түседі деген сенім зор.

Кенжалы ЕРІМБЕТОВ. 





16 қаңтар 2018 ж. 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (1495)

11 желтоқсан 2018 ж.

№92 (1494)

08 желтоқсан 2018 ж.

№91 (1493)

30 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 155 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам