Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ӘЗІРЛІК ОЙДАҒЫДАЙ

ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ӘЗІРЛІК ОЙДАҒЫДАЙ

  Осы аптада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде екі мәселе қаралды. Алдымен қала басшысы бірқатар тағайындау жайында хабарлады. Бұған дейін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қайрат Әбсұлтанов енді облыс әкімінің келісімімен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары болды. Ал, Қызылжарма ауылдық округінің әкімі қызметінде болған Берік Сәрменбаев ендігі кезекте қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Қала әкімі жаңа қызметтеріне сәттілік тіледі.
Мәжіліс барысында алғашқы мәселе – қаладағы «Өрлеу» бағдарламасының орындалуы және жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмектің жүзеге асырылуы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова баяндады.
Аталмыш пилоттық жоба негізінде табысы аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек көрсету 2015 жылдың шілдесінен бастап жүзеге асырылып келеді. Бұл – күнкөрісі төмен отбасыларға әлеуметтік көмек бағдарламасындағы жаңа бағыт. Бөлім басшысы бағдарлама аясында 3 жыл ішіндегі атқарылған жұмыс барысын атап өтті.
– 2015 жылы қала және қалаға қарасты ауылдық округтер бойынша 166 отбасы қамтылып, оның ішінде 20-сы анықталып, 100 адамға 3,8 млн. теңге шартты ақшалай көмек төленді. Ал, былтыр ол барлығы 1846 шаңырақты құрады. Жалпы, еңбекке жарамды 96 адамның 41-і ақылы қоғамдық, 54-і тұрақты кәсіп тапса, 1-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Биыл жоспар бойынша 1942 адамды қамтуға республикалық бюджеттен 35,8 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 36,1 млн. теңге қаралды, – деді Г.Рахметова.
Бүгінде шартты ақшалай көмек алғандар келісім-шартта көрсетілген міндеттемелері бойынша өз кәсібін ашып, тірлігін бастап кетті. Олар жұмыссыздардың санын азайтып, кедейлік деңгейден шығу үшін отбасының белсенділігін арттырып, кіріс көздерін ұлғайтуда.
Оған қоса жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек туралы айтылды. Алдағы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа форматтағы бірыңғай жәрдемақы – атаулы әлеуметтік көмек енгізілетін болады. Бұл көмектің түрі – табысы аз отбасыларға арналған қолданыстағы үш әлеуметтік төлемді біріктіреді. Яғни, төрт және одан да көпбалалы отбасыларға арналған арнаулы мемлекеттік, 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалған мемлекеттік жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмек.
Бұл мәселе бойынша қала әкімі қалаға қарасты барлық ауылдық округтер мен кенттерде аталмыш бағдарламалар тиісті деңгейде атқарылуын тапсырды.
Ал, жылу маусымына дайындық жөнінде қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов баяндады. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізу мақсатында арнайы қалалық штаб құрылған. Атқарылған іс ауқымды. Қала бойынша барлығы 768 көпқабатты тұрғын үй болса, оның ішінде орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 654 және 372 жеке сектордағы тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Қалған 114 көпқабатты тұрғын үй автономдық жылу көздерімен пештік және газ отынын пайдаланады. «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнымен жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге 904 млн. 100 мың теңге қаралған.
– Кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы есебінен бу қазандығына және қосалқы қондырғылардың жөндеуі толығымен аяқталды. Сондай-ақ, 11,3 шақырым магистралдық, ауданаралық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді А.Шәменов.
Жалпы, қалада жылу беру маусымына өз деңгейінде әзірлік жасалды. Отын қоры да басты назарда. Алайда, коммуналдық қарыздардың көптігі көңіл көншітпей отыр. Бүгінде тұтынушылардың қарызы 470 млн. теңгені құрады. Оның ішінде жылуға қарызы – 308,1 млн. теңге болса, қалғаны ауыз суға қарызы барлар.
– Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырсақ, ол 56,9 пайызға төмендеген. Оның ішінде берешектердің 75-80 пайызы тұрғындар үлесінде. Қарызды азайту мақсатында коммуналдық кәсіпорындармен рейдтер ұйымдастырылып, 5943 талап арыз сот органдарына жолданған. Қазірде 1128 талап арыз бойынша 68,6 млн. теңгесі өндірілсе, қалғаны сотта қаралуда.
Бұл жайында шаһар басшысы тиісті орындарға талапты күшейтіп, жауапкершілікті арттыру керектігін қатаң тапсырды. Себебі, әрбір тұрғын тұтынған жылуы, ауыз суы үшін төлеуі тиіс. Оған қоса білім, мәдениет, спорт бөлімдері мен ауылдық округтер және Тасбөгет, Бөлкел кенттеріне сұйық, қатты отын қорының жеткілікті болуын ескертті. «Өйткені, биылғы қыс маусымына бәріміз де сақадай сай тұруымыз қажет. Халық алдындағы абырой баршамызға ортақ іс» деп қорытындылады қала әкімі.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

16 қазан 2017 ж. 276 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (1495)

11 желтоқсан 2018 ж.

№92 (1494)

08 желтоқсан 2018 ж.

№91 (1493)

30 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 156 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам