Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ОБЫР ҮКІМ ЕМЕС

ОБЫР ҮКІМ ЕМЕС

 Қатерлі ісік ауруларының алдын алу мақсатында облыстық онкологиялық орталығында «Обыр үкім емес» деген атаумен бір айлық ашық есік күні өткізілуде. Бүгінде елімізде бұл дертке шалдығатындар қатары артып отыр. Сондықтан ауруды ерте бастан анықтау үшін түрлі жобалар қолға алынуда. Солардың бірі – емханаларда жүргізілетін скринингтен тексерілу. Мамандардың айтуынша қазір бұл арқылы қаншама онкологиялық аурулар анықталып, алғашқы сатысында емдеуге мүмкіндік тууда.
Аталған шараны халыққа кеңінен насихаттау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды. Қазіргі кезде обырмен күресу мақсатында жастар денсаулығы орталығы да белсене жұмыс істеуде. Олар осыған байланысты қаладағы түрлі мекемелерді аралап, қызметкерлерден тестілеу шарасын жүргізуде. Соның нәтижесінде қауіп тобына жататындар анықталып, емханалар мен онкологиялық орталыққа келіп, тегін тексерілуде.
Денсаулығын сақтау – әрбір адамның өз қолында. Десе де, оның қадірін жете түсінбейтіндер қатары көп. Себебі, олардың ауруханаға дертін асқындырып, ауруы жанына батқанда ғана баратыны жасырын емес. Алайда, қандай қиындықтың да бір шешімі болатындай, қауіпті аурулардың да емі бар. Ол үшін тиісті орындарға уақытылы қаралып тұрса болғаны.
– Жыл басынан бері онологиялық қызмет саласында үлкен жұмыстар атқарылуда. Біз ай сайын түрлі іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Нәтижесінде аталған дерттің өлім-жітім көрсеткіші 10 пайызға төмендеді. Бұл – біздің орталықтың басты жетістіктерінің бірі. Тағы да айта кететін жәйт, онкологиялық ауруларды бірінші, екінші сатысында ерте анықтау бүгінде 58,4 пайызға жетіп отыр. Қазір аймақ бойынша 16 онкологиялық, 9 маммологиялық, 8 проктологиялық, 16 әйелдер, 16 ерлер қарау бөлмелері жұмыс істейді. Барлығы да ең соңғы замануи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, мұнда жоғары санатты мамандар қызмет атқарады. Сондықтан орталықта дәрігер тапшылығы сезілмейді. Айта кету керек, бір жылда шамамен 500-ден аса ота жасалады. Бүгінде ай сайын аурулардың түріне байланысты ашық есік күндерін өткізудеміз. Мәселен, қаңтар айы – жатыр мойны қатерлі ісігіне арналды. Ол кезде облыс бойынша 840 әйел тексеріліп, 96 ісік алды аурулары анықталды. Ал, қатерлі ісікке күдікті 10 әйел тексеруге алынды. Сонымен қатар, 1-10 ақпан аралығында дүниежүзілік қатерлі ісіктермен күрес күніне арналған онкүндік өтті. Онда 4749 адам қаралып, 420 ісікалды аурулар, 52 қатерлі ісік пен 895 өзге де аурулар белгілі болды. Енді «Обыр үкім емес» деген атаумен бір айлық ашық есік күнін жарияладық. Бұл аралықта ерлер мен әйелдер ауруханаға келіп, тексеруден толықтай тегін өтуге мүмкіндігі бар, – деді облыстық онкологиялық орталықтың бас дәрігері Сәкен Серғазиев.
Сондай-ақ, мұнда қатерлі ісікті ішкі қуыс ішілік және қашықтықтан гама сәулесімен күйдіріп емдеу әдісі қолданылады. Бұл жұмыстар «Терагам» құрылғысымен жүзеге асуда. Оның көмегімен дертке шалдыққан науқастардың барлық сатысы емделеді. Сәулені отаға дейін де, кейін де беруге болады. Мамандардың айтуынша, бүгінде жылына 700-ден астам емделуші осыны пайдаланады екен. Сонымен қатар, химия терапия бөлімі науқастарға сапалы қызмет көрсетуде. Айта кету керек, аурудың алғашқы сатысында химия алғандардың сауығып кетуіне толықтай мүмкіндік бар. Алайда, олар уақытылы тексерілуден өтіп, дәрігердің қатаң бақылауында болуы тиіс. Ал, отаға кіретін науқас мұны 4 рет қабылдайды. Өйткені, ол ісікті бір жерге жинап, ота жасауға алдын ала дайындайды.
Қарапайым халық қашанда онкологиялық дертке үрке қарайды. Өйткені, бұрын оның атын атамай «жаман» ауруға балаған. Қазір де көпшілік мұның соңы өлімге апарады деп ойлайды. Дегенмен, бүгінде дәрігерлер оны қате пікірге балауда. Себебі, жыл сайын обырды емдеудің түрлі тәсілдері қолға алынуда. Десе де, дертті асқындырып алмай, алдын алу үшін ашық есік күндерін пайдаланып, уақытылы тексерілу керектігін баса айтады.
Аталған орталықта паллиативтік көмек көрсету бөлімі жұмыс істейді. Ол жерде науқастар емнің барлық түрін алып, еш нәтиже болмағаннан кейін жатқызылады. Атап айтсақ, олар қатерлі ісіктің үшінші, төртінші сатысындағы аурулар. Негізінде бұл бөлімше 30 орынға арналған. Десе де, қазір 16 науқас бар. Олар мұнда өзінің соңғы күніне дейін жатуға құқылы. Мәселен, туысқандары үйге алып кетем дегенше 30-45 күндей болады. Бір өкініштісі, мұнда тек оларға ауруды уақытша басатын дәрілер ғана беріледі.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.

23 қазан 2017 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (1495)

11 желтоқсан 2018 ж.

№92 (1494)

08 желтоқсан 2018 ж.

№91 (1493)

30 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 126 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам