Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАЛАУЛЫМ ҚАЛАУЛЫ БОЛМАЙ ТҰР

ҚАЛАУЛЫМ ҚАЛАУЛЫ БОЛМАЙ ТҰР

 Махаббат деген ең кіршіксіз, таза, асыл сезім жүректегі... Бұл тақырып жайында қолына қалам алып, тебіреніп жазбаған ақын-жазушылар қалмаған болар. Иә, осынау қымбат сезімді ойлай түскенде бұрынғының Лəйлі мен Мəжнүні, Қыз Жібегі мен Төлегені, Қалқаман мен Мамыры, Қозы Көрпеш пен Баяны елестей түседі.
Ал, оның бергі жағы өз ата-әжеміздің, әке-анамыздың арасындағы махаббаты да ерекше... Үлкендердің қалай қосылғаны, шаңырақ көтергені біздер үшін қызық. Неше түрлі сұрақ қойып, мәз болатынбыз. Бұрынғының көнекөздері көбіне бір-бірін атастыру арқылы бас қосқан. Тіпті, екеуі мүлдем танымайды, көрмеген. «Бізде махаббат деген сол» деп қысқа қайыратын.
Енді 1960-1970 жылдар аралығындағы жастар кинотеатрда, үйдегі отырыстарда танысатын. Соңы махаббатқа ұласып, артынша алып қашуды ұйымдастыратын. Анам айтады: «Қыз – арлы, жігіт – намысты болуы керек. Біздің кезімізде ұят деген басым болды. Нәзік жандылар ешқашан өз сезімін білдірмеген. Ерге тіке қарамаған. Біздегі тәртіп солай» деп сол тәрбиені бізге берді. Иә, қыз жүрегіндегі сезімін сыртқа шығармай, ішінде ұстаған.
Ал, қазіргі қыздар қандай? Қайда жүр?
«Қалаулымда» жүр... Жақында осындай жоба ел назарына ұсынылды. Жоба өмірлік серігін жолықтыруды армандап, отау құрғысы келетін жандарға арналған. Көрсетілім барысында көптеген қызықты жайттар мен тосын сыйлар орын алады. Екі жастың танысу сәтінен бастап, шаңырақ көтергенге дейінгі кезеңдері көрерменнің көз алдында өтеді.
Кезінде жауырынды, бір сөзді, уәдеге берік, тік мінезді ер-азаматтар қыз үшін, оның махаббаты үшін күресетін. Бір Жібекке таласқан Төлеген мен Бекежанның тартысы секілді. Бірақ, солардың ізбасарлары қайда? Олар да «Қалаулымда» жүр ме дерсіз...
Әлеуметтік желіні ашсаңыз да, ағайынмен әңгімелесе қалсаңыз да, теледидарды қоссаңыз да – «Қалаулым». Көпшіліктің қызу талқысында жүрген соң, бірер шығарылымын мен де қарадым. Ішінде жасы жиырмаға жетпеген бойжеткен мен бозбаладан бастап, оң жақта отырған қыздар мен сүрленген бойдақтар да бар. Арасында отбасын құрып, ажырасқандары да жоқ емес. Қатысушыларға қарасаңыз, бір-бірінен өткен ақылгөйсымақтар. Кейде сөзге келіп, төбелеске де ұласып кететін жайттар да болды. Мұндайға не дейсіз?
Жігітті өзі іздеп келген қыз. Оны таңдамаған жігіт немесе керісінше... Танысады, нақты табыспайды. Өздерінің де, көрерменнің де уақытын алады. Уақыт демекші, бұл бағдарлама ауылдағы ағайынға ұнаса керек. Оларға шәй үстінде талқылайтын тақырып табылды. Осы жақында ғана бір ағаларымыз айтып еді. Түскі үзілістің кезінде сырттан ешкімді таппайсыз. Себебі, бәрі шәй ішіп, дастарқан басында «Қалаулымды» көруге кіріседі. Ол кезде ешбір жан мазаламауы керек. Мұндай сәт ұры-қарыларға тиімді болса керек. Сөйтіп, әлгі ағайынымыздың көлігінің моторын алып кетіпті. Бағдарлама біткен соң, ағай ауласына шықса, сондай «сый» күтіп тұрыпты. Егер естеріңізде болса, осыдан біршама жыл бұрын түріктің «Бериван» атты сериалы шықты. Сол кезде де ауылда жиі ұрлық болатын деп еститінбіз. Міне, сол сәт тағы да оралғандай кейіпте қалдық.
Аталмыш аты шулы бағдарламаға оралайық. Қазақтың қаракөзі қашаннан бері ашықтан-ашық жар іздеген? Жастардың басын қосу бұрындары жеңгелердің бір міндеті еді. Күні бүгінге дейін қыз бен жігітті қосатын жеңгетайлар ауыл-аймақтарда бар ма? Әлде, бүгінде мұндай асыл жеңешелердің саны азайып, кезек бағдарламамен алмасты ма? Әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі сақталған қазақ деген атымызға сай ма, бұл? Ол ток-шоу болғандықтан, кейіпкерлердің қаншалықты шынайы екендігіне қатысты дау көп. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың сөзіне сүйенсек, бәрі тікелей эфирде шынайы өтеді деседі. Бірақ, қайдам...
Көрермендер көзқарасы қандай?
Қайыркүл Балманова, 62 жаста:
«Бағдарламаны үйде болған кезімде көремін. Негізі, орыстардан алған шоу ғой. Бәрі бірсарында өтеді. Жастар танысып, кездесуге кетеді. Ұнамады деп сылтау айтып қайтып келеді. Сонымен махаббатқа тәмам.
Біздің кезіміздегі сезіммен салыстыруға мүлдем келмейді. Ол кезде қыздар жігіттің көзіне тік қарамайтын. Өте сыпайы, инабатты келетін. Ал, жігіттері намысшыл, еңбекқор, ержүрек, нағыз ерге лайық мінезді. Соған қарағанда махаббаттары да берік, уәдені орындай алатын, төзімді, соңына дейін күте білген-ау деп ойлаймын. Міне, сол сезімдер керемет... Ол қайтып келмейтін тамаша кез. Бүгінгідей елдің алдына ашық шықпайтын. Шыққан да емес. Тап-таза сезімді жүректе жасырып ұстаған сәт. Біз бір сыныпта оқысақ та есік алдына келмейтін. Үлкендердің көзіне түсіп қалса, кітап сұрап келдім деп сылтау айтатын. Біздің кезде қазіргідей телефон жоқ болды. Хат жазатынбыз. Міне, сонысымен қызықты».
Ақгүл Абдрасулқызы, 28 жаста:
«Бұл жәй ғана ойласып жасалған шоу сияқты. Қара пиярдың бір түрі ғана. Санасы бар адам көрмейді деп ойлаймын. Әрине, әркім өздері біледі. Тек енді өсіп келе жатқан жастарға зияны тие ме деп қорқамын...
Жалпы, махаббат, шынайы сезім бүгінде бар. Қазіргі кемшілігі – ашықтық. Барлығын желіге жариялап көрсеткен соң қызықсыз болып қалады. Жеңіл жүрістілер мен ер-азаматтардың азғындауы бұрында да болған. Тек ол кезде мұндай телефон болмаған. Өзін әдемі ұстап, барлығын өз уақытымен жасап жүрген қыз-жігіттер баршылық. Олардың арасында сыйлап, сүйіп отбасын құрып отырғандары да бар. Сондықтан махаббат жоқ емес, бар. Тек жариялылық және еліктеу басым деп ойлаймын».
Біздегі мақсат – бағдарламаны даттау да, мақтау да емес. Тек бір ғана нәрсе, басқаға еліктейміз деп елді есіртіп жібермесек болғаны...

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
07 қараша 2017 ж. 900 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (1437)

15 мамыр 2018 ж.

№34 (1436)

11 мамыр 2018 ж.

№33 (1435)

06 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 811 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам