Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӘЗІЛ АЙТУДЫҢ ДА ОРНЫ БАР

ӘЗІЛ АЙТУДЫҢ ДА ОРНЫ БАР

Сөз қадірін біліп, әрбір айтылған сөзді бағамдап, зерделей білетін дана халқымыз қашаннан әзіл-қалжыңға өте жүйрік келеді. Бір-бірімен тонның ішкі бауындай аралас-құралас өмір кешіп, өзара сыйласып, ретімен әзілдесуге келгенде біздің қазақ өте шебер халық. Әсіресе, бұрынғы замандас аға-апаларымыздың бір-біріне деген бүкпесіз шынайы көңілі мен жарасымды қалжыңы әдемі сыйластықтың биік үлгісін көрсететіндей. Ебін тауып, шамына тиер сөз айтпай-ақ арқа-жарқа болып жатқаны. Сонда досының сөзін көтере алмай, теріс қарап өкпелеп жатқан жанды көрмейсің. Бәрі шынайы, ақеден пейілді замандастардың бір-біріне деген ерекше, риясыз көңілі. Расында, орнымен қалжың айта білу – ұжымда да, отбасында да, жора-жолдас арасында да береке-бірліктің, өзара құрметтің сақталуының бір кепілі. Мұндайда қазақ «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дейді. «Әзілің жарасса» дегеннен шығады, қайбір күні осындай орынсыз қағытпаның соңы үлкен дауға ұласа жаздағаны бар. Жасыратыны жоқ, қазір көп жастар орнын білмей, артық сөйлеп жатады. Сөйтіп, көп алдында ұятты болып, қызарақтап қалатын жәйт жиі кездеседі. Өмірде әркімнің мінезі әртүрлі. Бірі қалжыңға қалжыңмен жауап береді, ал енді бірі сілкініп, сөзбен түйреп өтеді.Жақында сондай бір жағдайға куә болдық. Аға буын өкілдері мен жастар бас қосқан жиында орынсыз бөсіп, сөздің сиқын кетірген бір замандасымызға сонда отырған бір ақсақалдың зілді жауап қайтарғаны бар. Жиналған көпшілік үлкеннің алдына түсіп, бейәдептеу сөйлеген жігітке қарап, мәрт көңілді ағаларымен әзілдескені болар деп үнсіз түсіністік танытты. Десе де, көп жасамаса да, өмірден көңілге түйгені көп сондағы бейтаныс кісі: «Сен шырағым, былайша бәдік айтуыңды қой. Оқыған сауатты азаматсың, қазақ әуел баста қандай адамды бәдік деп атағанын білетін боларсың. Орынсыз әзіл қашанда адам баласына абырой әпермеген. Жөнсіз сөйлеп, сүйкіміңді кетіру – азаматтығыңа сын. Өзіңнен үлкенге айтылатын сөз бар, айтылмайтын сөз бар. Осы екеуінің ара-жігін бағамдай білгейсің. Бұл – менің саған айтар ағалық ақылым. Ал, достарыңның арасында қалай қалжыңдасам десең де жарасымды» деді. Жағадан алып, жеки сөйлемесе де, салмағы ауыр сөзбен жәй ғана ұғындырып өтті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» демекші көп алдында ұятты болған ана жігіттің түрі сол сәтте өрт сөндіргендей екі беті лезде алаулап кетті. Сөйлеген жөнсіз сөзі өзіне қайта жұдырық болып тигенін енді ғана сезінгендей. Кешірім сұрағаннан асып, ештеңе айта алмады. Осыдан-ақ сол жердегі көпшілік сөз құдіретінің абыройға тигізер ықпалын тағы бір мәрте ұғынғандай болды. Расында, адамды ер қылатын да, жер қылатын да – айтылған сөз ғой. Сондықтан да болар, бабаларымыз отыз екі тістен шыққан сөзге абай болуды, сөйлер сөзіңді іштей таразылап барып айту керектігін дәйім еске салып келген. Жалпы, біздің халық ұғымында әзіл тәрбие құралы ретінде қолданылған. Мәселен, құмырсқаға да қылдай қиянаты жоқ мәрт көңілді халқымыз бір адамның ерсілеу қылығын көрсе, оның көңіл-күйіне тимейтіндей етіп сездіртіп, ұялту үшін де астарлап әзіл айтып отырған. Сондай-ақ, көпшіліктің көзінше баласы ата-анасын орынсыз қағытып, шектен шығып бара жатса, «Жылайын деген бала әкесінің сақалымен ойнар» деп қана жеңіл сөзбен шымшып ескерткен. Негізі, әзіл айта білуде, күлдіре білу де, оны көтере білу де – өнер. Бұрын үлкен атамыз балдыздыққа салып әзілдеп, жездесінің насыбай шақшасына қара бұрыш салып қоятынын айтып күлдіруші еді. «Сонда пәтшағардың бір қабақ шытып, тоңқылдағанын көрмейтінбіз» деп отыратын. Жалпы, біздің көреген бабаларымыз қай заманда да қағытпа-қалжыңды тиімді қолдана білген. Дос-жарандар мен құрбылар, жезде мен балдыздың, жеңге мен қайыніні-қайынсіңлілердің, нағашы мен жиеннің арасында айтылар әдемі жарасымды қалжыңдар соның дәлелі. Тіпті, ертеректе осындай жандардың арасында болған екеуара қалжың әлі күнге дейін сақталып, бүгінде отырыстарда көңіл көтерер әзіл әңгімелерге арқау болып жүрген жайы бар. Ал, қалжың түсінбей, тез шамданып, дау шығаратын жандарды «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары жүреді» деп ондайлардан іргесін аулақ салуды жөн санаған. Десе де, ар-ибадан аттап, көңілге кірбің түсірер сөздерге абай болған. Қалай десек те, әзілде кек жоқ. Ал, әзіл туғызған күлкіде шек жоқ. Ендеше, ағайын-туыс пен дос-жаранның ортасын әзілмен әрлеп, күлкімен көмкеріп жүргенге не жетсін?

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
07 қараша 2017 ж. 454 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1474)

25 қыркүйек 2018 ж.

№71 (1473)

22 қыркүйек 2018 ж.

№70 (1472)

18 қыркүйек 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 632 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам