Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жазғы демалыс қызығы

Жазғы демалыс қызығы

Жадыраған көк майсалы жаз салтанат құрды. Жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары осы күндерді мағыналы өткізуге тырысады. Ауыл баласы – қалаға, қала баласы – ауылға асығатын кез дәл осы шақ. Оқудан босаған өрендердің кейбірі демалыс лагеріне барады.

Қаламыздағы білім беру ұйымдары балғындардың демалыс кезеңін қызықты өткізу үшін барлық жағдайды жасады. Жыл өткен сайын оған айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның дәлелі ретінде лагерьлерде демалатын оқушылар саны артқанын айтуға болады. Қоғамның басты байлығы – бала. Сол үшін де балғындарға қажетті мүмкіндіктер қарастырылып, олар маңызды науқан кезінде ұмыт қалған емес. Қалалық білім бөлімінің деректеріне сүйенсек, маусым айынан бастап демалыс орындары балдырғандарға есігін айқара ашты. Биыл жазғы кезеңде облыс орталығындағы көптеген мектепте күндізгі тынығу орындары жұмыс жасап, онда 3900 бала қамтылады деп жоспарланған. Оның ішінде 12 мектеп жанында толық күндіз жатын орындары бар лагерь ошақтары ұйымдастырылса, 42 білім ордасында бір мезгілді күндізгі орын ретінде қызмет көрсетті.
Сонымен қатар, қалалық білім бөліміне қарасты «Сырдария» балалар сауықтыру лагері де жас өрендердің шаттыққа толы орнына айналды. Мұнда қазіргі уақытта бүлдіршіндер үшін қызықты күндер өтуде. Аталған орында 7 ауысымда 1400 бала, оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан 650 балғын тегін демалмақ. Қалалық білім бөлімінің бас маманы Гаухар Құдайбергенованың айтуынша, жас жеткіншектер онда бес мезгіл тамақтанып, түрлі ойындар ойнайды.
– «Сырдарияда» жас буынның бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында «Шеберлер ауылы» жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын арнайы этноауыл қызмет көрсетеді. Лагерьлерде спорттық үйірмелер бар. Мәселен, онда баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат және асық ату, арқан тартыс, сиқырлы таяқ, алтыбақан секілді ойындар дәріптеледі. Оқушылардың бос уақытты қызықты әрі тиімді өткізу үшін барлық жағдай қарастырылған. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың тынығуы да назарға алынған, – деді ол.
Айта кеткен жөн, лагерь өз жұмысын замануи бағытта жандандырып отыр. Демалыс орнында жасөспірімдердің тынығуына барынша қолайлы мүмкіндік бар. Бұл жердегі би, қолөнер, ән, ойын, спорттық-сауықтыру үйірмелері оқушыларды қызықтыра түседі. Мұнда 4 жатын ғимараты, медициналық, тіс емдеу кабинеттері ашылған. Сондай-ақ, ашық су бассейні жас өрендерді сергектікке баулиды. Балаларға қуыршақ театрынан көрсетілімдер қойылады. Компьютер сыныбы, жазғы кітапхана қызмет етеді. Одан бөлек, бейнелеу фотодизайны, «Жас туристер» секілді үйірмелер бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына септігін тигізері сөзсіз. Бұл тұста балалардың жазғы уақытты қызықты өткізуге үлес қосқан тәрбиешілердің еңбектерін ерекше атап өтуге болады.
– Жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы спорттық секциялар мен үйірмелерге 14 051 оқушы қамтылады. Сонымен қатар, облыстық өлкетану мұражайымен бірлесіп «Өз жеріңді танып, біл» жобасы аясында 5000-ға жуық балаға өңіріміздегі киелі орындарға саяхат ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Түркістан қаласына «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесіне және Қармақшы ауданындағы «Қорқыт Ата» ескерткішіне 1000-ға тарта бала барды. Бүгінгі таңда облыстық мұражайдың ұйымдастыруымен «Vilige Life» жобасы аясында ауылға саяхат ұйымдастырылуда. Оған 900 балғын қамтылады деп күтілсе, бүгінде 300 бала мұражаймен танысып қайтты, – дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Гаухар Құдайбергенова.
Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Мұндағы әрбір бала әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, талай-талай танымдық дүниелермен танысады. Сондықтан да балалардың жаз мезгілінде денсаулығын сауықтырып, шығармашылығын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр.

Айтолқын АЙТЖАНОВА
16 шілде 2019 ж. 362 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 839 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам