Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жайылманың қарбызы қажеттілікті өтейді

Жайылманың қарбызы қажеттілікті өтейді

Тамылжыған тамыз айында еліміздегі бау-бақша дақылдарының пісіп-жетілетін шағы. Аптап ыстыққа қарамастан көпшілік осы уақытты асыға күтетіні рас. Өйткені, жылдың осы кезеңінде Жер ананың бізге берер ырыздығы мол. Сондықтан бұл айды молшылық айы деп атаған. Әсіресе, жаз айының сәніне айналған қарбыз-қауынның сатылымда сұранысы жоғары. Құрамы дәруменге толы жемістің қай түріне де қажеттілік арта түседі. Биыл да өңірдің оңтүстік диқандары мол өнім алуда. Атап айтқанда, жайылмалық шаруалар еліміздің бірнеше аймағы мен қатар көршілес Ресей нарығын сапалы қарбызбен қамтып отыр.
Егіннің ебін тауып, ел ырысын еселеп отырғандардың бірі – «Береке» шаруа қожалығы. Олар бірнеше жылдан бері бақша өнімдерін өсірумен айналысып келеді. «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, еңбектің қамына ерте кіріскен шаруашылық, өсірген өнімнің жақсы нәтиже беретініне сенімді. Биыл диқандар 60 гектар аумаққа қарбыздың Голландия елінен әкелінген «кримсон свитт» деген түрін орналастырған. Бүгінде олар әр гектарына 40 тоннадан өнім алуда. Егістік негізінен Қаратау баурайындағы Жиделі су қоймасынан суарылады. Тұщы суға қанып өскен дақылдың сапасы да өзгеден дәмдірек.
Қазіргі таңда шаруашылықта егілген өнімдер еліміздің Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік өңірлерін толық қамтамасыз етуде. Бұдан бөлек, көршілес Ресейдің бірнеше қаласына жөнелтуде. Мәселен, ол аймаққа жуырда 100 тонна өнім тиеліп әкетілді. Дәмі бал татыған қарбызға деген сұраныстың жоғары екендігін осыдан аңғаруға болады. Шаруаларға дақыл тұқымын таңдауда жергілікті ғалымдар әрдайым бағыт-бағдар береді. Яғни, мамандар алдын ала жер құрамын зерттеп, берілуге тиіс тыңайтқыш мөлшеріне талдау жүргізгендіктерін байқатады.
– Біздің басты мақсатымыз – егіннен алатын өнім мөлшерін арттырып қана қоймай, егістік көлемін ұлғайту болып табылады. Бұл жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары ретінде ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп отырмыз. Алдымен топырақтың агро-химиялық құрамы анықталып, өнімділігі жоғары сұрыптары экологиялық сараптамадан өткізіледі. Байқап отырсақ, қазір аймақта күріш шаруашылығынан басқа көкөніс дақылдарын өсіруге ден қойылмаған. Соның салдарынан сырттан келетін дақылға тәуелділік байқалады. Сол себепті, өз елімізді қауіпсіз әрі табиғи өніммен толық қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді «Береке» шаруа қожалығының ғылыми кеңесшісі Самалбек Қосанов.
Мұнда қарбыздан бөлек, қауын, картоп және көкөністің түр-түрі өсіріледі. Ғалымдар ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек ету үшін ғылыми жаңалықтар ойлап табуда. Әсіресе, жемістің жергілікті сұрпын шығаруға күш салуда. Қазір жылдан-жылға топырақтың құнарлығы төмендеп барады. Бұл тыңайтқыш беруді талап етеді деген сөз. Оған қатысты ғалымдар тұқым шаруашылығының дұрыс жолға қойылмағандығын алға тартады. Өнімнің шығу тегі оның дәміне әсер етеді. Ал одан сапалы өнім алынбайды. Бұған диқандардың технологияны жиі бұзатындығы да әсер етеді. Атап айтқандай олар су мен селитраны молынан беріп, дақылдың пісіп-жетілу процесін жасанды түрде жылдамдатады дегенді айтады. Тұтынушылар да осы пікірге сәйкес ойда екендігін білдірді. Бұл жөнінде қала тұрғыны Асима Жұмаділова былай дейді:
– Базарға сатылымға шыққан қауын-қарбыздың сыртқы түріне қарасаң көзің тояды. Алайда үйге әкеліп, оның дәмін татқанда оның сапасына қарның ашиды. Жасыратыны жоқ, құрамына күмәнмен қарайтын болдық. Бұрын бала кезіміздегі дәмі тіл үйірер дақылдар қазір жоқтың қасы. Сол себепті, кеш болса өзіміздің өңірде өскен өнімнің пісіп-жетілгенін күтеміз. Жергілікті шаруалар жемістің сапасына аса мән берсе екен, – деді ол.
Иә, «Жеріңді баптай білсең, астықты қаптай білесің» демекші, ақ адал маңдай терімен егін еккен шаруалардың табысқа кенелетін күні алыс емес. Ендеше, ырысты елді мекеннің молшылығы таси берсін демекпіз.


Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
13 тамыз 2019 ж. 274 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (1563)

20 тамыз 2019 ж.

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

№62 (1561)

13 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 901 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам