Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ойын баланың ой танымын өсіреді

Ойын баланың ой танымын өсіреді

Жақында бір апамыз «соңғы уақытта балалардың далада асыр салып ойнап жүргенін көрмейтін болдық. Бұрын біз сондай тәтті кезеңді бастан өткізетін едік. Қазір мұның бірі де жоқ. Күнделікті оқуы бар, одан қалды түрлі үйірмеден бас алмайды. Түсіне білгенге бір уақыт таза ауада ойнаған жақсы ғой» деді.
Иә, үлкендер айтқан сөздің жаны бар. Қай уақытта да баланы ойын өсіреді. Біз де солай бойжеттік. Есіңе алсаң, еріксіз күлесің. Күнұзақ ойынның қызығына кіріп кетесің. Тек қас қарайған шақта анамыздың айқайынан амалсыздан үйге қайтамыз.
Ойын – баланың жан серігі. Бала өмірінде оның орны ерекше. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, пси¬хологиялық ерекшеліктері сол арқылы қалыптасады. Ол басқалармен тілдесіп, ой-өрісін дамыта алады. Дене-бітімі шынығып, бойындағы дарынын шыңдай түседі. Баланың бойы күштілік, шапшаңдық, төзімділік, айлакерлік сияқты дене қасиеттеріне дағдыланады. Ішіндегі қуанышын, ренішін, қорыққанын жеткізе алады. Көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев «Ойын – баланың өз ісі. Оның ойынына кірісуші болма. Бір нәрсе бүлдірмес үшін тек сырттан бақыла. Есте болуы керек, бақылау деген сөз қарауылда тұрған солдаттай қабағыңды түйіп, қарап тұру емес, олай болса бала ойынына кіріспе!» деп біз сөз еткен мәселенің маңыздылығын ескерген. Байқасаңыз, бүлдіршіннің алғашында бөлек, одан өсе келе бірігіп ойнауында да ерекше мән бар. Бұл қазақы мәдениетімізге сай адамдармен жақындасуға, өзара бауырмалдыққа тәрбиелейді. Бұған қатысты психолог Айда Қаржаубаева былай дейді.
– Бала табиғаты тек ойынмен байланысты. Ол сәби тілінің дамуына ықпалын тигізіп, таным белсенділігін арттырады. Жас жеткіншектің өмірді тануы, еңбекке бейімділігі, психологиялық ерекшеліктері сол арқылы қалыптасады. Мектеп жасына дейінгі балалардың табиғат құбылыстарын, қоғамдағы ересек адамдардың іс-әрекетін түсінуі ойын арқылы аңғарылады. Көп нәрсені білуге, зерттеуге талпынады. Бұл уақытта жас жеткіншек ойланады, эмоциялық белсенділігі артады, ерік пен қиял елестері дамиды. Мұның бәрі сәбидің шығармашылық қабілеті мен дарынын ұштай түседі. Демек, ойын – баланы жан-жақты жарасымды тәрбиелеудің психологиялық және физиологиялық негізі, – деді.
Қазір технологияның дамыған уақыты. Бүгінгі күннің балалары виртуалды әлемге еніп кеткені белгілі. Көбісі әлеуметтік желіге әбден байланған. Бұған қарап, оларды қоршаған орта емес, қолдағы телефон тәрбиелеп отырғанын аңғарамыз. Бесіктен белі шықпаған сәбиге дейін оны көрсе жармаса кететін әдет шығарды. Ең қызығы, олар алдында тұрған сан түрлі ойыншық арасынан тек телефонды таңдап алатынына таң қаласың. Оларды «қызықтырған не болды екен» деп, кейбір ойындарының ішіне үңілсең, түңілесің. Алақандай ғана смартфонның ішіне қаншама дүние сыйып жатыр. Ондағы шым-шытырық оқиғаға толы шетелдік аниматорлардың туындысы бала санасын улауда. Түрлі кейіптегі құбыжықтар бейнесі бала түгілі сені де беймәлім әлемге жетелегендей болады. Логопед Әсел Рахатова бала тілінің дұрыс жетілмеуін телефонмен байланыстырады.
– Тәжірибеде ең жиі кездесетін жәйт – тілдің шұбарлығы. Соңғы уақытта балалардың тек тілі ғана емес, ойы да шашыраңқы. Сөйлемнің басын бастап, оны аяғына жеткізе алмайды. Байқасаңыз, телефон ішіндегі ойынның басты қаһарманы өзге тілде сөйлейді. Бұл әлі ана тілі толық қалыптасып үлгермеген сәби психологиясына үлкен әсер етеді. Сонымен бірге олардың кекештеніп сөйлеуіне, айтар ойын булығып білдіре алмауына себеп болады. Қабылдауыма мұндай мәселемен шағым айтып келетін ата-аналар көбейіп келеді, – деді ол.
Күнделікті көзіміз көріп жүр, қазіргі жас өрендер бұрынғыдай еңбекке араласпайды, не аулада ойнамайды. Бала кезімізде ата-анамыз үлкендерге еріп, мал бағып, егін егіп, шөп орып тынымсыз тірлікке үлес қосқанын айтып отыратын. Қазір, мүлдем басқа жағдай. Баласының болашағын ойлаған ата-ана оларды түрлі үйірмеге жаздырады, одан басқа амалы жоқ. «Телефонға телміріп, бос жүргенше бір нәрсеге қызығушылығы оянсын» деп бір басына бірнеше жүкті артып қояды. Алайда, шынашақтай бала мұның барлығын бірдей игере алмауы мүмкін. Қазір үлкен түгілі баланың бос уақыты жоқ. Мектептен келе сала математикаға, ағылшынға, одан күреске, биге бару керек, осылай жалғаса береді. Бірінен шығып, біріне үлгеруге тырысады. Баланың жас шамасын ескерсек, психологиясы мен физикалық мүмкіндігіне әжептеуір салмақ түсіруі мүмкін. Оған өзінің мектеп бағдарламасындағы оқулықтарын қосыңыз. Мұны ойлап бас қатырып жатқан біз жоқ.
– Қазір қарап отырсам, ата-ана тарапынан балаға берілетін мейірім аз секілді. Барлығы бір бітпейтін күйбең тіршіліктің соңында жүр. Алайда мына істеп жүрген жұмысымыздың құны баланың жанында бір тиынға да татымай қалады. Кезінде ата-анамыз бізді жастай еңбекке баулыды. Отын тасыдық, шөп ордық. Қыздың жұмысы немесе ер баланың тірлігі деп бөлген жоқпыз. Соның арқасында бойымызға шыдамдылық, төзімділік, еңбексүйгіштік секілді жақсы қасиеттерді сіңіріп өстік. Әр бала – еліміздің жарқын келешегі мен үкілеген үміті. Сондықтан олардың болашағына бей-жай қарамауымыз керек, – деді облыстық әйелдер кеңесі, «Сыр аналары» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мұсаева.
Балалық кезең – адам өмірінде ең бір қызыққа толы ғажап сәттері. Ол уақыт ешуақытта қайталанып келмейтіні анық. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Сәби болғым келеді» деген өлеңіндегі мына бір жыр шумақтары ойыма оралып отыр.
Құс та болғым келмейді,
Қанатым бар...
Қанатым бар күмістен жартылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған» демекші, адам өміріндегі ең бақытты шақтардың мазмұнды өтуіне мүмкіндік берейік. Баланың балалығын ұрламайықшы, ағайын!



Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА




14 тамыз 2019 ж. 252 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (1564)

23 тамыз 2019 ж.

№64 (1563)

20 тамыз 2019 ж.

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 927 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам