Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жол қателікті кешірмейді

Жол қателікті кешірмейді

«Қармақшыда жол апаты салдарынан 4 адам қайтыс болды». Бұл өткен аптада естіген оқыс оқиғаның бір парасы ғана еді. Одан басқа да жаяу жүргіншілер жолында адам қағып кеткені жөнінде ақпараттар толастар емес. Соңғы кездері бейбіт күнде адамдардың осындай жайттардан қаза тауып жатқанына елеусіз оқиғаны естігендей қарайтын болып кеттік.
Елімізде жыл сайын темір тұлпар саны көбеюде. Басқа аймақты айтпағанда, Сыр өңірінің өзінде бір жыл көлемінде автокөлік саны 7000 -ға өскен. Мұндай жетістіктер халықтың әл-ауқатының жақсарғандығын көрсеткенмен, тосыннан келген апатқа септігін тигізбей қоймасы анық. Сондықтан көлікке отырғанның барлығы темірдей тәртіпке бағынуы тиіс. Расында халықтың қара жаяу жүрмегеніне қуанарың, хақ. Алайда мінген көліктері жантүршігерлік жағдайдың орын алуына себеп болып жатқаны өкінішті...
Жол сақшыларының айтуынша, барлық жол-көлік апаттарының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алады екен. Себебі, бірі көлікті ішімдік ішіп алып басқарса, ендігісі жылдамдықты шектен тыс асырып, ереже бұзады. Тіпті, мұндай оқиғаның жиілеп кетуіне жүргізуші куәлігіне қолдарын оп-оңай жеткізу де сеп болып отыр.
Тақырыпқа ойыссақ, аймақта жолдар жыл сайын күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, көше бойларына бақылау камерасы да көптеп орнатылуда. Бұл ретте сала мамандары тарапынан бірталай жұмыс атқарылып келеді. Алайда жол-көлік оқиғасының әлі де болса сейілмей тұрғанына дәлел жеткілікті.
Осыған орай жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраев жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында күрестің ұдайы жүргізіліп жатқанын кеңінен әңгімеледі.
– Облыста жол апатының орын алуы – өте күрделі және өзекті мәселе. Осыған байланысты полиция департаментінің жауапты қызметкерлері арасында автомобиль жолдарындағы жол қозғалысты ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында біршама жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде 50 мыңнан аса құқық бұзушылықтар анықталды. Оларға 234 млн теңгеге жуық айыппұлдар салынып, 180 млн теңге өндірілді. Соның ішінде жол апатына тікелей әсер ететін автокөлікті мас күйінде басқарудың 821, қарсы бағытқа шығудың 197, жылдамдықты асырудың 6000, ұялы телефонымен сөйлесудің 2329, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 4281 дерегі анықталып, заңды шаралар көрілді, – деді ол.
Аталған дерекке сүйенсек, биылғы жылдың 6 айында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының саны 58 пайызға өсім алған. Осыған сәйкес қайтыс болғандардың саны 69, жарақат алғандардың саны 60 пайызға артқан.
Полиция полковнигі облыс көлемінде тіркелген жол-көлік жағдайларына талдау жасай келе, осы жағдайға тікелей әсерін тигізетін негізгі фактор жүргізушілердің салғырттығы және жолда жүру ережелерін сақтамаудан туындайтынын жеткізді. Мұнан өзге жаяу адамдардың салғырттығы себебінен де оқыс жайттар тіркелген. Мәселен осы 6 ай ішінде 4 мыңға жуық адамның жол жүру ережесі бұзу деректері анықталып, заңды шаралар қолданылған.
«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын айтқан екен. Атақты бидің даналық сөзі қазіргі уақытта ақиқатқа айналғандай. Қалай дегенде де, жол-көлік оқиғаларын мейлінше азайту – әрбір азаматтың еншісіндегі жауапкершілік. Себебі, адам өмірі және оның денсаулығы – баға жетпес құндылық. Осы құндылықты арттыру үшін әрбір қадамды аңдап басуда жақсылықтың нышаны. Аңдамай кеткен қателік үлкен қасірет әкелетінін әрбір жүргізуші білуі қажет. Бір секунтдық асығыс шаруа немесе еркетотай жігіттердің темір тұлпарды тізгіндеп жүргеніне қашанғы көндігеміз. Әсіресе, өрімдей бүлдіршіннің өмірі қиылғанда «әттеген-ай» деп қабырғамыз қайысады. Сол үшінде тізгінге отырар кезде, жаяу жолға шыққанда жан-жағымызға қарап, бағамдап жүрген жөн болар. Түрлі тағдыр, түрлі қиындық кездесер. Дегенмен, әрбір нәрсенің алдын-алуға болатын секілді. Осы тұста жол апатына әкеліп соғатын қателікті жібермеуді мақсат еткен абзал. Өзгенің өмірі мен қатар өз өміріңде өз қолыңда екенін ұмытпа. Жолда асығамыз деп ажалдың есігін ерте ашудан сақ болайық... Жол қателікті кешірмейді.


Айтолқын АЙТЖАНОВА
14 тамыз 2019 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (1564)

23 тамыз 2019 ж.

№64 (1563)

20 тамыз 2019 ж.

№63 (1562)

17 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 927 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам