Бейсенбі, 28 наурыз, 12:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ел астанасы Қызылорда «Ақмешітте» сақтаулы

17.11.2021

1394 0

Сыр өңірінде тарихи маңызы бар, көненің көзіндей ғимараттар санаулы ғана. Солардың бірі – темір жол вокзалының жанында орналасқан екі ғасырлық тарихы бар шағын ғана ғимарат. Алайда әлі күнге дейін оның қандай мақсатта тұрғанын білмейтіндер көп. Мәселен, менің өзім осы ғажайып мекенге енді ғана бас сұқтым. Сол маңнан өткен сайын, бұл қандай ғимарат екен деп ойға батушы едім. 

Бүгін міне жол түсті. Мұн­да келе жатып, қай жерде екенін білсем де тұрғындардан «Ақмешіт» музейінің қайда екенін сұрадым. Ондағы мақсатым бұл ғимаратты қарапайым халық біле ме екен деген ой. Расында, олар бұл жерде музей барын біледі. Алайда дәл қайсы ғимарат екенінен бейхабар. Бір өкініштісі, барлығы да облыстық филармонияға қарай жол сілтеді. 

Музей – еліміздің қазына ордасы. Бірақ бүгінде көпшілік бұл түсінікке бей-жай қарайтындай көрінеді. Жасыратын несі бар, олардың қатарында өзіміз де бармыз. Ойланып қарасам, об­лыстық музейге соңғы рет студент кезімде барыппын. Содан бері қанша жыл өтті десеңші. Іштей өзімнен-өзім ұялғанымды-ай. Кө­бі­міз уақыттың жоқтығын, жұ­­мыстың қарбаластығын алға тар­тамыз ғой. Алайда ол жай ғана сылтау екені белгілі.

Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақмешіт» музейі филиалына барып, тағылымы мол қасиетті шаңырақтан еліміздің таңбалы тарихына енгендей болдық. Ғылыми қызметкер Гүлзира Жұмабайқызы әрбір оқиғаны баяндағанда көз алдыңа елестеп, сол кезеңді көргендей әсер аласың. Әрбір оқиғаны жіктеп түсіндіргенде жетер жеріне жеткізіп айтады екен. «Музейде өз ісіне берілген жандар ғана жұмыс істейді» деген қанатты сөз осындай мықты мамандарға қарап айтылса керек.

Жалпы музей ісі – атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан жәдігерлерді болашақ ұрпаққа жеткізу. Қазіргідей ақпарат желдей есіп, шарадай басты шақшадай қылған мына заманда музейге барып, тарихқа үңілу артықтық етпес. Мұнда әр дәуірден сыр шерткен құнды жәдігерлер миыңа құдды бір тыныштық беретіндей. Уақыт тауып бір бас сұқсаңыз, рухани демалып, әрі мол мағұлмат аласың.

Қызылорданың кешегісі мен бүгінінен сыр шертетін ғимараттың ішіне кіргенімде басқа әлемде, яғни тарих беттеріндегі өшпес із қалдырған сол жылдарда жүргендей күй кештім. Бұл ғимараттың іргетасы 1905 жылы қаланған. Ол алғаш әскери казарма ретінде салынып, 1917 жылы қайта қалпына келтіріліп, ел игілігіне берілген.  Ғасырдан ғасырға жалғасып, іргесі сөгілмей тұрған ескі ғимарат жөндеуден өтіп, бүгінге дейін сақталып келеді. Сырға толы ғимарат 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақмешіт» филиалы болып құрылды. Қазіргі кезде мұнда Қызылорда  қаласының 1925-1929 жылдары аралығында ҚазақАКСР-нің астана болған кезеңіндегі архивтік құжаттар, еліміздің маңызды саяси оқиғасы болған Қазақ атауының қайтарылуы, сол кезде қызмет еткен Алаш қайраткерлері туралы толық ақпарат бар. Сонымен қатар қазақтың ұлттық театрының негізін қалауға атсалысқан тұлғалар жайында және ел астанасының денсаулық, білім, әлеуметтік-экономикалық саланың дамуынан мағлұмат береді. Сондай-ақ Қазақ Орталық Атқару Комитеті төрағасының жұмыс кабинеті және XX ғасыр басындағы зиялы адамдардың тұрмысын көрсететін экспозициялық залдардан тұрады. Қазіргі таңда қаламыздың тарихынан терең сыр шертетін музей қорында 2000- ға жуық жәдігер бар.

– ХХ ғасырдың басында зиялы қауымның өкілдерінің қонақ бөлмесі интерьері орналасқан. 100 жылдан астам тарихы бар шегесіз тұтас ағаштан құрастырылып, ыдыс аяқ салу үшін пайдаланылған үй жиһазы, Еуропа елдерінде жасалған қабырға сағаты, пианино, патефон, тағы да басқа жәдігерлер  баға жетпес мол мұраға айналып отыр. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ең алдымен ұлттық кодты сақтауды алға тартқан еді. Яғни тағылымы мол тарих пен ықылым замманнан арқауы үзілмеген құндылықтарды жалғау. Сол арқылы әрбір қадамды нық басып, болашаққа сеніммен жету. Бұл тұрғыда музей – тарих пен дәстүрдің ұштасқан, ұрпақтар жалғастығының негізі алтын көпірі екенін ерекше айтқымыз келеді. Сондықтан жәдігерлерді жинақтап, ұрпаққа көздің қарашығындай жеткізетін осынау мәдени ошақтың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор, – деді филиал меңгерушісі Кенжегүл Ахметова.

«Ақмешіт апталығы» газетінде «Ақмешіт Қызылорда болғанда» тұрақты айдарымен Қызылорданың астана болған тұстағы тарихи оқиғалар жарияланып жүр.  Оны оқырмандар жақсы біледі. Ал енді сол кезеңді көзбен көріп, жүрекпен сезіну үшін осы музейге келсеңіз жет­кілікті. Адамзат баласы үшін көнеден сыр шертетін кез келген дүние құнды. Себебі өткеннен өнеге ала отырып, келешегімізге келісті қадам жасаймыз. Сол құнды мұраларды жинақтау, оларды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа бүлінбей жетуін қамтамасыз ету үлкен жауапкершілік екені анық. Оған дәлел сол 1925-1929 жылдардағы көне жәдігерлердің әлі күнге сақталуын айтуға болады.

Музейде ХІХ-ХХ ғасырдағы Қызылорда қала­сының тарихы баяндалады. Алғашқы сөре – 200 жылдық тарихы бар қаламыздың 1818 жылы Қоқан хандығы тарапынан салынған Ақмешіт бекінісінің қысқаша тарихынан басталады. Тарихқа сүйенсек, Ресей империясы және Орталық Азиялық Қоқан, Хиуа хандығының отарлау кезеңі болғанын аңғаруға болады. Мәселен, Патшалық Ресейдің отарлауының күшеюі себебінен Қоқан хандығына Сыр өңіріне бекініс салады. Сөйтіп, Ақмешітті 1818-1853 жылдар аралығында қоқандықтар басқарады. Кейін Орынбор генерал-губернаторы граф А.Перовский басып алғаннан кейін І Николай патшаның жарлығымен Перовский форты деп аталды.

Осылайша тарих беттерінде ХІХ ғасырдың ІІ жартысы Перовск фортының даму кезеңі басталады. Сол кезеңде төменгі шендегі әскери адамдарға арналып шағын үйлер салына бастайды. Атап айсақ 1862 жылы салынған үйлердің саны 20-ға жетіп, тұрғындар өтініші бойынша Түркістан генерал-губернаторы фон Кауфман 1868 жылы 6 үй салуға қаржы бөледі. Кейін олар тұрғындардың жекеменшігіне беріледі. Көп ұзамай Сырдария жағасын­дағы шырайлы шаһар сауданың қайнаған ортасына айналды.

Сол кездері орыс көпестері ұн, мата, қант, темірден соғылған түрлі саймандар мен заттар, әшекей бұйымдарын әкеліп, оларды мал терісіне, еті мен жүніне айырбастады. Ал 1901-1906 жылдары Орынбор-Ташкент темір жолы салынғаннан кейін Перовск форты тоғыз жолдың торабындағы маңызды қалаға айналғандығы туралы құнды құжаттар мен суреттер сыр шертеді.

– Музейдің екінші залында Ресейде Кеңес үкіметі біржола орныққаннан кейін 1920-1926 жылы тамызда Қырғыз АКСР-і құрылады. Сөйтіп, 1920-1925 жылдары Орынбор қаласы еліміздің астанасы болды. Ал 1925 жылы Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген  Сырдария мен Жетісу облыстары Қазақ автономиялық республикасының құрамына енеді. Содан кейін ел астанасын Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. 1924 жылы Қырғыз Автономиялы әкімгершілік территориясын ұлттық тұрғы­дан межелеу барысында Орынбордың басым бөлігі орыстар болғандықтан және шалғайда жатқандығы ескеріліп, қазақ зиялылары арасында астананың ауысуы төңірегінде өте қызу пікір болды. Тарихи деректерге сүйенсек астана етуге Ақтөбе, Әулиеата қалалары, тіпті Атбасар да ұсынылған екен. Алайда 1925 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарады. Бұл шешімнің шығуына сол кездегі Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов үлкен рөл атқарған. Ол жаңа астана туралы ойларын 1924 жылы «Ақжол» газетінде жариялаған «Кешіктірмей келісу керек», «Іс жүзінде орындау керек», «Қазақтың кіндігі қай қала болсын?» және тағы да басқа мақалаларында бүкпесіз келтірді. Сонымен бірге оның «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек!» деген сөзі тарих бетінде мәңгі қалды. 1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан, Ақмешіт қаласына көшіру жайлы Қаулы қабылданады. Перовск станциясы темір жол жұмысшыларының бастамасы бойынша астананы Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және үкімет мүшелері бар пойызы Орынбордан респуб­ликаның жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды, – деді филиалдың ғылыми қызметкері Гүлзира Әубәкір.

Одан кейінгі сөреде Қазақ АКСР құжаттары, үкімет мүшелері, сол кезеңде қажырлы еңбек еткен мемлекет қайраткері Қ.Қожықов туралы тың деректер орналасқан. 

Ерекше айта кету керек, 1925 жылы Ақмешітте Қазақ кеңестерінің V съезі болып, оған төрағалық еткен С.Қожанұлы халқымыздың санғасырлық «қазақ» деген тарихи атауын қайтарады. Сонымен бірге алаш қайраткері, Қоңырқожа Қожықовтың ұсынысымен Ақмешіт атауы Қызылорда болып өзгереді. Бұл туралы Дінше Әділовтің 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген жауабында «Қожанов, Есболов, Табынбаевтың үйінде түскі ас іштік. Съезд аяқталуға таяған еді. Сол кезде үкімет көшіп келіп, Ақмешіт қаласының атын өзгерту мәселесі көтерілді. Сол кезде жаңа астананы қалай атау жөнінде ойластық. Қызылорда атауын алғаш ағартушы-ғалым Қ.Қожықов ойлап тапты. Одан неге? деп сұрадық. Бұл қос қатпарлы атау, ол екі жақты да қанағаттандыруы тиіс екенін айтты. «Қызыл» – демек большевиктерге ұнайды, ал «Орда» – ұлттық атау. Демек ол жақ та, бұл жақ та кінә арта алмайды. Бұл ұсыныспен келістік дейді. Осылайша қаланың жаңа атауы бүкіл жұртшылық тарапынан қолдау табады. Бүгінгі Қызылорда атауы  осылай аталса керек. 

Мұндағы әрбір құнды деректермен таныса жүріп, төрде ілінген қару-жараққа көзім түсті. Онда ХХ ғасыр­да пайдаланылған қару жарақтар қойылған. Соның ішінде Мосин винтовкасын ерекше айтуға болады. Бұл 1892 жылдан бастап 1950 жылға дейін Ресей Қарулы күштерінде пайдаланған бірден-бір қару. Сонымен қатар 1930 жылдары Златоуст қару-жарақ зауытында шыққан қылышты да осы жерден таба аласыз. 1815 жылдан бастап император І Александрдың арнайы бұйрығымен шыққан қылыш бір ғасырдан астам уақыт қарулы күштерде пайдаланылды.

Ел тарихын білгісі келгендерге «Ақмешіт» музейіне келуге кеңес берер едім. Өйткені мұнда іздеген ақпараттың бәрін табуға мүмкіндік бар. Атап айтсақ, қаланың алғашқы рет бас жоспары жасалып, оған үлкен еңбек сіңірген алаш қайраткері, тұңғыш темір жол инженері Мұхамеджан Тынышпаев, Батыс Алашорданың белсенді мүшесі болған Аспандияр Кенжин туралы толық ақпарат алуға болады. Сондай-ақ бұл жерден 1927 – 1928 жылдары Қызылорда қаласының дамуына 1 млн 313 мың сом қаржы бөлінгенін білдік. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл қаржыға қалалық аурухана, су құбырларын жүргізу, биологиялық станция, мектеп, 13 екі пәтерлі үйлер салынды. Ол жұмыстарды атқаруға 1200-ге жуық жергілікті жұмысшылар тартылып, олардың 40%-і арнайы мамандықпен қамтылды. Сол кезде ғимаратты салу үшін арнайы күйдірілген кірпішке тапсырыс берілген. Себебі мұндай кірпіш жыл сайын күрделі жөндеуді қажет етпейтін көрінеді. Күйдірілген кірпішті алыстан тасымау үшін қаланың төңірегінде жақын орналасқан Бірқазан станциясынан кірпіш зауыты салынды. Алып құрылыстарға аталған зауыттан 8 млн дана кірпіш тасымалданған. Сол кездің өзінде құрылыстың қарқынды дамығанын аңғарасың.

Мені ерекше қызықтырғаны Қызылорда қаласында алғаш рет ғылыми-ағартушылық жұмыспен айналысқан алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Темірбек Жүргеновтердің еңбектері болды. Деректерге сүйенсек, қазақ халық ағарту институты 1919 жылы Орынборда ашылған. Ең алғаш Қырғыз халық ағарту институты деп аталды. Онда қазақ мектептеріне мұғалімдер дайындады. Мәселен, 1921 жылы 140 оқу­шы оқыды. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүрді. Институт оқытушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты. 1925 жылы институт Қызылорда қаласына көшірілді. Тәжірибелі педагогтар, республикада ағарту жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаевтар институтта дәріс берді. Музей сөресінен сол кездегі сабақ кестесін, ондағы сабақ берген мұғалімдердің аты-жөнін көруге болады. 1930-жылдары республикада педагог және мұғалімдер институтының көбеюіне орай 1933 жылы 15 қазанда жабылды.

Қазақ баспасөзі және әдебиетінің  дамуына үлес қос­қан тұлғалар Ж.Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезовтерге тоқталмау әбестік болар. Алаш қайрат­керлері жаңа астанада саяси-мәдени орта қалыптастырды. 1925-1928 жылдары аралығында Қызылорда қаласында тұрған, Алашорда қайраткерлерінің бірі Ахмет Байтұрсынов ұлт жұмысының көшбасында тұрса, Міржақып Дулатов қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Кейінірек ақын Сырбай Мәуленовтің Алаштың Ақмешіті жайлы «Сәкен бәтеңкесінің ізі қалған» деп жазатыны да осы кезең оқиғалары еді. Есімдері ұлт жадында мәңгі қалған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармалары Қызылордада дүниеге келді. 1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана – Қызыл­ордаға көшірілді. 1925-1929 жылдары өз жұмысын Қызылордада жалғастырған «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және «Еңбекші Қазақ» сияқты басылымдарда көркем шы­ғармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды. Олардың сол кездері Қызылордада жарыққа шыққан кітаптары осы музейде сақтаулы тұр.

Сонымен қатар қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетовтің, ел ісіне араласқан алғашқы қазақ әйелдері А.Оразбаева, С.Есова, Н.Құлжанованың халық үшін атқарған еңбектері ел есінде. 1926 жылы шілде айында Қызылордада тұңғыш әйелдерге арналған «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Журналдың редакторлық қызметін С.Есова, Н.Арықовалар атқарды. Журнал партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді.

Сондай-ақ Қазақтың ұлттық театры 1926 жылы Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Қазаққа театр өнерін алғаш таныт­қан Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұловтар ұлт руханиятының қабырғалы қайраткеріне айналды.

Жалпы музейден қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен қоғамдық-саяси жағдайларымен таны­сып, кеңес дәуірі кезеңінде елге еңбегі сіңген барлық ұлы тұлғаларымыз туралы мағұлмат ала аласыздар. Міне, бұдан артық қандай құндылық болуы мүмкін?! Сенбесеңіз өз көзіңізбен көріңіз. Әрбір жәдігер жаныңызға қуаныш ұялатып, тыныштық сыйлайды. Шынында музей – тарих.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: