Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҮКІЛІ ҮМІТІҢ ҮЗІЛМЕСІН

ҮКІЛІ ҮМІТІҢ ҮЗІЛМЕСІН

  «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек,
Тұрғандай өзі қимылсыз билеп...»       
      Бұл – қазақтың қаракөз сұлуын ерекше әрі шебер сипаттаған өлең жолдары. Сөзбен салынған сурет деп сірә, осындайды айтса керек-ті. Көз алдыңа үкілі тақия киіп, сыңғырлай адымдап келе жатқан әлгі арудың бет-бейнесі еріксіз елестейді. Осындағы сұлулық әлемін паш етіп, бойжеткеннің тал бойында бір мін жоқ көркемдігін одан әрі айшықтай түсетін үкінің маңызы айрықша.         
       Бала күнімізден сол құстың қауырсынын әрбір шаңырақ төрінен жиі байқаушы едік. Сол кездері аппақ ақ ұлпа үкіні үйдің ажарын арттыра түсу үшін іліп қоятын шығар деген ойға келетінбіз. Сөйтсек, әр нәрсеге аса байыппен қарайтын текті халқымыз бұл дүниенің де мән-маңызын ежелден-ақ бағамдай білген екен. Мәселен, халқымыз үкі қауырсындарын ерекше қастерлеп ежелден сәби ұйқысы тыныш болсын деп бесікке, бақыт әкелсін деп қыздардың сәукелесіне, көз тимейсін деп екі жастың шымылдығына, табысты етсін деген ниетпен сал-серілердің домбырасына тағып қоятын наным-сенім қалыптасқан. Олай еткен себебі, ол тағылған бұйымдарға пәле-жала жоламайды, керісінше, әлгі дүние бақыт, олжа мен жақсылық әкеледі деп ерекше мән берген. Мұндай жоралғының тереңінде үкіні жын-періні қуатын құс ретінде қастерлеген ұлт ұғымы жатыр.        Осы орайда аталмыш құстың қасиеті туралы кішкентайымызда үлкендер аузынан естіп, әлі күнге дейін құлағымызда қалған бір аңыз әңгімені баяндай кетейін. Ертеде топан су тартылып, Нұх Пайғамбар кеме шалдыратын жер іздеген екен. Сонда он сегіз мың ғаламды жаратушы Алла тағала пайғамбарға жолсерік етіп үкіні жаратады.   
           – Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, – депті.                            Сөйтіп, әлгі қанатты Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырады. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтеді. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзілген көрінеді. Тауға аман-есен жеткен Пайғамбар үкіге риза болып, «Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол!» деп бата береді. Содан кейін оған айрықша кие дарып, оның қауырсындары қастерлі дүниеге айналған деседі.  
Расында, киелі дүниеге аса құрметпен қарайтын халқымыз үкінің қауырсынын алу үшін оны ешқашан өлтірмеген. Өйткені, оған зиян келтірген адамды Нұх батасының киесі ұрады деген жорамал ел арасында кең таралған. Сондықтан тек құсты ұстап алып, бір-екі тал қауырсынын ғана қырқып алатын болған.                                                                                                       Ал, өз елінен ұзатылатын бойжеткенге құда түсу дәстүрі де біз үшін етене таныс. Оған халқымызда «Үкі тағу» дәстүрі деп айдар берген. Тіпті, болашақ қалыңдық өз шаңырағынан аттанарда өзінен кейінгі бойжеткен сіңлілері мен құрбыларына «жұғысты болсын» деген ниетпен үкі таратып берген. Бұл ғұрып түрі кей аймақтарда әлі де сақталған. Тойдағы осындай ең толқынысты сәтке өзіміз де куә болып жүрміз.  
Тіпті, тіршілігі төрт түлікпен түлеген ата-бабаларымыз жаңа туған бота әлсіз болғандықтан, тіл-көзден сақтайды деп сеніммен оның бұйда жібіне немесе төбесіне үкі тағып қоятын да болған. Бұл ғұрыпты ауылда өзіміз де көзбен көріп өстік. Ал, оған «үкілі бота» деп атау беретінбіз. Сөйтіп, әлгі жануар өле-өлгенше солай аталып кетуші еді.
Осыған байланысты салт-дәстүрлер, наным-сенімдер және әдет-ғұрыптар бар. Ол халқымыздың үкі құсына деген сүйіспеншілік сезіммен ерекше құрмет көрсетуінің көрінісі екені сөзсіз. Халқымыздың етжақындарына «Үкілі үмітің үзілмесін!» деп тілек білдіруі де киелі дүниеге деген осындай құрметтен қалса керек.
                                                                                        Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
13 наурыз 2018 ж. 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (1443)

05 маусым 2018 ж.

№40 (1442)

02 маусым 2018 ж.

№39 (1441)

29 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 873 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам