Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СЫРЛЫ СУРЕТ СӨЙЛЕЙДІ

СЫРЛЫ СУРЕТ СӨЙЛЕЙДІ

   Кез келген өнер өз тілінде ғана мінсіз. Оның басқа салада баламасы жоқ. Яғни, әуенді немесе суретті сөзге көшірсеңіз бар құндылығынан жұрдай болмақ. Дегенмен, қылқаламның киесін қастер тұтып, сол арқылы өрелі өнерде өз өрнегін айшықтаған азаматтар баршылық.
Өнер саласының ең көркем әлемінің бірі – бейнелеу. Суретші өмірінің мәнін түсіну үшін, оның тілін ұғып, ол бейнелеген, жырлаған әсемдікті сезіну керек шығар. Сана түбіндегі асыл бейнеге, сағым дүниеге қылқалам қуатымен жан бітірген шеберлердің ішінде болмысы бөлек, бәсі биік маман иесі – театр суретшісі. Оның міндеті – спектакльдің көркем образын жасап, құнды, жүйелі дүние шығару.
Еліміздіе театр суретшілері туралы айтқанда ең алдымен ойға оралатын есім – Серік Пірмаханов. Өмірінің соңына дейін суреткерлік тұғырынан түспеген қылқалам шеберінің адами жарқын бейнесімен қатар шығармашылық мол мұрасы Сыр өнерінің тарихында мәңгілік сақталады.
Оның кәсібилік пен шеберлік тұғырына жету жолы да күреске толы. Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде біліммен сусындап, өмірінің төрт жылын сыйқырын ішіне түйген суретшіліктің қыр-сырын меңгеруге жұмсайды. Дипломды болу бір басқа, ал шеберлігіңді тәжірибеде дәлелдеудің жөні бір бөлек. Машықтанған кәсібін істе көрсету үшін жас маман өзінің туған жері – Сыр бойына оралды. Қызылордаға келген соң өнердің қарашаңырағы – Нартай Бекежанов атындағы драма театрына суретші-декоратор қызметіне орналасты.
Шығармашылық жолындағы алғашқы қадамдары бірден толайым табыстарға негіз қалай қойған жоқ. Қылқалам иесі театрдағы режиссерлермен бірге қоян-қолтық жұмыс жасай берді. Ал олар жас суретшінің тыңғылықты еңбегін, жан-жақты білімі мен дарынын ғана емес, кез келген оқиғаға сыймайтын идеяның өзін жұмыс жобасына айналдыра білетін іскерлігін жоғары бағалады.
Осылайша, кешегі жас маман театрдың бас суретшісі деңгейіне дейін жетті. Бұл қызмет қылқалам шеберіне жаңа жауапкершілік пен талаптар артты. Әркез ізденісте жүретін суреткер іркіліп қалған жоқ. Бойындағы бар қабілет-қарымын, қылқаламының қуатын өзінің сүйікті ісіне сарқа жұмсады.
Театрға өзі секілді оқыған-тоқығаны мол, сахна өнерінің қыр-сырына қанық Хұсейін Әмір-Темірмен қатар келуі екі суреткердің де ғұмырын жаңа арнаға бұрды. Серік Пірмаханов режиссер Хұсейін Әмір-Темірдің қиялынан туған небір күрделі идеялардың күре тамырына қан жүргізетін, жан бітіретін. Спектакльдің бейнелік шешімін түзуде екі маман бір-бірін іштей қуаттап, толықтырып отыратын.
Осылайша небір пьесалар көрермен назарына жол тарты. Қос таланттың қиялынан туған толымды дүниелер талғамы жоғары театр көрермендері тарапынан жоғары бағасын алды.
Бұл жөнінде Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Хұсейн Әмір-Темір:
- Оның сахналық эскиздерін, әрбір спектакльдерге жасаған макеттерін көркемдік кеңес мүшелері таң қала отырып, суретшінің еңбегіне сүйсіне отырып қабылдайтын. Есімде, біз 1979 жылы Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын Алматы қаласына гастрольдік сапармен алып баруға дайындадық. Сонда суретші Серік, пьесаның адам күтпеген шешімін көрсеткенде, көркемдік кеңес мүшелері қандай шешім қабылдарын білмей біршама уақыт дағдарып, отырып қалған кезі болып еді. Өйткені, ол «Ақан сері – Ақтоқтыда» Құлагердің мерт болуын көрсетуде соны шешім қабылдаған еді. Бұрынғы спектакльден бөлек, біздің бұл сахналық шешімімізді астаналық сыншылар да, белгілі театр қайраткерлері де екіұдай көңілмен қабылдаған еді. Тек қана пьеса авторы Ғабит Мүсірепов шын жүректен ризашылығын білдіріп, суретшіге ерекше қызметі үшін үлкен алғысын айтты – дейді.
Міне, осылайша театр өнерінде қос таланттың шығармашылық тандемі оларды жетістіктерге бастаған. Тағы бір мысал, облыстық өнер ұжымдары арасында біздің театр алғаш болып Шекспирдің «Король Лир» туындысын сахналаған кезде өнертану докторы, профессор Бағыбек Құндақбайұлы «Режиссер Х.Теміров пен С.Пірмаханов бір-бірін іштей ұғып, трагедия ерекшелігінен туындайтын шешімге ұмтылудың өзі табысқа татырлық ізденіс» баға берген екен.
Суретшінің осындай жоғары табысының бірі – Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясының көркемдік шешімдері. Суретші бұл қойылымда жаңа сценографиялық тілмен спектакльдің трагедиялық үнін философиялық ірілікке көтере алды. Суретші Герман Демократиялық Республикасының драматургиясының Бүкілодақтық фестивалінің дипломына ие болды.
Онла С.Пірмаханов көркемдеген В.Шекспирдің «Макбет» қойылымы бас жүлдені жеңіп алды. Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран» трагикомедиясы Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен түркі халықтарының театр фестивалінде бас жүлдеге ие болды. Өнер иесі 2010 жылы Қазақстан театр қайраткерлері одағы тағайындаған шығармашылық еңбектің ерекше жетістігі үшін берілетін «Еңлікгүл» сыйлығының алғашқы иегері атанды.
Сахнадағы кеңістікті меңгеру, режиссер ұсынған спектакль концепциясы аясынан аспай, ондағы актерлердің «өміріне» қолайлы жағдай жасау, сол бос жатқан алаңқайды қиялмен толтыру – суретшінің басты міндеті. Серік Пірмаханов осы міндетті артығымен орындай алды. Тіпті одан әріге барып, театр өнерінің ажырамас бір бөлігі – сценография саласын дамытуға қарымды үлес қосты.
Белгілі театртанушы Меруерт Жақсылықова «суретші жетістігінің сыры – оның классикалық шығармаларды сахналаудағы ерекше эстетикалық талғамы» деген екен. Яғни, театр өнерінде шындыққа қол жеткізу үшін ең бірінші оқиға өтіп жатқан кезеңнің ақиқатын ғана емес, бүгінгі көрерменге сол өткен тарихтың несі қызық екенін аңғарту қажет. Қоршаған ортаның, ғасырдың келбетін бір штрихпен немесе бір детальмен қалай ойнату керек, көрермендердің есінде қалатын бейнелік шешімді қалай тапқан жөн. Міне осы жағын суреткер көп ойлағандықтан, оның қолынан шыққан барлық безендіруден заман астары, қоғамның жасырын тынысы, терең ойлылық бой көрсетіп тұрады.
Суретші туралы ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаев:
- Серік Пірмахановпен 50 жылдай қызметтес болсам да, оның біреуге дауыс көтергенін көрмеппін. Бұл – оның адами болмысын аша түсетін қасиетінің бірі. Оған қоса, суретшінің туған жерге деген махаббаты үлкен еді. М.Әуезов атындағы театрдан бастап көптеген іргелі өнер ордалары қызметке шақырса да, өз туған жерінде тынбай тер төкті. Серік Пірмахановтың әр декорациясы сахнадағы актерлерге көмектесіп тұратын. Бұл – нағыз театр суретшісіне ғана тән қасиет. Оның декорацияларының басты ерекшелігі, қойылымдарға заманға сай жаңа келбет беретіні еді. Ол өмірден озғанда Сыр өнері, оның ішінде сценография саласы жетімсіреп қалды. Өйткені, театр суретшілерінің ішінде Серік Пірмахановтың орны бөлек, – дейді.
Өнерде аксиомаға айналған ақиқаттар болады. Әр уақыт оларға қайта орала отырып, өзіндік көзқарасын білдіреді, жаңа ұстанымдарын бекітіп, өзінің эстетикалық және көркем-идеялық белгілерін анықтайды. Осы жағынан алып қарасақ, қазақ театрындағы декорация өнері саласындағы мол мұра суретші Серік Пірмахановқа тиесілі.
                                               Биболат Сағындықұлы
17 сәуір 2018 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (1432)

21 сәуір 2018 ж.

№29 (1431)

17 сәуір 2018 ж.

№28 (1430)

14 сәуір 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 634 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам