Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ӨРІМДЕЙ ӨРЕННІҢ ӨНЕРІ

ӨРІМДЕЙ ӨРЕННІҢ ӨНЕРІ

    "Көзінде оты бар, болайын деп тұрған бала екен. Түбі бір жерден шығады-ау"... Жас болса да жалындап, тыңнан түрен салып келе жатқан талапты жанды көргенде үлкендер қауымы әдетте осылай дейді. Оның өнеріне, не болмаса, қандай да бір ерек қасиетіне ризалық сезімін білдіргенде айтылатын сөз бұл.                            
           Кеше Қарақат Базарбай есімді жас өнерпазды көріп, маған да осындай ой келді. Шынымен-ақ, жанары жанып тұрған жеткіншек екен. Кішкентай ғана көмейіне бұлбұл құс ұя салғандай. Керемет дауыс. Шынашақтай ғана қыздан осыншама дауыс қайдан шығып жатыр деген ойға қаласың. Әсілі, Тәңір тарту еткен тума талант деп осындайды айтса керек.             Мектеп қабырғасында жүріп-ақ бірнеше ән байқауларында бақ сынап, жеңімпаз, лауреат атанып үлгерген Қарақаттың бізге айтар жағымды жаңалығы да жоқ емес. Ол биыл үшінші мәрте шымылдығын түріп отырған бірегей ұлттық жоба – "Бала дауысы" республикалық балалар ән байқауында облыс намысын қорғамақ. Жас өнерпаз конкурстың онлайн іріктеуінен өтіп, супер финалға жолдама алып отыр. Сындарлы сынақтың салмағын сезіне білген өнерлі өрен бүгінде қызу дайындық үстінде.           
          – Алғаш бес жасымнан бастап ән айта бастадым. Маған бұл өнер нағашы әжемнен дарыған. "Бала дауысының" бұған дейінгі үш маусымында бақ сынап, қатысушысы атандым. Биылғы іріктеуде сәті түсті. Майра Ілиясова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Әсет Арыстанбек сынды аға-апаларым өнерімді бағалап, финалға қатысу мүмкіндігіне ие болдым, – дейді №3 мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы Қарақат Базарбай бізбен әңгімесінде.     
    Байқаудың алғашқы кезеңінде әнші қыз әлемнің ең танымал жұлдыздары Уитни Хьюстонның "A song for you", Лара Фабианның "Аdagio" әндерін орындады. Зор дауыс күшін қажет ететін осы секілді әндерді Қарақат ұстазы – Бағдагүл Есмұрзаевамен бірге ақылдаса отырып, әдейі таңдап алатын көрінеді. Мақсат – қиын иірімдерді бағындыра отырып, одан әрі шыңдала түсу. Талапты жас қыркүйек айының соңында руханияттың қайнаған ордасы – Алматыдағы "Бөбек" Ұлттық орталығындағы "Жұлдызды арман" үйінде өзге де талапкерлермен бірге екі апта мерзім ішінде дайындықтан өтпек. Онда кәсіби маман иелері арнайы дәріс жүргізіп, қатысушылардың әзірлігін жан-жақты пысықтайды. Ал, қызылордалық өнерпаз шешуші сәтте байқау ережесі бойынша барлығы алты ән орындап, сайысқа түспек. Оның бірін жеке орындауда, екіншісін дуэт, ал соңғысын эстрада әншілерімен бірге шырқауы тиіс. Әзірге Қарақат халық әнінен, авторлық және ағылшын тіліндегі үш ән бойынша дайындық жүргізуде. Көбіне, ағылшын тіліндегі поп, классика жанрында ән шырқағанды жаны сүйетін жас әншінің шығармашылық қоржынында "Қазағым", "Ауылым" сынды патриоттық әндер де жоқ емес. Ол ұлттық сезімді оятатын музыканың орны әрқашан ерек екенін айтады. Ал, әрдайым ізденіп, жас та болса еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген кішкентай өнерпазымыздың лайым жеңіс тұғырынан көрінетіні анық. Себебі, талант пен еңбек қатар тоғысқан жерде қашанда сәттілік салтанат құратыны және белгілі.                                           
    Айта кетейік, өнер жолында біршама жастарға бағдаршам болған "Бала дауысы" ұлттық ән байқауына биыл Президент қоры тікелей қолдау білдіріп отыр. Конкурстың үшінші маусымының жеңімпазын өнерсүйер жұртшылық 8 желтоқсан күні болатын тікелей эфирден біле алады. Ақтық сында жүлдегер нағыз тіс қаққан өнер майталмандарының қазылық етуімен және SMS дауыс беру арқылы анықталады. Ал, жүзден жүйрік шыққан ең үздік Францияның Диснейлендіндегі ғажайыпқа толы сапарға жолдаманы қанжығасына байлайды. Ендеше, біз де сындарлы сәтте кішкентай өнерпаз жерлесіміздің тақымын қысып, абыройы үстем болсын деп тілейміз.
                                                                                Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.     
11 қыркүйек 2018 ж. 219 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (1466)

25 тамыз 2018 ж.

№63 (1465)

21 тамыз 2018 ж.

№62 (1464)

18 тамыз 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 618 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам