Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » «Есепке құмарлығым, ұстаздыққа жетеледі»

«Есепке құмарлығым, ұстаздыққа жетеледі»

Тереңнен білім маржанын теріп, шәкіртін сан салалы ғылымның бастау бұлағынан сусындататын ұстаз қауымы қандай құрмет пен қошеметке лайық. Ұстаздарға ұстаз болып, оларға шұғылалы жол көрсетіп, бағдар беріп, басшылық жасау біліктілік пен парасаттылыққа қоса, жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қалаға қарасты Тасбөгет кентіндегі №257 орта мектептің директоры Гүлмира Камалқызы Сүлейменова – осындай жоғары талап үдесінен шығып жүрген тәжірибелі басшы. Жемісті жылды қорытындылар тұста бар ғұмырын адал кәсіпке арнаған жанмен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті.
– Сіз күз айында дүниеге келіпсіз. Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
–Әрине, көктем айын ерекше ұнатамын. Себебі, осы ұлық айда жер-дүние жасарып, жайнап гүлденетін кезең ғой. Бәйшешек бүр жарып, бүкіл әлем жаңарып, дүние түлейді емес пе?! Осы керемет айды бір мен емес, ел-жұрт асыға күтеді деп ойлаймын.
Әйелдің ішкі әлеміне үңілсең, оның жанынан нәзіктікті, жылылықты байқайсың. Емен-жарқын отырып сыр шертісіп пікірлесе қалсаңыз, таным дүниесінің тереңдігін аңғарасың. Әйел қай істі болмасын тұрақты атқарады, өте сезімтал. Дүниеге ұрпақ әкеліп отырған олар елдің, халықтың амандығын алдымен тілейді. Жылдың төрт мезгілінің ішінде алдымен әйелдерге ұнайтыны – көктем мезгілі. Өйткені бұл әйел жанымен үндестік тапқандай.
– Сіздің тектілердің туын тіккен Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов ауылында дүниеге келгеніңізден хабардармыз. Тұғырлы мекеннен ақын Әбдікәрім Оңалбаев, ақын-жазушы, драматург Қомшабай Сүйенішов сынды елге белгілі азаматтар шыққан. Сіздің де сол жерде дүниеге келуіңіз жүректе мақтаныш сезімін оятады емес пе?
– Әрине, мен туып-өскен жердің топырағы құнарлы ғой. Талай тарлан тұлғаны өңірінен өрбітіп, өлең төсінде тербеткен осындай жерде дүниеге келгенімді мақтан тұтамын. Жұмыстан тыс уақытта елге жиі барып тұрамын. Ата-бабамыздың, ата-анамыздың ізі қалған, маңдай терін төгіп қызмет жасаған, өмір сүрген жер – мен үшін қашанда өте ыстық. Елдің адамдарынан қарапайымдылықтың, тектіліктің иісі аңқып тұрады.
– Еңбек жолыңыз қалай өрілді?
–1982 жылы он жылдықты бітіріп, Н.В Гоголь атындағы педагогикалық институтына оқуға түсіп, математика факультетін тәмамдап шықтым. Сөйтіп, алғашқы еңбек жолымды Тасбөгет кентіндегі №172 орта мектепте математика пәні мұғалімі болудан бастадым. 2007 жылы сонда директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Екі жылдан соң №39 «Қызылөзек» орта мектебіне директорлық қызметке тағайындалдым. 2011 жылға дейін осы білім ордасында еңбек еттім. Мұнан соң қаладағы 54 жылдық тарихы бар Ғ. Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебіне басшылық қызметке келдім. Қазір Тасбөгет кентіндегі №257 орта мектептің директорымын. Еңбегім ескеріліп, талай мәрте білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапатталып, абырой биігіне
көтерілдім.
– Ең бақытты сәтіңізді еске түсіре аласыз ба?
–Ең бақытты кезім – өзім тәрбиелеген шәкірттерім қыран құстай қалықтап, биікті бағындыруы. Сондай шұғылалы шақта мәртебең өсіп, мерей биігіне көтерілесің. Бақ деген ол – жасаған қызметің мен маңдай теріңнің жемісін көру. Мақтанатын шәкірттерім де жетерлік. Бірі – ақ халатты дәрігер болса, екіншісі – ұстаз, үшіншісі – қарапайым еңбек адамы.
–Ұстаздық мамандықты бала кезден армандадыңыз ба?
– Бала қиялы өте ұшқыр ғой. Ауылда өскен маған кішкене кезімде ақ халат киген дәрігер ерекше ұнайтын. Онда, әрине, «кім болам?» деген ой зердемізге келе де қоймаған кез. Ал кейін бізге Саракүл Әбілдаева апай келді. Ол кісі математика пәнінен берді. Есепті күнделікті өмірдегідей мысалмен түсіндіргенде, сабақтың қалай аяқталып, уақыттың қалай біткенін сезбейтінбіз. Қоңырау соғылып жатса да, мұғалімнің қасынан кеткіміз келмейтін. Осылайша, есепке құмарлығым, ақыр соңында ұстаздыққа алып келді.
– Қазір техниканың дамыған, озық технологияның өмірге еніп жатқан заманы, балалар қолына кітап ұстағаннан гөрі мектепте де, үйде де компьютерге, не ұялы телефонға үңілгенді ұнатады. Осы жағы сізді алаңдатпай ма?
– Жұмыста да, үйде де өмірімізге компьютер енгені рас. Білім жағынан, экономика тұрғысынан дамыған елдің қатарына қосылу үшін ғаламторды меңгергенді де құп көремін. Алайда сенімен шынайы дос болатын кітаптың орны ерекше екенін мойындаймын. Мен ұлыма «неге кітап оқымайсың?» деп талап қоямын. Бір жолы өзім Жаяу Мұса туралы кітап оқып жүргенмін. Соны жастығымның астына қалдырып кетіппін. Ұлым кітапты тауып, оқып шығыпты. Сонда өзімнің 5-сыныпта жүргенде жоғарғы сыныптағы ағамның «Ғашықтар» деген кітабын ұрлап оқығаным есіме түсті. Оның кітап оқуға ынтасы ашылған болу керек бір күні, «маған тағы да қызық кітап әкеп беріңізші, оқиын» деп қиылып тұр... Қалай десек те, тәрбие ең алдымен үйден, отбасынан, ата-анадан басталатыны белгілі. «Тәрбие – талбесіктен» дегенді ата-бабамыз тегін айтпаған. Осылайша, балам екеуміз кітап оқуды өзімізге мақсат етіп қойдық.
– Гүлмира деген сіздің есіміңіздің мән-мағынасын білуге ұмтылып көрдіңіз бе?
– Әрине, «гүл» көктем айының падиша көркін бейнелейтін – әсемдік символы. Менің көктем айын жақсы көруімнің себебі содан болар. Екінші «мир» «бейбітшілік» деген ұғым. Біздің тәуелсіз ел үшін бейбіт күннің орны ерекше. Мен өзімді ең әдемі есімді иеленгенім үшін бақытты сезінемін.
–Несі бар, екі жақсы нәрсенің басын қосқанда – бір жақсы мұғалім, іскер басшы шыққан екен, бұған сүйсінбеу мүмкін емес. Негізі, жақсы ұстаз болу – бақыттың үлкені.
–Әңгімеңізге рахмет!

Гауһар Қожахметова

\


12 қараша 2019 ж. 1 361 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (1624)

27 наурыз 2020 ж.

№22 (1623)

21 наурыз 2020 ж.

№21 (1622)

17 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 8 875 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам