Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАНЫБЕК ӘБДУОВ: ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ДӘСТҮРЛІ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК... 

ҚАНЫБЕК ӘБДУОВ: ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ДӘСТҮРЛІ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК... 


Қазақ журналистикасында өз орнын еншілеген облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Қаныбек Әбдуов биыл ер жасы – елуге толып отыр. Қара сөзді қару ететін салада ағамыз абыройлы қызмет жасап келеді. Оқырмандар арасында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп тұрады. Жазған дүниелері әрбір адамды бірден өзіне баурай түседі. Құнарлы ойға толы мақалалары құмарта оқитын туындыға айналады. Тілі жатық, ойы орамды. Өзіне ғана тән жазу машығы бар. Кейбіреулердікі секілді таптаурын дүниеге толы емес. Сондықтан да болар, оқырман бұл автордың соны дүниелерін іздеп жүріп, жастана жатып оқиды. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы болса да, қызылордалық атанғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Бір қасиеті, ешкімді жатырқай қоймайды. Жасы үлкенмен ағынан жарыла ұлттық, тарихи, әдеби дүниелер жайында сыр ақтарса, ізінен ерген кішілерге бағыт-бағдар беріп, өз мамандығында дұрыс жол таңдауына келелі кеңесін айтады. Ел ағасымен мерейтой қарсаңында ой бөлісудің орайы келген еді.
– Елу жасты қазақ өмірдің бел ортасы деп санайды. Адам бұған дейін кейбір мәселеде шалағайлық танытса, енді талғам-таразысына тартып, ой тоқтата қарайтыны бесенеден белгілі. Осы жүріп өткен өмір жолыңыздан не түйдіңіз?
– Расында, жүздің жартысын жасадық. Біреуге аз, біреуге көп. Талай ұстаздың алдын көрдім, талай ортаның ішінде біте қайнастым. Қарап отырсам, бүгінгі жеткен жетістіктерімнің бәрі соларға тікелей байланыс¬ты екен. Қайда жүрсем де салиқалы ойы бар, салмақты пікірі бар ортада болдым. Негізі, адамды өсіретін де, өшіретін де сол ғой. Сондықтан, қоғамда осы нәрсеге абай болған жөн. Мен бүгінгі күнге дейін жеткен асуыма оңай жеттім дей алмаймын. Талай қиыншылықты бастан өткердік. Сол кездегі қысылтаяң уақыттың біраз қолбайлау болғаны рас. Бірақ, «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» дегендей бұл қиындықты да еңсердік. Айлар өтті, жылдар көшті. Ел қатарлы аяққа тік тұрып, еңсе көтерер жағдайға жеттік. Алғаш еңбек жолымды шаруашылықта жұмысшы болудан бастадым. Үш рет тәуекел етіп, діттеген мақсатыма жеттім. Сөйтіп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атандым. Бұл менің маңдай теріммен жеткен алғашқы жетістігім еді. Арасында азамат ретіндегі басты парызым – Отан алдындағы борышымды да өтеп қайттым. Келген соң оқи жүріп, еліміздегі беделді басылым – «Жас алаш» газетінде тілшілік, кейін аға тілшілік қызметін атқардым. Оқи жүріп, отбасылық өмірдің ащы-тұщысын таттық. Екі балам болды. Ол кезде де жоқшылық біраз көлеңкесін түсіріп жүрді. Ауылдан ұзап шығып, Алматыда тасалайтын ет жақын ағайын болмаған соң, жататын баспана да біраз әбігерге салды. Тапқан тиыныма пәтер жалдап, анда-мында көшіп жүрдім. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін менің алдымда сан тараулы жолдар тұрды. Алматының өзінде қалуға мүмкіндік зор еді. Атағы дүркіреп тұрған республикалық газетте қызмет жасаймын ғой. Газет басшылығы тарапынан Сыр өңіріне меншікті тілші болуға ұсыныс болды. Ойлана келе оған келісім бердім. Сөйтіп, қызмет бабымен осында қоныс аудардым. Содан бері мұндағы жергілікті халықпен етене сіңісіп, қызылордалық атанған жайымыз бар.– Аға буынның бойындағы қандай қасиеттерді ардақ тұтасыз немесе кейінгі толқынның сіз сүйсін¬е¬тін ерекшеліктері бар ма? – Мен өзімнен бұрынғылардан көп нәрсе үйрендім. Олардан алған тәлім-тәрбием бүгінге дейін өзіме азық болып келеді. Ауыздарынан шүкірі түспейтін ел ағаларымен дәм-тұздас болып, барға қанағат, жоққа сабыр етуді үйрендім. Қызметте талай мысы басып тұратын кісілермен сұқбаттасып, батылдықты, қайтпас қайсарлықты игердім. Қазір қандай да бір азамат атқа лайық болсам, сол кісілердің ықпалы дер едім. Ал, жастарға келсем, қазір олардың қолы ұзын. Ұзын деп отырғаным, біз сырын көп түсіне бермейтін ғаламторды, техниканы олар еркін меңгерген. Мен жастардың осы қасиетіне ерекше сүйсінемін. Ақпараттық техника заманында оның әрбір қатпарына дейін бес саусақтай білгенін қалаймын. Себебі, бұл – уақыт талабы. Мүмкіндік барда білсін, үйренсін. Кезінде өзімізде мұндай мүмкіндік болмай, біраз шегіншектеп қалғанымыз рас. Дегенмен, бұл жерде бір «бірақ» деген нәрсе бар. Ол – бүгінгі жастардың кітап оқуға деген құлықсыздығы. Біліктілік пен білімділік бәсекеге түскен кезеңде бұл олқылық та орнын толтырар деген ойдамын.– «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді данышпан халқымыз. Тағдыр болған соң, неше түрлі жағдаймен бетпе-бет келу – өмір заңдылығы. Осы кезге дейін «Қап!» деп сан соғып, есе жіберген кезіңіз болды ма?– Шынымды айтсам, мен бүгінге дейінгі өміріме еш өкпем жоқ. Кейде ұсақ-түйек нәрселер болып тұратын шығар. Бірақ, ғұмырыма жететін өкініш есімде қалмапты. Осы арада бір бастан өткен жәйтті әңгімелей кетейін. Алматыда «Жас алашта» жүрген кезімде Елбасымен кездесетін болдық. Сол тізімге мен енбей қалдым. Себебі, оған өте келбетті жігіттерді іріктеп алған еді. Содан шешеме «Неге мені ажарсыз ғып туасың» деп бұлқынғаным бар (күлді). Сонда шешем: «Айналайын, «Ат ерінді, ер мұрынды болады» деген. Мен сені батыр болсын деп мұрынды ғып тудым» деп жұбатқаны бар еді.
– Бүгінде журналистика саласында өзіндік қолтаңбаңыз бар жансыз. Қазіргі қазақ журналистикасының даму деңгейі туралы не айтасыз?
– Өзің де осы саланың ішінде жүрсің. Мұндағы серпіліс, мұндағы жүріп жатқан ілгері үдеріспен, ерекше өзгерістермен де жақсы таныссың. Бастысы, даму, алға жылжу бар. Себебі, қазір мүмкіндік зор. Мына қолымызда тұрғандай түрлі-түсті газет, тартымды дизайн Кеңес одағы кезінде болмады ғой. Сондықтан, барды бар деп айтып, бағасына жете білу қажет. Сондай-ақ, қазір жеделділік басым. Шүкір, біз бұл ыждаһаттылыққа ілесіп келе жатырмыз. Бүгінгі болған жағдай бүгін жазылып жатыр. Оны оқырман газеттен, не болмаса басылым сайтынан оқып уақытында қол жеткізуде. Сондықтан, өз басым бізде бұл сала кенжелеп барады деп байбалам салудан аулақпын.
– Осы орайда қазақ және орыс журналистикасының ара жігіне қандай баға бересіз? Қай жерден ұтып, қай тұстан есе жіберіп жүрміз?
– Ұтылып жатырмыз дей алмаймын. Бір айтары, орыс журналистикасында ізденіс басым. Жасырмаймын, бізде сараптама мақалалар аз. Кең ауқымды, тілшінің өзіндік адами, кәсіби тұрғыда елеп-екшеп, маман пікірін қосып, ойға орамды қиюластырып жазған мақалалары некен-саяқ. Мүмкін, оған қазіргі уақыт талап ететін қысқа-нұсқалық та ықпал ететін шығар. Екінші жағынан, қазір ат құйрығындай шұбалаңқы дүниені оқитын оқырманның жоқтығын да уәж етеміз. Сосын ғаламтордан көшіру немесе баспасөз парағы айналасында қалып қоятын журналистер бар. Ол жағын жасырмаймын. Баспасөз парағындағы өзекті бір сөйлемнің өзінен тұтас сараптама мақала дайындауға болады. Өкінішке орай, мұндай кәсіби қырағылық бізге жетіспей тұр.
– Сонда сіздің ойыңызша, қазақтілді журналистер тағы қандай тың тақырыптарды көтеруі керек деп ойлайсыз?
– Қазір айналаңның бәрі толған бір-бір тақырып. Меніңше, журналист барынша еркін тақырыпта қалам тербеуі тиіс. Оны кәсіби тұрғыда дамытатын осы нәрсе. Сірескен саясат, медиа-жоспар төңірегінде ой қозғау тілші үшін еңбек емес. Мәселен, неге табиғат туралы жазбасқа? Қазақ салт-дәстүрінің сыры, құсбегілік, тазы баптау, бүркітшілік кәсібінің қыр-сырын оқырманға неге жеткізбеске? Осындай қарапайым тақырыптарда тілге жатық, ойға жеңіл мақалалар дайындауға болады ғой. Күрделі тақырыпта жазу журналист кәсібилігінің көрсеткіші емес.
– Қазір интернет журналистикаға көшіп келеміз. Оның алғашқы екпінімен біраз басылымдардың жабылып қалғанын да білеміз. Осы тұрғыда дәстүрлі журналистиканың ахуалы туралы не айтар едіңіз?
– Дұрыс қой, журналистикадағы жеделділік – уақыт талабы. Бұл ақпарат ағымындағы біз үшін өте қажет дүние. Бірақ, қолмен ұстап, көзбен көріп оқитын басылымның біз үшін де, оқырман үшін де орны айрықша. Тіпті, газетте мақаланың авторы ретінде өз аты-жөніңді көрудің өзі үлкен қуаныш. Бұл сенің мамандығыңа деген ынта-жігеріңді қайрай түседі. Ал, қазір интернет журналистикаға көшеміз деп аз-кем олқылықтарға жол беріп жүрміз. Желіде керексіз мәлімет, жалған ақпар көбейді. Шоу-бизнес жаңалықтарынан әрі аса алмай қалдық. Осы тұстан алып қарағанда бәрібір дәстүрлі журналистиканың шоқтығы биік. Ол қашанда өз өміршеңдігін жоймақ емес.
– «Он бәленің тоғызы – тілден» дейді. Бұқараның сөзін сөйлеймін деп беделіңізге көлеңке түскен кез болды ма?
– Жоқ, ондай жағдайға тап болмаппын. Әзірше, кәсіби шеберлікпен өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын бағытта ой қаузап жүрміз. Біреудің беделіне нұқсан келтіріп, өзіме абырой жинау – менің азаматтығыма сын.
– Бір шаңырақтың арқасүйер отағасысыз. Отбасындағы бүгінгі әке рөлі қаншалықты жоғары деп ойлайсыз?
– Барлық отбасылардың атынан жауап бере алмаймын. Өзім шаңырақта әкенің ықпалы қаттырақ болғанын қалаймын. Негізінде, бала әкеден, не шешеден, яғни біреуінен аяқ тартуы керек. Бұл тәрбиедегі басты қағида болуы тиіс. Өзіміз де солай өстік қой. Сәл мүлт кетсек, әкеміз жон арқамыздан қамшымен осып-осып жіберетін. Сонда бір бетке қарсы келіп, қасарысу деген жоқ. Себебі, біз әкеден именіп ержеттік. Ал, қазіргі жастарды олай қамшыламақ түгілі, артық сөз айтуға қорқамыз. Бұл әкенің отбасындағы осалдығынан деп білемін. Өз басым тәрбиеде қаталмын. Талап қоямын. Одан нәтиже сұраймын. Ал, қажет кезде жолдасындай сырласамын. Өйткені, баламен арасында еркін әңгіме-дүкен құрып тұрған да дұрыс. Тәубә, бүгінге дейін көзге көрінген балаларымның ешқайсысы сөзімді екі етіп, жүзімді төмен қаратқан емес.
– Елу жылда жеткен басты жетістігім деп нені айтар едіңіз?
– Шариғатта ер адамға ұрпақ қалдыру, оны мұсылман ету, тал егу, үй салу парыз деп міндеттелген екен. Ойлап қарасам, мен бұл міндеттің барлығын абыроймен атқарған сияқтымын. Маңдайыма берген төрт перзентім, Құдай қосқан жарым бар. Асып-таспасам да ел қатарлы дәулетім, басымда баспанам бар. «Азамат абыройымен ажарлы» демекші, бір басыма жететін беделім бар. Өткен-кеткенді қағаз бетінде шимайлаған азды-көпті еңбектерім, естеліктерім бар. Міне, менің – жетістіктерім. Бұдан асқан қандай жеңіс болуы мүмкін... Өткен елу жылыма мен дән ризамын. – Аға, уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет! Жазарыңыз таусылмасын.
Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
28 қыркүйек 2017 ж. 553 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (1466)

25 тамыз 2018 ж.

№63 (1465)

21 тамыз 2018 ж.

№62 (1464)

18 тамыз 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 623 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам