Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мира ҚАЗБЕКОВА, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: МӘДЕНИЕТ МЕРЕЙІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Мира ҚАЗБЕКОВА, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: МӘДЕНИЕТ МЕРЕЙІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

  Мәдениет пен тіл – қашанда бірін-бірі толықтырып тұратын егіз ұғым. Олардың ел дамуына қосар үлесі өлшеусіз. Себебі, аталмыш сала тарапынан жасалып жатқан келелі істер кемел келешекке бастайтын даңғыл жол болмақ. Ендеше, қаланың мәдениет саласы ескі жылда қандай жаңалықтар мен жетістіктерге жетті? Қандай ілкімді істер қолға алынды? Осы мақсатта қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мира Қазбековамен емен-жарқын әңгіме құрудың сәті түскен еді.
– Мира Жомартқызы, елімізде мәдениет саласын дамыту мен мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Ендеше, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған бөлімнің атқарып отырған қызметінен бастасақ.
– Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі – шаһар тұрғындарының мәдени тұрғыдан дамуын, мемлекеттік және тіл саясатын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірден-бір мекеме. Сондай-ақ, облыс орталығында тойланатын барлық мемлекеттік мерекелерді, концерттерді, ән және би фестивальдерін, әртүрлі деңгейдегі сайыстарды, халықтық қолөнер көрмелерін, түрлі бағыттардағы семинарлар мен конференциялардың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етеді. Аймақтық, облыстық, республикалық конкурстарға, фестивальдерге қатысу арқылы халық шығармашылығының үздік ұжымдарын насихаттап, ұлттық мәдениеттің дамуына және сақталуына бағытталған әртүрлі мәдени бастамаларды ұйымдастырады. Осылайша қаланың мәдени-рухани тұрғыда жаңғырып-жаңаруына үлес қосады. Мұнан өзге түскен ұсыным хаттар бойынша ономастика жұмысшы тобының қызметін жүйелі үйлестіріп, тиімді шараларды алға тартады. Мәселен, қаланың құрамдас бөліктеріне атау беру жөніндегі мәселелер де тікелей біздің бөлімнің ықпалымен жүзеге асатын шаралардың бір парасы.
– Бөлімге қарасты мәдениет ошақтары туралы айта кетсеңіз...
– Қазіргі таңда бөлімге қарасты «Қалалық мәдениет үйі, клубтары және халықтық ұжымдар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны, орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және шаруашылық жүргізу құқығындағы қалалық мәдени-демалыс паркі жұмыс жасайды. Сондай-ақ, қала бойынша қосымша 34 мәдени нысан халыққа қызмет көрсетеді. Нақтырақ айта кетсек, олардың қатарында 12 мәдениет үйі мен клуб бар. Оның ішінде 9-ы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Сонымен қатар, зағиптар клубы бар. Ал, барлығы 21 кітапхананың 12-сі округтер мен оған қарасты ауылдарда орналасқан. Десе де, біз олардың жұмыстарын назардан тыс қалдырған емеспіз. Аталған нысандармен үнемі тығыз байланыс жасап, тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырамыз. Себебі, мәдениет мерейі – біз үшін қашанда ортақ міндет.

– Біздегі мәдениет үйлерінің қызмет сапасын жақсартуда қандай шаралар атқарылуда?
– Қала орталығында орналасқан А.Тоқмағамбетов, М. Ералиева және С.Майқанова атындағы мәдениет үйлеріне 2014 жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Атап айтқанда, ғимараттардың сырты ұлттық нақышта безендірілді, көрермен залының орындықтары ауыстырылды, үйірмелерге арналған арнайы бөлмелер жаңартылды. Бүгінде бұл рухани ордалары қала халқының игілігі үшін салтанатты жиындар, республикалық айтыстар, сөз мәйегін саралайтын – мүшәйралар, түрлі бағыттағы іс-шаралар халықтың рухани кемелдік тұрғысынан байи түсуіне орасан септігін тиігізіп келеді. Сондай-ақ, былтыр А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасы толықтырылды. Жаңа ғасыр талабына сай LED экран орнатылды.
– Мәдениет үйлеріне жас мамандар тарту жағы қалай жүріп жатыр? Қызметке жаңадан орналасқан жастардың ұжыммен, оқушылармен жұмыс жасау белсенділігі қалай?
– Мен осы бөлімнің басшысы ретінде біздегі қызметкерлердің 60 пайызына жуығы жас мамандар деп толық айта аламын. Олардың жұмысқа деген қызығушылығы, ынтасы, белсенділігі өте жоғары екенін көріп қуанамыз. Үнемі ізденіс үстінде жүретін олар әрбір шарада көптеген үздік идеяларын ортаға салады. Жан-жақты болуға талпынады. Мәселен, мәдениет үйі жанынан құрылған «Жастар» театры осы сөзіміздің айқын дәйегі болса керек. Талантты жас әртістер қазірдің өзінде көрермен назарына бірнеше қойылым ұсынып, көп қошеметіне ие болып үлгерді. Соңғы буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында осыдан екі жыл бұрын театр үйірмесі өз жұмысын бастаған еді. Сөйтіп, сол жылы шығармашылық ұжымның алғашқы қойылым шымылдығы – Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты күлкінамасымен түрілді. Соның негізінде былтыр қала әкімі Н.Нәлібаевтың тікелей қолдауымен «Жастар» театры үшін жергілікті бюджеттен 13 штаттық бірлік бөлініп, құрамына тағы да қосымша жас мамандар қабылданды. Бүгінде жас әртістер қатары толығып, кәсіби шыңдалу үстінде. Құрылғанына көп бола қоймаса да, олардың бағындырған асулары жетерлік. Соның бірі – Шымкент қаласындағы «Aşık Alan» театр фестиваліне қатысып, облыс намысын қорғап қайтты. Байқауда тəжірибесі мол театр саңлақтарымен бақ сынасып, «Ерғали Оразымбетов» атындағы номинациясын иеленіп, жүлделі орын биігінен көрінді. Талапты жастар мұнымен шектеліп ғана қалмай, Астана қаласында ұйымдастырылған оқу-семинарға қатысып, тәжірибе алмасты. Сертификат иегерлері атанған театр әртістері республикаға белгілі сахна өнерінің ұстаздарынан сабақ алып, шеберліктерін арттырды. Енді олар алдағы уақытта «Неге?», «Томирис», «Цирктен қашқан қасқыр» атты қойылымдарды сахналап, сүйікті көрермендерін қуантпақ. Мен тек «Жастар» театрының ғана жетістіктерін әңгімелеп отырмын. Мұнан да өзге мәдениет үйлерінің белсенді әрі білікті маманына айналған жастарымыз көп. Біз бұл жөнінде мақтанышпен айта аламыз.
– Қазіргі таңда республика бойынша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Осы тұрғыда қаламызда атқарылған ауқымды шараларды атап өтсеңіз.
– Елбасының аталмыш мақаласы оқыған жанның санасын сілкіндіріп, ерекше серпін берген үндеу болды. Ол «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп атап өтіп, туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуға міндеттеген болатын.
Оны саралай айтсам, «Туған жерге тағзым» бағыты бойынша туған өлкеге, елге еңбегі сіңген азаматтардың сала бойынша жеткен жетістіктерін халыққа паш ету мақсатында «Дария жағасындағы қала» атты қаланың өсіп- өркендеуіне еңбегі сіңген құрметті азаматтармен ашық аспан астындағы кездесу өтті. Шаһар мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған шарада OPEN AIR кеші және «Келбеті көркем, келешегі кемел Қызылорда!» атты мерекелік гала-концерт көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, «Рухани келісім» күніне орай мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен «Алдымен сүй, ардақта ата-анаңды» атты тақырыбында кездесу кеші, «Үздік жүргізуші-2017» атты қалалық жүргізушілер байқауы өтті. «Q-dance» би студиясы, «Сыр сандуғаштары» балалар вокалды тобы, «Жастар театры», «Библиокеруен», «Менің көшемнің тарихы» және «Сыр сүлейлері» жобалары көрерменге жол тартты.
– Ескі жыл қала мәдениеті үшін қандай жағымды жаңалықтар мен жетістіктер әкелді?
– Өткен жыл біз үшін жарқын бастамаларға толы болды. «Сырлы саз» халықтық фольклорлық ансамблі және «Мереке-думан» әзіл-сықақ отауы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің жарлығымен халықтық атағын иемденді. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар түрлі байқауларға қатысып, марапат биігінен көрінді. Атап айтқанда, республикалық, облыстық өнер бәйгелерін қоспағанда олар барлығы 12 халықаралық байқауға қатысып, ел намысын қорғап қайтты. Сүйсінерлік жетістіктері де жоқ емес. Жалпы, өткен жылы жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында заманауи ойын-сауық және жаңа жүйедегі түрлі креативті шараларға көп басымдық берілді. Атап айтар болсақ, заманауи би жанрларымен қатар, эстрадалық ән салу, жүргізушілер мен шоумендер арасында кастинг ұйымдастыру, «Қара жорға» ұлттық би түрлерінен орталық алаңдағы жастардың флеш-мобы, қалалық «Жас өнертапқыштар» инновациялық жобалар байқаулары ұйымдастырылды. Балалар мен жастардың, халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сай «Жайдарман» КТА үйірмесі, қобыз, жас бард орындаушылары, қыз-келіншектер сырласу клубы, «Бегім-ана» аналар клубы, «Әзілкештер ауылы» атты әзіл-сықақ үйірмесі және тағы да басқа біршама үйірмелер қыркүйек айынан бастап өз жұмысын бастады.
– Сала жұмысын жүйелеуде қай бағытта басымдық берілді?
– Әсіресе, бұқарамен жұмыс ұйымдастыруда кемшіліктер орын алып жатады. Іс-шаралардың көбісі белгілі бір аудиторияға ғана арналып жатады. Мұндай шаралардың санын азайтып, көпшілік халықты тарту мәселесіне басымдық беруге тырысамын. Әрине, Қызылорда – жастар қаласы. Десе де, тек қыз-жігіттерге арналған заманауи үлгідегі шаралармен қатар, ұлттық мәдени құндылықтарды назардан тыс қалдырмауымыз шарт.
– Биыл қаламыздың 200 жылдық мерейтойы тойланады. Айтулы мерекеде шаһарымызда қалай аталып өтіледі деп жоспарлануда. Мерейтой қарсаңында қандай мәдени іс-шаралар көпшілік назарына ұсынылады?
– Қызылорда қаласының 200 жылдық мерекесіне орай республиканың барлық облысында Сыр сүлейлерінің «Жыр керуені» фестивалі өтеді. Сондай-ақ, жыл көлемінде бірнеше ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында 1 наурыз – Алғыс айту күніне «Ықылас пейіл, ай құшақ», көктемнің алғашқы мерекесі қарсаңында әйелдер форумы, «Қыдыр қонған Қызылорда» республикалық би байқауы, республикалық «Сырдария достық өзені» балалар шығармашылығына арналған ән фестивалі, «Қызылорда – сүйікті қалам» республикалық композиторлар мен әншілер конкурсын және басқа да мемлекеттік мерекелерді, республикалық деңгейдегі іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Сыр сүлейлері» аллеясының аумағында мамыр-қырқүйек айлары аралығында ай сайын түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Жобалардың басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге, өскелең ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрлерімізді сіңіру, халқымыздың мәдени мұралары мен рухани байлығын насихаттау, олардан шығармашылық тұлға қалыптастыру болып табылады. Осылайша Елордамыз – Астананың 20 жылдығы, Қызылорданың қос ғасырлық мерейтойы аясында қала тұрғындары мен қонақтарына жоғары мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Игілікті іске қаланың әрбір тұрғынын жұмыла атсалысуға шақырамын.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.



23 қаңтар 2018 ж. 404 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (1460)

06 тамыз 2018 ж.

№57 (1459)

31 шілде 2018 ж.

№56 (1458)

28 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 205 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам