Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қуаныш Жанұзақов: ҚЫЗЫЛОРДА МЕРЕЙТОЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ

Қуаныш Жанұзақов: ҚЫЗЫЛОРДА МЕРЕЙТОЙЫНА ДАЙЫНДЫҚ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ

 Қашанда ішкі саясат саласында қарбалас тірлікті аңғару қиын емес. Осындай жұмыс кестесі Қызылорда қалалық ішкі саясат бөліміне де тән. Бөлім мамандары саяси тұрақтылықты, ұлтаралық келісімді, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықты дамыту басқа да істердің үнемі басы-қасында жүреді. Сондай-ақ, қаладағы айтулы оқиғаларды қамтып, атаулы мерекелік шараларды ұйымдастырады.
Өткен жылы қандай іс-шаралар атқарылды? Биылғы жоспар қандай? Осыған орай біз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қуаныш Жанұзақовты әңгімеге тартқан едік.
– Қуаныш Қуантқанұлы, өзіңіз басқарып отырған бөлімнің атқарылар жүгі де, жауапкершілігі де салмақты. Бұл қызметке келгеніңізге 2 жылға жуықтады. Қандай істер атқарылды? Алдағы мақсат-міндет қандай?
– Өткен жылға өкпе жоқ. Жылдық жоспарымыз, алға қойған мақсат-міндеттер жүзеге асты. 2017 жылы бөлім жанынан жастар ресурстық орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеті – жастардың бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, олардың арасындағы ахуалға мониторинг жүргізу, талдауды жүзеге асыру.
Сонымен қатар, республикалық және жергілікті жердегі интернет сайттарымен тығыз байланыс орнатуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жолға қойылған.
– Елбасы Жолдауын насихаттау бағытында қандай іс-жоспар жасалды? Сіздердің бөлім тарапынан бұл бойынша қандай игі істер қолға алынуда?
– Елбасы Жолдауы бойынша ақпараттық-насихаттық шараларын кеңінен жүргізу міндеті біздің бөлімге жүктелген. Жолдау мемлекетіміздің алдағы дамуының жаңа кезеңін айқындап береді.
Бұл бағытта бөлім тарапынан арнайы іс-шаралар, медиа жоспар бекітілді. Сонымен қатар, қалаға қарасты барлық елді мекен тұрғындары, жастар, кәсіпкерлер арасында Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіру мақсатында арнайы желілік кесте әзірленіп, бүгінгі күнге 50-ден аса іс-шара ұйымдастырылды.
– Қаладағы қоғамдық-саяси және діни ахуал тұрақтылығы жөнінде не айтасыз? Бұл тұрғыда біраз жұмыс қолға алынған секілді.
– Орынды сұрақ. Бүгінгі күнге қаламыздағы қоғамдық-саяси және діни ахуал тұрақты сипатта. 2013 жылдан бастап облыс әкімдігі, облыстық прокуратура тарапынан аймақтың «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары картасы» бекітілді. Осы орайда көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Онда көзделген мәселелер бойынша халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне шұғыл диагностикалау жүргізілді. Мүдделі органдардың бірлескен шараларының нәтижесінде нақты істер атқарылды. Қала бойынша 18 мешіт және 11 өзге діни бірлестік бар. Әкімдік жанында дін мәселесі бойынша тұрғындарға түсіндірме жүргізетін арнайы топ бар. Былтыр діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 110 кездесу өткізілді. Оған қоса бөлім тарапынан мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында негізгі 2 бағыт бойынша жобалар жүзеге асырылды. Жастар арасында да жат діни ағымдардың таралуының алдын алуға мән беріп отырмыз.
Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу жобасы аясында республикаға белгілі, жоғары, білікті теолог Ризабек Ілімбаев қалаға арнайы шақырылды. Ол кісі «Мүсірәлі» мен «Нұр» мешітінде «Ұлттық құндылық және дәстүрлі ислам» тақырыбында уағыз айтты. Сонымен қатар, теолог мамандарға күмәнді деп танылған 32 топ және осы мәселені насихаттайтын 26 материал анықталып, дінтану сараптамасын жүргізуге ұсынылды. Айта кету керек, облыс әкімінің теолог штатын ашу туралы тапсырмасына сәйкес бөлімге қарасты жастар ресурстық орталығында арнайы штат бөлінді.
– Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Қызылорда жастары қаншалықты белсенді? Олардың жаңа жобалары, тың идеялары жайында айтып өтсеңіз...
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыс орталығында 70 мыңға жуық жас азаматтар тұрады. Оның ширек бөлігін 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Әрине, басым көпшілігі қалада тұрса, қалғаны қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтердің үлесінде.
Жоғарыда атап өткеніміздей, жастар ресурстық орталығында 6 маман қызмет атқарады. Биыл жас буын өкілдерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыру аясында бірнеше әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Аталмыш орталық және «Қызылорда-Жайдарманның» ұйымдастыруымен былтыр 4 рет республикалық «Сыр елі» бірінші лига жайдарман чемпионатын өткізді. Онда елдің түкпір-түкпірінен 20-ға жуық команда бақ сынасты. Ал, биыл Астанада өткен «Маусымашар-2018» жайдарман фестивалінде аталмыш республикалық «Сыр елі» бірінші лигасы үздік атанды.
– Жыл санап қаламызда көрікті орындар қатары көбеюде. Дегенмен, оларды бүлдіріп вандализмге ұрынғандар кездеседі. Бұл бағытта қандай іс қолға алынды? Нәтижесі қалай?
– Бұл келеңсіздікпен қоғам болып күрескеніміз дұрыс. Қаламыз күн санап өркендеп келеді. Қала тазалығы – елдің көз алдында. Қолдау білдіріп, үн қосып жатқан қала тұрғындары өте көп. Дегенмен, әсем-әдемі болып тұрған дүниені бүлдіріп, сындырып жатқандар да кездесуде. Бұл тұрғыда қала әкімі қалалық жергілікті полиция қызметіне тиісті тапсырма бергенін білесіз.
Осы орайда айта кететін бір мысал бар. Екі жыл бұрын қалаға көрік беретін, жастардың елжандылық мінезін қалыптастыруға арналған орын – Мемлекеттік рәміздер аллеясы ашылды. Алғашқыда бұл орын тұрғындардың қыдырып, жастар отау құрғанда баратын, қарияларымыз немерелерімен жүретін демалыс орны болды. Өкінішке орай, тұрғындар ішімдік, шемішке, темекі қалдықтарын қалдырып, жарық шамдарын сындырып, әдемі аллеяны бүлдірді. Бірнеше рет тазалық шарасы жүргізіп, бүлінген заттарды қайта қалпына келтіріп көрдік. Болған жайт қайталана берді. Сондықтан, еліміздің ең басты рәміздері орналасқан аймақ, қасиетті орын болып табылады. Бұл орынды қастерлеу-баршамыздың міндетіміз. Сол себепті алаң арнайы ресми шаралар өткізетін орын болып белгіленді. Бүгінгі күні осы мақсатта ұсыныс түскенде оған кіруге рұқсат беріледі.

– Қоғамдық орынның бірі – аялдама. Біразы жаңартылды, қазақы нақыл сөздер жазылды. Бірақ, аялдамаға аяушылық танытпай, оны бұзғандар да кездесті емес пе...
– Иә, бүгінде облыс орталығында заманауи жаңа үлгідегі 118 аялдама орнатылған. Әрбірі түрлі ақпараттық-танымдық тақырыпта безендірілді. «Мобильді кітапхана» арқылы көлік күтіп тұрған жолаушылардың уақытын тиімді пайдаланып, кітапқа қолжетімділігін қамтамасыз ету аясында 23 электронды кітаптың виртуалды сөресі орнатылды. Вандализм көріністері мұнда да орын алды. Жаңа аялдаманы таспен сындырып, әйнектерін шағып кеткен жайттар кездесті. Бұл мәселе бойынша жергілікті полициямен тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жасалуда.
– Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс жасау ішкі саясат бөлімінің құзырына кіреді. Бұл бағытта қандай шаралар жасалуда?
– 2016 жылы мемлекеттік ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу қызметінде 10 жоба болды. Былтыр 14 лот жүргізілді. Оған 2 телеарна, 5 газет, 3 интернет-сайты қамтылды. Ал, биылғы жоспарға сәйкес 15 лот қарастырып, 2 телеарна, 6 газет, 3 интернет-сайтпен жұмыс жасау қолға алынуда. Қазіргі таңда аталған жобалардың 4 лоты толығымен аяқталды. Қалған 11-не ҚР «Мемлекеттік сатып алу» Заңына орай конкурстар жарияланды.
Жалпы, қаламыздағы төртінші билік өкілдерінің белсенділігі жоғары. Көкейтесті мәселелерді көтеріп, халық пен әкімдіктің арасындағы алтын көпірге айналып отыр. Жаңа идеялар, тың бастамаларды көтеріп, тиісті ұсыныстарды жолдап отырады.
– Қазір – технология дәуірі. Әлеуметтік желіде бөлімнің белсенділігі аңғарылады. Соның ішінде «Ашық Қызылорда» жобасы тарапынан зор сұранысқа ие болды емес пе...
– 2017 жылғы 15 наурыздан бастап қала әкімдігі жанынан Whatsapp месенджері арқылы «OPEN KYZYLORDA» жобасы іске қосылды. Жобаның инстаграмм және фейсбук әлеуметтік желілерінде арнайы парақшалары ашылып, онда атқарылған жұмыстар мен жауаптар орналастырылуда.
Есепті кезеңде «Ашық Қызылорда» месенджеріне 1670 хабарлама келіп түскен. Оның 676-і нақты шешімін тапқан, 253-і ұсыныс, 328-і алғыс айтқандар. Ал, қалғаны – әртүрлі бағыттағы хабарламалар. Жобаның қызметін қалалық ішкі саясат бөлімінен арнайы маман жүргізіп отыр. Алдағы уақытта жұмысты күшейту шаралары қарастырылуда.
Қазіргі заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алмасу, мемлекеттік саясатты тұрғындарға түсіндіруде өте қолайлы, әрі мобильді құрал болып табылады. Осы мақсаттарға қол жеткізу негізінде Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан баспасөз қызметі жұмыс жасайды. Бүгінгі күні «Kyzylorda.gov.kz» интернет-ресурсы бар. Ол сайтта арнайы Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаевтың блогы ашылған. Өткен жылы арнайы блогқа 511 сауал келіп түссе, оның 456-на жауап берілді.
– Биыл Қызылорда қаласы үшін жылдағыға қарағанда ерекше болмақ. Туған қаламыздың 200 жылдық мерейтойына орай қандай шаралар атқарылды?
– Иә, биыл Астананың елорда атанғанына 20 жыл толуымен қатар Қызылорданың 200 жылдығы атап өтіледі. Оны ұйымдастыру бойынша бүгінгі күні нақты шаралар жобасы жасалды.
Оның ішінде мерейтойлық датаны атап өтудің тұжырымдамасы, шаралар тізбесі, құрылатын комиссия құрамы, шығарылатын кітап, мерекелік логотипті бекіту бойынша бірнеше нұсқалар, имидждік өнімдердің эскиздік жобасы жасалды.
Облыс басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан Сырдария өзенінің сол жағын игеру арқылы жаңа қаланың тұсауын кесу – 200 жылдықтың ең негізгі сыйы. Бір сөзбен айтқанда, мерейтойға дайындық қарқынды жүруде. Іс-шара жоспары бекітілгеннен кейін тойлау шаралары басталады.
– Иә, мерейтойдың жоғары өтуі бәріміз үшін абырой. Сондықтан сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбатты жүргізген: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

27 ақпан 2018 ж. 962 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1474)

25 қыркүйек 2018 ж.

№71 (1473)

22 қыркүйек 2018 ж.

№70 (1472)

18 қыркүйек 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 632 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам