Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ...

ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ...

   Руслан АХМЕТОВ: ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕР – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ...
Қазақ – жаратылысынан қашанда өнерге өте жақын халық. Өз заманында талай сал-сері, күміс көмей әнші, жыр жампозы – жыршыларды туғызған халықтың бүгінгі ұрпағы да бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Қазіргі таңда олар дәстүрлі өнер дәреметін дәріптеп, халық арасында насихаттауға атсалысып жүр. Бұл тұрғыда Сыр сүлейлерінің сарқыты, белгілі жыршы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Руслан Ахметовтің есімі руханият әлемінде жақсы таныс. Өнер мен қоғамды бөле қарамайтын өнер иесімен болған сұхбат желісін оқырман назарына ұсынамыз.                          – «Өзге емес, өзім айтам өз жайында» демекші әңгіменің арқауын әуелі өзіңізден бастап тарқатсақ.                 
    – Дәстүрлі өнер – өткен дәуірдегі ата-бабамыздың үні, сыры мен мұңы, тарихы. Көзімізді ашып, ес білгелі бері осы салада біте қайнасып келеміз. Бір өзінен жүз шайыр шыққан қасиетті Қармақшы топырағының тумасымыз. Бірақ, маған дәм-тұздың осы қаладан бұйырған жайы бар. Облыс орталығындағы №12 Ілияс Қабылов атындағы орта мектебінде білім алдым. Менің өнерге деген құлшынысым да мектеп қабырғасынан басталды. Алтыншы сынып оқып жүрген кезім болу керек, Алматы қаласында кең көлемде өткен жыраулар байқауынан бас жүлдемен оралдым. Сол кезден бастап түрлі деңгейдегі байқауларда бақ сынай бастадым. Кейін Алмас Алматов ағамыз елдегі осы текті өнерге таласы бар балалардың басын қосу мақсатында мені арнайы іздеп келді. Сөйтіп, мектепте кездесу ұйымдастырып, алғаш рет ол кісінің алдында өнер көрсеттім. Содан бері Алмас ағамызбен арада рухани байланыс орнап, ол әлі күнге дейін үзілмей, өз жалғасын тауып келеді. Ол ұлт руханиятының жанашыры ретінде 1991 жылдары қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Халық әні» кафедрасының ашылуына ықпал етті. Сол кездің өзінде ұлағатты ұстазымыз мені ертіп әкеліп, студенттердің алдында терме-толғау жырлататын. Одан соң Бақберген Досманбетовтің бастамасымен 100-ге жуық өнерпаздың қатысуымен байқау өтті. Онда да жеңіс тұғырынан көріндім. Сөйтіп, мектеп бітірген соң осындай өнер жанашырлары бірігіп қолдау білдіріп, осы оқу орнында білім алуыма мүмкіндік жасады. «Халық әндерін орындау» факультетін тәмамдап шықтым. Бұл мен үшін өнер жолына салынған даңғыл жол болды. Сүйінбай Ақбаев, Жаппар Тұңғышбаев, Шәмшат Төлепова, Балқашбай Жүсіпов, Жұмабек Аққұлов сынды өнер иелерімен тікелей байланыста болып, ақыл-кеңестерін тыңдап өстім. Бірге ауыл-аймақты араладық. Алмас ағамыздың жанында жүргеннің өзі үлкен дәріспен пара-пар.                                                     
     – Халқымыздан «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» деген тәмсіл қалған.Сіз шыққан әулет те өнерден құр алақан жандар емес шығар?..                                                                                      
                    – Әрине, нағыз шайырлар топырағының қасиеті маған да әсер етпей қоймады. Өз және нағашы жұртымның да бұл өнерден ауылы алыс емес. Қыдырбек Манамбаев деген есімі тек елге емес, Орта Азия халықтарына танымал жыраумен немере ағайын болып келеміз. Оның үстіне шыр етіп дүниеге келгеннен естіп-білгеніміз осы – жыр-толғаулар. Сыр сүлейлерінің ізбасарлары бас қосқан жиында жиі болып, талай жыраулардың жақұт жырларын құлағымызға құйып өстік. Қаннан келген қасиетті былай қойғанда, жастайынан жата-жастана тыңдап өскен бала түбінде бір жерден шығады.                                                                                                    
                       – Онда балаларыңыздың да «әу» дейтін өнері бар болар...              
       – Шаңырақта жолдасым Айнұр екеуміз 4 ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым да өнер адамы. Екеуміз облыстағы іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қызмет етіп жүрміз. Айнұр осында домбырадан дәріс береді. Балаларыма арнайы үйретпесек те, өздерінің қабілетімен бірі терме айтып, бірі домбыра тартады. Отбасындағы әңгіме де осы өнер төңірегінде өрбиді. Шаңыраққа ат басын тіреп келген меймандардың да көбі өзімнен сахналас аға-апаларым, іні-қарындастарым. Осылайша жыр-күйдің ортасында өскен олардың бұл саладан аздап хабары болуы заңды деп ойлаймын.             Жоғарыда айтып өткендей, балаға екі-үш мәрте айтылған әңгіме құлаққа сіңімді болып, зердесінде мәңгі сақталып қалады. Сосын бала соған бейім болып өседі. Құлаққа сіңімді дегеннен шығады, бұрын Қармақшының Тұрмағамбет ауылындағы Сүйінбай Ақбаев деген ағамыз мектепте 5-10 минуттық қоңырау соғылысымен Сыр сүлейлерінің жыр-дастандарын қосып қоятын. Күнде тыңдаған сайын әлгі мақам, толғаулар жаттанды болып, келесі тыңдағанда оқушылар қосыла айтушы еді. Осылайша жыршылыққа қабілеті, қызығушылығы жоқ деген баланың өзінен ең болмағанда талғамы мықты тыңдарман дайындап шығарды. Қазір біз айтып жүрген «Рухани жаңғыру» деген дүние – осы, міне. Біздің бабаларымыз нағыз ұлттық құндылықты насихаттаудың биік үлгісін сол кезде-ақ көрсеткен.                                                  
   – Дәстүрлі ән өнерін эстрадалық бағытта өңдеп, шырқап жататын жәйттарға жиі куә болып жүрміз. Осыған көзқарасыңыз қандай?                        
– Оған үзілді-кесілді қарсымын дей алмаймын. Терме-толғауды ансамбль, оркестр көмегімен немесе эстрадалық бағытта айту – өнердің заманға сай түрленуі. Себебі, қазір тыңдармандар талғамы да соған ықпал етіп отыр. Бұл жерде дәстүрлі әндерді осындай жаңаша сипатта орындай отырып, оған деген жастардың қызығушылығын арттыру міндеті тұр. Тек жыр-толғаудың табиғатына нұқсан келтірмеуді басты назарда ұстау қажет. Әнеубір жылдары Альберт Әлмағамбет екеуміз 3-4 термені ансамбльге лайықтап, нотаға түсіргеніміз бар. Халықтың ерекше ықыласпен қабылдағанын байқадық. Енді «Тұрмағамбет» оркестрінің сүйемелдеуімен тағы бір жаңа дүниелерді әзірлеу үстіндеміз.                                                     
         – Біздің өңірдегі бұл өнерді қолдау деңгейі қаншалықты жоғары?             
  – Мен дәл осы орайда облыс әкімі мен аймақтың өзге де руханият жанашырларына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қазір бізде Қаратау мен Арал аралығындағы барлық аудандарда жыр мектептері жұмыс жасайды. Арал, Қазалы өңіріне тән Нұртуған мектебі, Қармақшыдағы Жиенбай жырау, Шиелі беткейіндегі шоқтығы биік Нартайдың мектептері соның айқын дәйегі. Сондай-ақ, облыс басшысы Қырымбек Көшербаев ағамыздың руханиятты қолдауға деген ықыласына ерекше ризамын. Ол кісі жыраулық өнер қанында болса да оқуға түсу мүмкіндігі бұйырмаған талантты талай жастарды қолтығынан демеп, арнайы облыс әкімінің грантын тағайындады.              – Атақты жақсы көресіз бе?                                                                        – Еңбегің еленіп жатса, халық мерейіңді өсіріп жатса, неге қуанбасқа? Бір-екі ауыз атақ-даңқта тұрған дәнене де жоқ. Өнер тек халықпен ғана өміршең. Әрбір өнерпазға берілген сый-сияпат өнерге берілген баға деп ұғынған жөн. Бүгінге дейін 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған мерейтойлық медалімен, Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісіне, «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болдым. Атақты ешкім арқалап кеткен емес. Сондықтан оның соңынан қуып, таласып-тармасудың да қажеті жоқ. Қарақалпақстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Оңтүстік Корея мемлекеттері мен Ресейдің Сочи қалаларында өнер көрсетіп, көмейден төгілген жырмен текті өнердің құдіретін танытуға атсалыстық. Өнер адамы екенмін деп көкке шауып, басқа өрлеген кезіміз болмады. Осы салада жүрген ағаларымыз «Көп марапаттың ішінде бір шапалақ жүреді» деп ақыл айтып отырушы еді. Бұл орайда «Семіздікті қой ғана көтереді» деген даналықты ұмытпаған жөн.                                                                                                
           – «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді...                                                         
         – Тәубә, бұл тұрғыда абыройсыз емеспін. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Сәбит Амангелдиев пен Серік Әлшоразов, Алмасбек Молжігітов, Нұрбек Әбдиев сынды халық алдында жүрген өнерпаздар – менің шәкірттерім. Олардың әрбір жетістігіне балаша қуанып отырамын.                                        
    – Қолынан домбырасын тастамай, ауылдың алты аузын жырлайтын жыршы бос уақытын қалай өткізеді?             
 – Бала күнімнен спортқа бір табан жақынмын. Күреспен айналыстым. Қазірдің өзінде жаттығулар жасап, салауатты өмір салтын мүмкіндігінше қалт жібермеуге тырысамын. Үйде де шынығатын құрал-жабдықтарым бар. Одан бөлек, отбасылық шағын шаруа қожалығымыз бар. Жастайымнан жылқы ұстағанды ерекше жаным сүйеді. Арасында күнделікті күйбең тірліктен шаршаған сәтте сонда барып, жылқымен бірге серуендеп бой сергітіп қайтамын. Тынысым ашылып, демалып қаламын.                                               
  – Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
  Сұқбатты жүргізген: Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
13 наурыз 2018 ж. 292 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№58 (1460)

06 тамыз 2018 ж.

№57 (1459)

31 шілде 2018 ж.

№56 (1458)

28 шілде 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 205 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам