Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: КҮРДЕЛІ ҒЫЛЫМДАРҒА БАСА НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ: КҮРДЕЛІ ҒЫЛЫМДАРҒА БАСА НАЗАР АУДАРУ ҚАЖЕТ

  Бүгінде аты әлемге танылған Асқар Жұмаділдаевты білмейтін адам кемде-кем. Күрделі ғылым саласының білгірі, озық ойларымен, жаңашыл істерімен, ұтымды ұсыныстарымен көпшілік арасында кеңінен танымал. Осындай білімді азаматтың біздің жерлесіміз екендігі әрбір қызылордалық үшін зор мақтаныш. Жыл сайын ол кісі туған жеріне табан тіреп, ағайын-туыс, дос-жаранмен бас қосады. Биыл да сол үрдістен жаңылмады. Оған себеп, облысымызда өткізілетін «А.Жұмаділдаев атындағы жас математиктер» байқауы. Осы орайда белгілі қоғам қайраткері, физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі Асқар Жұмаділдаевпен сұқбат құрудың сәті түскен еді.
Жыл сайын облысымызда жас математиктер сайысы өтеді. Оған өзіңіз куәгерсіз. Жалпы, өңірдегі бұл салаға, жас өрендердің оған деген қабілетіне қандай баға бересіз?
– Мен мұғалімдер мен оқушылардың қабілетін үнемі жоғары бағалаймын. Өйткені, қазір ғылымға көңіл бөлетін балалар аз. Білікті ұстаздар да солай. Сондықтан арасында біреуі үздік болса да бәрін мықты деп мақтау керек. Сол кезде алға ұмтылыс болады. Бұл сайыстың басты мақсаты – оларды ынталандыру, математикаға деген қызығушылығын арттыру. О баста менің атымдағы мұндай байқаудың өткізілуіне қарсы болдым. Дегенмен, ұйымдастырушылар байқаудың аты емес заты маңызды дегесін келісім бердім.
Математика ғылымы бізден басқа барлық елде жоғары бағалана ма?
– Жоқ. Барлық жерде бірдей. Оның себебі математика ғылымы – өте қиын сала. Одан жұрттың бәрі қорқады. Бұл – табиғи нәрсе. Бірақ, соған қарамастан әр ел өздігінше дамытуға, қолдауға тырысады. Мәселен, Германияда жыл сайын ғылымның түрлі саласына көңіл бөлінеді. Бізде бір жыл ауыл шаруашылығы жылы болса, ол жақта математика немесе физика, химия жылы аталып өтеді. Соған орай барлық қалаларда түрлі іс-шаралар өткізіледі. Мұндай үрдіс бізге де қажет. Өзімізге қажет күрделі ғылымдарға баса назар аудару қажет. Сол кезде ғана көпшіліктің бұл салаға келуіне бір себеп табылар еді.
Мамандар еліміздегі білім саласына енген реформалардың барлығы шетел тәжірибесіне сүйеніп жасалған дейді. Оның бізге қаншалықты қажеті бар? Сіз 30 жылға жуық уақыт шетелдің беделді университеттерінде дәріс бердіңіз. Олардан нені үйренуіміз керек?
– Менің пікірімше, қазақтың үлгі алуында далақбайлық басым. Бұл дегеніміз біз тек сыртқы түріне ғана мән береміз. Мысалы, сіз «мерседес» мәшинесін жасаймын деп шештіңіз. Оның барлық құрылғыларын алдыңыз да, дөңгелегіне келгенде қымбатсындыңыз. Сөйтіп, «запорожецтің» дөңгелегін сала салдыңыз. Бұдан не шықты? Еңбегіңіз зая кетті. Біздің тірлігіміздің көбі осындай. Шетелден үлгі алам десең, оның жүйесін толығымен ал. Мәселен, мұғалім мәртебесі. Оған жоғары айлық тағайындайық. Тағы да Германияны алсақ, ол жақта ұстаздардың жалақысы жоғары. Олардың сатысы өте жоғары. Ешқандай басшы не қосшы келіп, оған әмірін жүргізе алмайды. Қоғамдық жұмыстарға тарта алмайды. Олай етуге мүлде құқығы жоқ. Ал, бізде мүлдем басқа. Жалпы, ұстаз беделінің төмен түсуі ғылымға да, оқушыға да қатысты емес. Ол басшылықтың көзқарасында. Егер үлгі алам десеңіз тым болмаса 90 пайызын енгізіңіз. Ал, тек сыртқы формасын ғана енгізіп, бәрін қатырам деу бос сөз.
Талапты ұстаз – талантты шәкірт кепілі деген бар. Ал, біздің ұстаздар қауымы бүгінгі емес кеңестік білім жүйесі мықты дегенді айтады. Алдағы уақытта бұрынғы кеңестік білім жүйесі қайта келуі мүмкін бе?
– Алдымен, кеңестік жүйе деген не? Ол – логика. Бұл жүйені мен де мақтаймын. Ойлап қарасаңыз, ол жақсы болсын, жаман болсын сіз сол жүйемен білім алдыңыз. Мен он жылдық мектеп бітірдім. Бірақ, ешқайсысымыз ешкімнен кем болған жоқпыз. Ол кезде белгілі бір жүйе, мықты идеология болды. Алайда, гуманитарлық ғылымға ғана. Кеңестік жүйе жаратылыстану саласына қатысты емес еді. Ол кездегі кітаптардың көлемі жіңішке, жазуы ұғынықты болатын. Ал, қазіргі кітаптардың салмағы да сөзі де ауыр. Оқып түсіну қиын. Десек те, мәселе кітапта не оның жазуында емес. Мәселе сабақ беру әдісінде. Санды санға қосудағы ең оңайы бір таба нанды алыңыз да екіге бөліңіз. Міне, бірінші жартысы, міне екінші жартысы. Екеуін қосқанда бір бүтін шықты. Бұдан артық түсіндіру жоқ. Бірақ, соған түрлі терминді, басқаны қосып өздері қиындатып алады. Сондықтан кеңестік жүйе немесе бүгінгі жүйе деп бөлудің керегі жоқ. Әр ғылымның өз заңдылығы бар. Сол заңдылық аясынан ауытқымау керек. Кеңестік жүйе мықты деп бүгінгі жеткен жетістігімізден айырылып қалмауымыз керек. Сондықтан бағана айтқанымдай сыртқы түріне емес затына мән беруіміз керек.
Біздің өңірде мектеп бітіруші түлектер, ғылыми жоба, олимпиада жеңімпаздары жыл сайын Мәскеудің Ұлттық технологиялық зерттеу университетінің грантын жеңіп, сонда білім алады. Сол жастар еліміздегі ғылымның дамуына қаншалықты үлес қоса алады? Мұны осы бағытты дамытудағы жасалған игі бастама деуге негіз бар ма?
– Мен бұдан жаманшылық көріп тұрғаным жоқ. Кім қайда барып білім аламын десе, өз еркі және ондай құқық берілуі керек. Кезінде Әл-Фараби бабамыз Сыр бойында туса да, бар өмірін Бағдатта өткізді. Себебі, мұнда ғылым болмаған. Сондықтан бұған қуану керек. Өйткені, Мәскеудің оқу жүйесі бұрыннан қалыптасқан. Жақсысын үйреніп, жаманынан жиренсін.
Бір сұқбатыңызда 3 грантым бар. Бірақ, оны бөліп беретін лайықты математик таппай жүрмін депсіз. Грант иелері әлі табылмады ма?
– Бұл жерде математик емес, лайықты адам таппай жүрмін дегенмін. Лайықты дегенім – жастар. Мен жаңа студенттерге бірнеше есеп ұсындым. Оның жартысы шығарылған, жартысының жауабы жоқ. Егер соны шығаратын адам болса, мен ақшаны тауып беремін. Бірақ, соған лайық адам жоқ. Дегенмен, биыл 4-5 баланы байқап жүрмін. Былтыр оның 1-еуі де болмаған. Мүмкін, келер жылы тағы 5-6 бала шығатын шығар. Солардың арасынан лайықтысы табылып қалар.
Сіздің айтуыңызша, әлемде екі халық қана дарынды екен. Бірі – кәрістер, бірі – қазақ. Олай болса, бізде неге ғылым дамымайды? Мықты ғалымдарымыз қайда?
– Негізі бұл менің сөзім емес. Журналистердің әсірелеп жазғаны болар. Мен ғылымды ұлтқа бөлмеймін. Маған бәрі бірдей. Бірақ, ең мықты халық ретінде еврейлерді айтуға болады. Дүниеде ең көп қорлық көрген, таяқ жеген халық солар. Соған қарамастан өз-өздерін дамытып, жетілдірген. Әлемдегі ең жоғарғы Новель сыйлығында ең көп алған еврейлер. Бізге солардан үлгі алу керек. Ал, қазақта ғалымдар жоқ дегенге келіспеймін. Бізде де мықты- мықты ғалымдар бар. Бірақ, оларды ешкім танымайды. Жұртшылық ғылымға қызықпайды.
Ғылым мен техниканың дамуын қолдайсыз. Алайда, ұялы телефон ұстамайсыз. Неге?
– Ол ғылым да, техника да емес. Тұтыну құралы ғана. Оны пайдаланудың қыр-сырын білемін. Бірақ, ұялы телефон ұстамаймын. Маған оның қажеті жоқ. Мен ешкімді іздемеймін. Мен іздейтін тек анам, бауырларым, балаларым. Басқалары өздері тауып алады. Менің жасымда тыныш қана ғылыммен айналысқан дұрыс.
Ғылыммен қанша уақытқа дейін айналыспақ ойыңыз бар? Ізіңізді басар шәкірттеріңіз бар ма?
– Оны бір Алла Тағала біледі. Құдайға шүкір, әзірге бас жұмыс жасайды. Сол себепті Құдайдың берген жасына дейін айналысу ойда бар. Өзім бақылап жүрген бес шақты балам бар. Олар алдағы уақытта ғылыммен айналыса ма, әлде басқа жағына ауыса ма, өздері біледі.
Бос уақытыңыз бола ма?
– Жоқ.
Жалпы, мақтағанды, мақтанғанды ұнатпайсыз. Өзіңіз жайлы «Математик Лидің қазақстандық ізбасары» деген атқа қалай қарайсыз?
– Бұл журналистер тарапынан айтылып жүрген әңгіме ғой. Жалпы, бұл теңеуді аса құптамаймын. Маған "Төрткен Төртқараның" авторы десе, соған риза болар едім.
Өмірде неден қорқасыз?
– Мен өмірде екі нәрсені білмеймін. Ол қорқу және өкпелеу. Ешкімге өкпелемеймін. Мүмкін, сол үшін де қорықпайтын шығармын. Шындығында қорқамын. Бірақ, ол туралы мүлдем ойламаймын. Бала кезде сабақ оқымасақ, мұғалімнен таяқ жейсің дегеннен қорқатынбыз. Қазір менің жасым алпыстан асты. Неден қорқуға болады? Біз Мұқағалиша айтсақ, базардан қайтқан адамдармыз. Сондықтан Алланың берген өлшеулі ғұмырында өз ойыңды толық жеткіз. Сенің пікірің сенікі дұрыс дегенді білдірмейді. Дегенмен, өз білгеніңді айтуға құқылысың.
Жаңа әліпбиге көзқарасыңыз? Сізде А.Байтұрсынұлының бір әріп – бір дыбыс ұстанымын қолдайсыз ба?
– Соған ұмтылып-ақ жүрмін. Бірақ, ол мүмкін емес. Оның себебі, қазақ әліпбиінде емес, латын әріптерінде. Мысалы, латын әліпбиінде бір дыбысты білдіретін бірнеше әріп бар. Мәселен «с» мен «s» екеуі де бір дыбысты білдіреді. Бірақ, екі түрлі әріптер. Яғни, «1 әріп – 1 дыбыс» принципі сақталып тұрған жоқ. Оны өзгерту қисық іргетасты түзеймін дегенмен бірдей. Ал, жаңа әліпбиді зерделеп, зерттеу керек. Бұл ретте асығыстық жасау қате дүние.
Отбасында, бала тәрбиесінде қандай ұстанымды ұстанасыз?
– Балалардың мазасын алмау. Олар еркін өсуі керек. Оларға көп ақыл айтпау қажет деп ойлаймын. Кейде бұрыс жерін түзеуге болады. Мүмкін болса, ғылымға, өнерге көңіл бөлгенін қалаймын. Бірақ, бәрі телефонға үңіліп отырады. Оған ештеңе істей алмаймыз.

Сұқбаттасқан: Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.

31 қазан 2017 ж. 378 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№43 (1445)

12 маусым 2018 ж.

№42 (1444)

09 маусым 2018 ж.

№41 (1443)

05 маусым 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 891 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам