Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Айдос СҰЛТАНҒАЛИ: ОЛИМПИАДАДА БАҚ СЫНАҒЫМ КЕЛЕДІ

Айдос СҰЛТАНҒАЛИ: ОЛИМПИАДАДА БАҚ СЫНАҒЫМ КЕЛЕДІ

 Жақында күллі жанкүйерлерді қуантқан қуанышты жаңалық болды. Сыр өңірінің дарынды балуаны, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Айдос Сұлтанғали Венгрияда күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ол  2015 жылы жасөспірімдер, 2016 жылы жастар арасындағы Азия чемпионы, 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпаз болды. Байрақты  бәсекеде 60 келі салмақта жүлделі оралған жерлесімізбен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Айдос, боз кілемге шыққанда не ойлайсың, көңіл-күйде қандай өзгерістер болады?
– Сайысқа түспес бұрын алдын-ала күрес барысында қолданатын айла-тәсілімді пысықтап аламын. Алайда, кілемге шыққаннан кейін оның бәрі іске аспай қалуы мүмкін. Себебі, қарсылас та өз әліс-тәсілін әзірлеп, жеңу үшін барын салады. Осы сәтте ойдың ұшқырлығы мен кәсіби шеберлік сынға түседі. Қайсы балуан бірінші болып қажетті тактика құрастыра алды, сол жеңіске жетеді. Мен үшін әрбір жарыс маңызды. Сондықтан бүкіл жан дүнием мен көңіл күйімді бақылауға алып, жеңіс тұғырынан көрінуді ойлаймын.
– Кез-келген адам өмірінде орын алған маңызды сәттерде жақындарының қолдауын сезінгісі келеді. Ақылын, батасын алады. Әлем чемпионатына аттанар алдында қазақтың осындай дәстүрін негізге алдың ба?
– Қандай деңгейдегі сайыс болса да үйден ең әуелі әкем мен анамның ақ батасын алып шығамын. Ата-ана тілегі, дұғасы әрдайым қабыл болады емес пе?! Күнделікті бес уақыт намаз оқимын. Жол бойы Алладан жеңіс тілеп, абырой биігінен көрінуді сұраймын. Егер Жаратушы қаласа, әлбетте жүлдесіз қалмаймын. Дүйім жұрт алдындағы жауапкершілікті де бір сәт естен шығарған емеспін. Осының барлығы өзімді дайындауға, қайрауға көмектеседі.
– Елімізде жастардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін барлық спорт түріне қатысуға жағдай жасалғанын білеміз. Олардың арасынан грек-рим күресін таңдауға не түрткі болды?
– Ер баланың өмірдегі идеалы – әкесі. Әкеге қарап еліктеп, тәрбиесін алып өстік. Оның сөзі қай кезде де заң көрінеді бізге. Алғашқыда әкем мені каратэге бергісі келді. Неге екенін сұраған жоқпын. Бірақ бала кезімізден бірге өсіп, бір мектепте оқыған Бағдат пен Ислам атты достарым грек-рим күресіне баратын. Әлбетте, олар мені өздері айналысатын спортқа шақырды. Достарыммен бірге болуды көңілім қалағанымен, әке сөзінен аттап кетуге болмайды. Үйге келіп сол жағдайды баяндадым. Әкем де көп ойланбады. Бірақ, маған қоятын шарты бар еді: «Балам, егер шынында осы спорт түріне барамын деп шешсең, қарсылығым жоқ. Оны жарты жолдан тастап кетпей, белгілі бір жетістіктік жете аламын десең, рұқсатымды бердім», – деді. Осыдан кейін менің әлсіздік танытуға құқым жоқ екенін түсіндім. Уақыт өте келе достарым бағыттарын өзгертті. Ал мен әлі де спорттамын.
– Венгрия елінде өткен әлем чемпионатына қалай жолдама алдың?
– Биыл Қазақстан чемпионатында қола жүлдегер атандым. Басқа да жарыстарда өзімді көрсетуге тырыстым. Аға бапкер осыны байқаған болса керек, әлем біріншілігіне мені лайықты деп таныды. Аға бапкер Ермек Көкетов те кезінде осындай биіктен көрінген еді. Ол да қола жүлдеге қол созған еді. 13 жыл бұрынғы жетістігін қайталадым. Бапкер сенімін ақтадым деп ойлаймын.
– Әлем біріншілігі туралы қашан хабардар болдың? Дайындығыңа көңілің толды ма?
– Бұл сайыс түріне 2006 жылы 2 сынып оқитын шағымда келдім. Алғашында жаңа айла-тәсілдерді меңгергенімізге мәз болып қайтатынбыз. Есейе келе кішігірім турнирлерге қатысып, жүлдеге ілігіп жүрдім. Бұдан кейін ғана алда Азия, Олимпиада ойындар мен әлем чемпионаты бар екенін білдік қой. Шеберлігімді шыңдау мақсатында жетінші сыныпты оқып жүргенімде бапкерлерім Петропавл қаласындағы спорт мектебіне жіберді. Араға төрт жыл салып, Қызылорда қаласына жоғарғы оқу орнына түсіп, жаттығуымды жалғастырдым.
Әлем біріншілігін баратынымды естігеннен кейін дайындығымды күшейтуге тырыстым. Психологиялық тұрғыдан көп даярлық керек болды. Себебі, бапкерлерімнің қанша шәкірттерінің  ішінен мені таңдауы, халықтың сенімі арқама үлкен салмақ болды. Абырой болғанда, ел үмітін ақтап, байрақты бәсекеде Отанымның көк туы желбірегеніне қуанамын.
– Боз кілемге шығуға бір күн қалғанда қандай сезім болды? Жарыс барысында ше?
– Салмақ қуу үшін тамақты аз мөлшерде жейтінмін. Уақыт тақағанда онша тәбетім де болмады. Оның үстіне осындайда ұйқының да ұстатпайтыны бар. Жатар алдында арманға берілесің. Одан кейін қандай айла қолданатыныңды пысықтайсың. Көптеген көңіл-күйді бастан өткергеніңмен, спортшы тағдыры аздаған уақытта шешіліп қояды.
Соңғы бәсекем – солтүстік кореядан келген балуанмен болды. Шынымды айтсам, ІІІ орын үшін талас басқасына қарағанда өте қиын өтті. Себебі, бұл шайқаста жеңіліс тапсаң жүлде жоқ. Жеңген адам чемпиондықты алғанмен пара-пар болады. Бірінші немесе екінші орын үшін спортшылар бұлай қиналмайды деп ойлаймын. Сондықтан болар, кореялық спортшы да бар күш-жігерін салды. Боз кілемге шықпас бұрын бір-екі тәсіл жасап ұпай жинап алу жоспарымда болған. Бірақ мен ойлағандай болмады. Десек те, қарсыласты қапы қалдыру қолымнан келді, шүкір.
– Мұндай сәтте отбасының қолдауы маңызды екені түсінікті. Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз. Олар қандай сезімде болды екен?
– Үйде анам, әкем және үш апам бар. Отбасының кенжесі де, ер баласы да мен. Осыған дейінгі күрестеріме үйдегілер аса мән бермейтін. Достарыммен барып, нәтижесін айтып келетінмін. Ал осы додада ата-анам қатты қобалжығанын білемін. Тікелей эфирден тамашалапты. «Өзімізді қоярға жер таппадық. Тақым қысып, не болар екен деген ой жанымызды жеп бітті. Бірнеше минуттық арпалысың мәңгілікке созылғандай болды. Эфирді көрмей-ақ, не болғанын соңынан бір-ақ білген дұрыс екен. Ұтқаныңды көргенде жылап та алдық», – деп алған әсерлерімен бөлісіп жатыр.
– Елге оралғаныңда әуежайдан спорттағы тілекшілерің мен жанкүйерлерің күтіп алғанын білеміз. Сенің құрметіңе арналған көлік шеруін де көрдік. Жерлестеріңнің қошеметі қалай болды?
– Иә, дәл мұндай сезімді бұрын бастан өткермеген екенмін. Өте тамаша көңіл күйде болдым. Осы сәтке дейін төккен терім, көрген қиындықтардың бәрін ұмыттым. Халқымның үкілеген үмітін ақтап келгенімде еңбегімді бағалағаны жүрекке ерекше сезім ұялатты.
Жүлде алғанымның ең ұнамды тұсы-жас жеткіншектерге үлгі болғандығым деп білемін. Олар да аты жер жарған бәсекелерде бақ сынағысы келеді. Бізге қарап бой түзейді. Әуежайда балалар: «Аға, медаліңізді беріңізші, көрейін» деп таласып жатты. Толқығаннан: «Бәрі де сендер үшін, алыңдар, жұғысты болсын», – деп қайталай беріппін.
– Алда қандай жоспарыңыз бар?
–Токиода болатын олимпиадаға келер жылы лицензия тағайындайды. Олимпиадада бақ сынағым келеді. Алла бұйыртса, жолдама алсақ бағымды сынап көрмекпін.  Жаңа айтып өткенімдей, сосын жас өрендерге үлгі бола алдық деп ойлаймын. Қашан екенін білмеймін, белгілі бір жетістіктерге жеткеннен кейін талантты шәкірттер баптап, Олимп шыңын бағындыратын чемпиондар тәрбиелесем деген ойым бар.
– Қазақта «Ұстазсыз шәкірт – тұл» деген көрегенді тәмсіл бар. Осы сәтке дейін қолдап-қорғап келген жанашырларың туралы айта кетсең...
– Ең әуел Жаратқанға мың да бір шүкір айтамын. Одан кейін мені осындай хәлге жеткізген ата-анама ризашылығымды білдіремін. Ал спортта ұстаздарым көп. Олардың әрбірі менің әр қырымнан жетілуіме көп еңбек етті. Ғабидин Райымбек – менің ең алғашқы ұстазым. Петропавлдағы спорт мектебінде дарынымды шыңдауда Сералы Викторовичтің еткен еңбегі орасан. Ұлттық құрамадағы ұстазым Нұрым Сапарұлы мен облыстық спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов ағаларым сайыста жүргенде ел сеніп отырғанын жеткізіп, жігерімді қайрауға көп көмектесті. Оларға да інілік ықыласымды білдіремін. Ермек Көкетов пен Виктор Юн ағаларым әр жаттығуыма аса мән беріп, физикалық тұрғыдағы дайындығымды жоғары дәрежеге жеткізді.
– Айдос, әңгімеңе рақмет. Жеңісті сәттерің көп болғай!
                                                             Сұхбаттасқан: Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.
05 қараша 2018 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (1488)

13 қараша 2018 ж.

№85 (1487)

10 қараша 2018 ж.

№84 (1486)

06 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 1 984 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам