Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Марал БАҒЛАНОВА: «МЕНІ «БОЗТОРҒАЙЫМ» ДЕП ЕРКЕЛЕТЕТІН»

Марал БАҒЛАНОВА: «МЕНІ «БОЗТОРҒАЙЫМ» ДЕП ЕРКЕЛЕТЕТІН»

     Үнемі «халқым, елім» деп еміреніп жүретін қазақтың аяулы әншісі Роза Бағланованы қалың көпшілік ерекше сыйлады. Бар ғұмырын өнер жолына арнаған танымал әнші Сыр өңірінің тумасы екені жерлестері үшін – үлкен мәртебе.
Роза апамыз орындаған «Ақмаңдайлым», «Ах, Самара городок», «Әдемі-ау», «Ақ көгершін», «Ортеке», «Кестелі орамал» секілді әндері халық жүрегінен орын тапқан.
Ардақты жан өмірде қандай адам еді? Әншіні жақсы танитындардың айтуынша, белгілі әнші өте мейірімді, айналасына жылылық сыйлап, жақындарын еркелетіп жүреді екен. Бұл туралы бізге келіні Марал Бағланова айтып берді.
Марал апай, Сыр өңіріне қош келдіңіз! Дүйім жұрт танитын танымал тұлғаның келіні болу оңай емес. Сізге қандай ана болды?
– Белгілі отбасына келін болу мен үшін – үлкен абырой. Басында аздап қобалжыдым. Қалай болар екен деген ойда жүрдім. Бірақ, ол кісі өте керемет кісі болып шықты.
Аталмыш шаңырақтың табалдырығын аттағанда 20 жаста едім. Ол кісі маған туған анамдай мейірім көрсетті. Мамандығым бойынша бастауыш сынып мұғалімімін. Жұбайым Тәжен – қазір мемлекеттік қызметкер. Апамыз өмірде жүрегі кең, балажан еді. Жақсы көретін адамдарының бәріне ат қоятын, еркелетіп атайтын. Ұлын «Ақтәженім», немересін «Алтынсақам», Маржан қызымызды «Ақмаржаным» дейтін. Ал, мені «Бозторғайым» деп кетті.
Роза апамыздың немерелерінің арасында әжесінің жолын қуғысы келіп, өнерді жақсы көретіні бар ма?
– Апам көзі тірісінде айтатын. «Мен бұлардың өнер жолына барғанын қаламаймын. Мен сияқты дала кезіп жүрмесінші» деп. Өйткені, анамыздың үйден гөрі түзде жүргені көп болды. Жан-жаққа концертке жиі шығып кетеді. Үйге тым кеш келетін. Сол кезде немерелерін иіскеп, шаршағанын басатын.
Қазір Аллаға шүкір, ұл-қыздарымыз өсіп келеді. Кіші қызымыздың есімі – Үрбибі. Әжесі бұл кішкентайды көрмей кетті. Бірақ, апамыздың суретін көрсетіп, таныстырып қоямыз. Айтпақшы, анамыздың азан шақырып қойған есімі – Үрбибі. Әжесіндей болсын, анамыздың аты өшпесін деген ниетпен қойдық. Ал, балалардың қай жолды таңдайтыны белгісіз. Енді оны уақыт көрсетеді.
– Халық әншісі сұрапыл соғыс даласын да көзімен көрді. Көп қиындықты бастан өткізді. Көзі тірісінде сол сәттерді жиі еске алған шығар...
– Иә, жиі айтып отыратын. Ол басынан өткен қиын күнді ұмытпайтын. Апамыз айтып отыратын: «Ашаршылықты да, соғысты да өткердім. Жоқшылық заманда мектепке киетін киімім де болмады. Аяғыма жаман байпақ киіп, үстіме жамау шапанды іліп жүрсем де, сабақтан қалмайтынмын» деп бала кезін жиі еске алатын. Ал, соғыс жылдары есіне түссе, терең күрсінетін. Соғысты жиі әңгімелейтін. Тыңдап отырып, жүрегіміз ауыратын еді.
Ол кісінің сұлулығы, қазақы киім киісі ерекше болды. Өзін қалай күтетін?
– Халық адамы болған соң ерекше күтіммен жүреді. Отбасының, үйдің жылылығы, көңіл-күйі бәрі әсер ететін. Сол себептен үнемі жайдарлы болуға тырысамыз. «Әйел адам өзіне күніне бес минутын арнап, күтім жасауы тиіс» деген сөзді апамнан жиі естідім. Шикі жұмыртқаға шүберек малып, бетін сонымен сүртетін. Содан кейін бетін сабындап жуып, бетмайын жағатын. Францияның бетмайын қолданатын. Мен апамның фантазиясына таңғалатынмын. Сахналық көйлектерінің дизайнын өзі сызып, жобасын көрсетіп беретін. Өте тамаша шығады.
Үнемі ұйқысының қанық болуына мән беретін. Ыстық сүтке сары май, аздаған ас содасын қосып ішетін. Бұл – даусын күтудің әдісі. Ол кісі мүмкіндігінше асты тек үйден ішуге тырысатын. Ет тағамдарын жақсы көретін. Гастрольдік сапардан келер кезде түн болса да ет асып, асыға күтіп отырамыз. Сол сәтте сырттан апамның даусы шығады: «Еттің иісін-ай, Бозторғайым» деген. Қазір сол кезді сағынамыз. Бәрі осылайша әдемі естелікке, сағынышқа айнала береді екен. 
Ендігі арманымыз – аяулы анамыздың аты ұмытылмаса дейміз. «Ақмаңдайлым» секілді байқаулар, шаралар жиі өтіп тұрса, тек қуанып, қолдау білдірер едік.
– Роза апамыз жайлы әдемі әңгімеңізге рақмет! Отбасыңызға береке тілейміз.
                                                                              Сұқбатты жүргізген: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.

10 қараша 2018 ж. 213 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (1495)

11 желтоқсан 2018 ж.

№92 (1494)

08 желтоқсан 2018 ж.

№91 (1493)

30 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 123 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам