Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Күйшілік – киелі өнер

Күйшілік – киелі өнер

    «...Музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» дейді заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Күйдің тереңдігін, кемеңгерлігін ұғына білу де тамырынан қол үзіп қалмаған ұлағатты ұрпақтың ғана маңдайына жазылған бақ. Осы орайда домбыраны жанына серік еткен зерделі жастың бірі, жас күйші Бауыржан Сейдәлімен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
Әңгіме әлқиссасын күй деген ұғымның мәнін ашудан бастасақ...
– Тағылымы мол өнердің сырын толық меңгердім деп айта алмаймын. Дегенмен, қазақ музыкасын зерттеуге бар ғұмырын арнаған ғұлама ғалым Құдайберген Жұбанов күй сөзінің Түркі дәуірінен жеткенін айтады. Сонымен қатар, «Күй шежіре» атты еңбегімен оның құдіретін қайта тірілтуге өлшеусіз үлес қосқан Ақселеу Сейдімбек: «Күй деп басталатын қай сөз де сезіммен астасып жатыр. Сол сөз көшпенділердің ең киелі сезімі – тәңірлік наным сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу баста Тәңірлік құбылысты білдірген. Тәңірдің дыбысы деген сенімдегі мағынамен шендес болғаны аңғарылады» деп атап көрсеткен. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – күй өнерін бүгінге дейін жеткізген, әрқайсысы өз мектебін қалыптастырып, сансыз шәкірт тәрбиелеген атақты күйшілердің аттарын ардақ тұту ғана болуы тиіс.
– Негізі күйшілік өнер туралы былайғы жұрт жалпылама біледі. Алайда ішінара қалай сараланатынын түсіне бермейді. Осы жолда көп ізденіп жүрген жас ретінде бұл туралы не айтар едің?
– Сан ғасырлық саралану мен сұрыпталу дәуірінен өткен бұл өнер әр өңір күйшілерінің орындау мәнеріне орай аймақтық күй ұяларына байланысты дамыды. Қазақ күйлері өзінің құрылыс тәсіліне, орындаушылық дәстүрін қағыс түріне қарай, негізінен, төкпе, шертпе деп екі стильдік мектепке бөлінеді. Біріншісі – екпінді қарқынды, музыкалық бейнет жағынан бағдарламалы симфониялық сипатта шығарылатыны болса, ал екіншісі – терең философиялық, ой-сырға толы, шертпе болып келеді.
Төкпе және шертпе деген анықтамалармен қатар күй мектептері деген сөз де жиі айтылып жүр...
– Негізінен, төкпе және шертпе деген анықтамалар кейін пайда болған атаулар екенін айта кеткен жөн. Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз атымен жоқ. Мұндай атау Уәли Бекеновтің «Шертпе күй шеберлері» деген кітабы шыққан соң ғана қалыптаса бастаған. Қазіргі таңда еліміздегі күй мектептері Алтай, Арқа, Жетісу, Қаратау, Жиделі-Байсын, Орда және Түбек күйшілік аймақтары секілді жеті бағытқа бөлінеді.
– Ұстазым деп кімді айтар едің?
– Үлгі-өнеге алған ағаларым көп. Сарыарқа саңлақтары – Мағауия Хамзин, Уәли Бекенов, Дәулетбек Сәдуақасов, Орал Исатаев, Мұхаметжан Тілеуханов, Мейрам Ұлмағамбетов, Алпысбай Тұрсынбековтердің өмір жолы мен үшін үлкен өнеге. Менің орындаушылық мәнеріме ықпал еткендер қатарында атыраулық дәулескер күйші Әзидолла Есқалиев пен Қаршыға Ахмедияров бар. Күйдің мәдениетін тануыма, шертістің қыр-сырын игеруіме белгілі жазушы-драматург, шертпе күй шебері Таласбек Әсемқұловтың ықпалы ерекше болды. Осы аты аталған азаматтардың бәрі де маған ұстаз. Ал, нақты кәсіби мамандықтан сабақ беріп, ноталық сауатымды ашқан ұстаздарымның ішінде Ержан Оспанов, Әлімжан Әбсадықов секілді ағаларымның орны мен үшін бөлек.
– Жастар арасында өнердің осы саласын таңдаған өнерпаздар саны қанша?
– Қазіргі кезеңде күйшілік өнер қанатын кеңге жайып, ұлтымыздың дәстүрлі мәдениетін, салт-санасын күллі әлемге паш етуде. Бодандық кезеңнен аман-есен өткен киелі домбыра елімізде айырықша құрметке ие. Қазақ Ұлттық Музыка академиясында, Құрманғазы атындағы Ұлтық консерваторияда, өзім білім алып жатқан Қазанғап атындағы музыкалық колледжі мен еліміз бойынша өзге де білім ордаларында қаншама болашақ домбырашы мамандар білім алуда. Міне, осы жастар сан ғасырлар бойы қалыптасқан түрлі күй мектептерін заман көшінен қалдырмай, келешек ұрпаққа аман-есен аманаттайды деп ойлаймын.
– Күйші болуды армандадың ба?
– Күйші болам деп армандаған емеспін. Қаламыздағы №5 мектеп-лицей қабырғасында жүріп Жеңіс Қасымханованың домбыра үйірмесіне қатыса бастадым. Ал мектеп бітірген соң Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне түстім. Бағым жанып, сол жерден нота үйреніп, алғаш музыка әлеміне есік аштым.
– Сөйтіп, жоғары білім алуыңа жол ашылды ғой?
– Иә, колледж қабырғасында жүріп көптеген байқауларға қатыстым. Алматыда өткен алтыншы халықаралық өнер шеберлері байқауында жүлделі 2-орынды иелендім. Мұнан бөлек, облыстық «Бозторғай» байқауында екі мәрте лауреат атандым.
– Қазір немен айналысып жүрсің?
– Қазір еркін шығармашылық ізденіс жолындамын. Мен домбырашылыққа үлкендердің батасымен келдім. Мен сол көнеден жеткен дәстүрлі өнерді жалғастырып жүрмін. Домбыра шерткеннің бәрі домбырашы емес. Оның нағыз майталманы тарих пен әдебиетті білуі керек. Ол психолог болуы керек. Үлкен ұстаздардан сабақ алдым. Сол кісілердің соңында әлі жүрмін. Домбырашы өмір-бақи ізденеді. Күнде дайындалмасаң, болмайды. Себебі күйшілік – көп еңбекпен келетін өнер.
– Әңгімеңе рахмет!
                                                          Сұхбаттасқан Биболат Сәтжан.
12 желтоқсан 2018 ж. 1 410 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (1595)

10 желтоқсан 2019 ж.

№95 (1594)

07 желтоқсан 2019 ж.

№94 (1593)

04 желтоқсан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 7 412 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам