Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Күнсұлу Түрікпен: Дәстүрлі өнерді дамытуға тиіспіз

Күнсұлу Түрікпен: Дәстүрлі өнерді дамытуға тиіспіз

    Қазақ халқында «жыршылық» атты синкретті өнер бар. Ата-бабамыз сол арқылы күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты ақыл-кеңес беріп, жастарға өнеге айтып, жақсы дүниеге насихат жасап отырған. Терменің айтар ойы ұшқыр болғанымен, тілге жеңіл, құрылымы қарапайым, мазмұнын кез-келген адам түсіне алады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау аманатты ертеңгі ұрпаққа жеткізу біздің еншімізде. Осы орайда, көкейдегі сауалдарға жауап табу мақсатында төл өнеріміздің бүгінгі өкілі Күнсұлу Түрікпенмен сұхбаттасқан болатынбыз.
Qazaqstan ұлттық арнасы қолға алған Халықаралық деңгейдегі "Мен қазақпын" мега жобасының жүлдегері атандыңыз. Сізді өнер бәйгесіндегі жеңісіңізбен құттықтаймын. Мега жоба туралы айтып өтсең...
– Мега жоба ұлтымыздың классикалық өнерін насихаттауға арналған жалғыз жоба деп айтуға болады. Жобада еліміздің барлық облысы мен қандастарымыз көптеп шоғырланған Моңғолия, Ресей және Қытай өнерпаздары бақ сынады. Барлығы 3000-нан астам әнші-күйші, термеші қатысқан айтулы өнер бәйгесінің қазақтың ұлттық дүниесін толтыруға, шеттегі қандастарымызбен мәдени байланысты нығайтуға қосқан үлесі зор. Қазақтың жыршылық, термешілік, күйшілік мұралары қайта жаңғырды. Осының барлығы – жас ұрпақтың ұлттық өнерге құштарлығын арттыратын үлкен игілікті іс. Бұл жоба біздің көптен күткен жобаларымыздың бірі. Кішкентай кезімде көк жәшіктен осы секілді жобаларды көрген кезімде «Мен де осылар секілді байқауларға қатыссам ғой» деп ойлайтынмын. «Дала думан», «Сегіз қырлы» секілді жобалар ғой айтып отырғаным. Осындай тамаша жобалар уақыт өте келе экраннан түсіп қалып, жоғалып кетті. «Мен қазақпын» жобасы осы бағыттағы «шөлдеп» жүрген қауымға тамаша серпін болды. Осы бағдарламаның халыққа ұнағаны шындық. Жобаның ғұмыры өміршең болса екен деген бір ғана тілек бар. Біздің дәстүрлі өнерімізден де шоу жасауға болатынын дәлелдеген жоба дер едім.
Ұлттық өнеріміздің, оның ішінде жыраулық өнердің насихаты кемдеу деп көп айтылады. Осындай халықаралық деңгейдегі байқаулар, іргелі жобалардың қазақтың ұлттық дүниесін толтырудағы үлесі қаншалықты?
– Күй мен жыр – қазақтың жаны, көркі, жүрегін жарып шыққан рухы, сарқылмайтын сазы. Жаһандану дәуірі мың жерден өңмеңдеп қаумалай берсін, қазақтың алтын құрсақ арулары аман болса, бейбіт шұғыласы шалқыған заманымыз барда күйіміз де, жырымыз да шарықтай бермек. Бұл уақыттың тезіне беріспейтін, қазақтың маңдайына біткен, өзегінен өшпейтін жасампаз өнер. Қоғамдық өмірдің өзге бағыттарының әсерінен ұлттық өнердің дұрыс насихатталмай жатқанын қазіргі кездің ең өзекті мәселенің бірі деп ойлаймын. Дегенмен, жоқ дегеннен гөрі бардың жолында қызмет еткен дұрыс. Өйткені, жыраулық өнердің тыңдармандарын қалыптастыру да өз қолымыздағы нәрсе. Бұл өнердің аз болса да саз, ұғымы терең өз тыңдарманы қазірдің өзінде бар. Әрі халықтың өзі тудырған өнердің біржола жойылып кетуі мүмкін емес. Бұл ретте «Мен қазақпын» мега жобасы секілді халықаралық деңгейдегі байқаулардың ықпалы зор. Тек мұндай бастама бір реттік жобамен шектелмей, тұрақты түрде дамытуды қажет етеді. Сонда ғана халық назарын дәстүрлі өнерімізге толықтай аудара аламыз.
Өзің ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге жиі қатысасың. Түркітілдес халықтардың мәдени байланысы сол халықтардың ұлттық өнері арқылы жүзеге асатыны анық. Біздегі жыраулық өнерімізге балама боларлық өзге ұлттарда мысал бар ма?
– Осы өнердің арқасында біраз шет мемлекеттерге де шығып, ұлттық өнерімізді насихаттап жүрміз. Түркітілдес халықтардың түп қазығы болған Тұран аймағының, өркенді өлкеміздің бірден бір мақтанышы – жыраулық дәстүр. Барлық түркітілдес халықтарда бұл дәстүр, оны жалғаушы ізбасарлар бар. Олардың барлығының бастауында Қорқыт бабамыздың мұрасы тұр. Сол секілді, тарихи маңызы үлкен «Көрғұлы» жыры да түркі дүниесіне ортақ мұра. Бұл тарапта жалпылама ұғым қалыптастыру мақсатында өзімнің ғылыми дисертацияма осы жырды тақырып етіп алған болатынмын. Бір қызығы бауырлас халықтардың барлығында бұл жыр әртүрлі нұсқада жырланады. Ал түркімен халқында жыр қиял-ғажайып нұсқада өрілген. Әрі ол жақта «әлқиссалап» отыратын әңгімешілдік дәстүр дамыған. Оған қоса жыр-дастандардың кейіпкерлерінің бойынан ақындық, батырлық, қайраткерлі, жыршылық секілді қасиеттер қатар ұшырасып жатады. Қазақ даласының дастандарында батырлардың ерлігін суреттеуге айрықша мән беріледі. Халқымыздың 500-ден астам эпостық жырлары бар. Олардың әрбірінің өз ерекшелігі, тарихы, өзіне тән сюжеті мен жырлану дәстүрі бар. Бұл – мәдениетіміздің алтын қазаны. Қорыта айтқанда, «Көрғұлы» бауырлас елдердің қайсысында жырланса да, ол батыр, өз елін әділетсіздіктен қорғаушы тұлға ретінде суреттеледі. Міне, дәл осы тұрғыдан «Көрғұлы» жыры – тұтас түркінің бел баласы.
Жақсының жалғасы болсам деп, жыраулық жолында жүрген жастардың бірісің. Жанға қорек, елге керек өнердегі ұстаздарың туралы айтсаң. Жалпы, бұл жолға қалай келдің?
– «Ұстаздың жолы атаңнан ұлық» деген тәмсіл бар. Осы орайда ұстаздарым ретінде ең бірінші ата-анамды айтар едім. Бала күнімнен осы өнерге баулып, жетістікке жетуіме себепші болған солар. Өз әкем уақытында домбырамен өлең айтып, мақам саздарды сауатты орындаған. Көшеней Рүстембеков ағаларымыздың жырын тыңдап, Бидас Рүстембеков сияқты ағаларымызбен жолдас болған, өнері халқына шықпаса да, кейінгі ұрпағы – бізге дарыған адам. Сондай-ақ, жыраулық өнердің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, оның аясындағы тағылымды тәрбиені бойымызға дарыта білген ұстаздарым қатарында Алмас Алматов, Серік Жақсығұлов, Руслан Ахметов, Шолпан Биімбетова секілді белгілі жырауларды ерекше атағым келеді. Кейін Астана қаласында ғылыми жұмысымды қорғаған кезде Алмас Алматов ағамыз бағыт-бағдар беріп, зерттеу тақырыбымның өзектілігін арттыруға үлкен септігін тигізді. Сол секілді, 2006-2007 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы кафедра қабырғасында мақам саз, сөз бағытында білімімді шыңдауыма Бидас Рүстембеков ағамыздың ықпалы ерекше болды.
«Жыр мектебі» деген сөз жиі айтылады. Өзіңнің туған жерің – Жүз шайыр елі атанған Қармақшы өңірі, Ақжар ауылы. Дәстүрлі өнерде өскен ортаның әсері қандай?
– Жыр мектебі – жыраулық дəстүрдің орындаушылық мектептерінің классификациясы, жыраулық дəстүрдегі орындаушылық өнердің ноталық нұсқасы мен əр мектептің орындаушылық интонациялық ерекшеліктерін ажырататын ұғым. Бұл ретте жыр дәстүрі деген атау қолданған орынды деп ойлаймын. Бұл ұғымды Мардан Байділдаев, Алмас Алматов секілді ағаларымыз атаулы мектептерді жітеп, оған осы дәстүрді жалғаған атақты шайырлардың есімін берген. Оның ішінде Сыр бойында үш мектептің аты аталады. Бұл жыршылық өнердің келешегі үшін жасалған идеологиялық көмек құралы деп ойлаймын. Тарихы тереңнен тамыр тартқан өлкемізде бұл өнерді ұстаушылар, шәкірт тәрбиелеп кейінгіге мұра етушілер әлі де бар. Бір кездері Тұрмағамбет, Базар жыраулар салып кеткен сара жол Жиенбай, Рүстембек, Нартай, Балқашбай, Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Шәмшат Төлепова, Алмас Алматов, Рысбек Әшімов, Бидас Рүстембековтер арқылы жалғасты. Қазір Сыр бойында Жиенбай, Нұртуған, Нартай мақамдарына негізделген жыраулық өнердің мектебі бар.
Қармақшы жыраулық дәстүріндегі негізгі ерекшелік ретінде дауыстың немесе ондағы мақам саздың көмейден шығатынын айтып өтуге болады. Аңдаған адамға дыбыстың қарлығыңқы, қою болып шығатыны бірден көзге ұрып тұр. Бұл мектептің негізгі өкілдері ретінде Жиенбай, Рүстембек, Әбділдә, Балхашбай, Мұзарап, Көшеней жырауларды атап өтуге болады. Әрі қарай бұл тізім бүгінгі күнге дейін жалғасып кете береді. Қаратамыр Баспан жыраудың «Қойдан қозы тумайды, – Бал тамбаса қошқардан» деген сөзі бар. Осы дәстүрдің шежіресіне ой жүгірткен адам жыраулықтың «қанмен келетін қасиетті» өнер екеніне көз жеткізеді деп ойлаймын.
Сені эпик жыршы ретінде аға буын жоғары бағалайды. Өзіңнің жыр қорың туарлы айтып берсең. Жыр қорыңа жақында қосылған тағы қандай тың дүниелер бар?
– Эпик жыршы деген ұғым эпостан туындаған ғой. Яғни, эпостық жыр-дастандарды мейлінше көп орындайтын адамды эпик жыршы дейміз. Кезінде фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық, орындаушылық үрдістің көрнекті өкілі Берік Жүсіпов ағамыз облыстық мәдениет басқармасының басшысы болып тұрған уақытында осылай деп баға берген еді. Мұндай құрметті атақтың өзіме қаншалықты лайық екенін білмеймін. Дегенмен бәрінің әділ бағасын беретін – халық. Ал жыр қорымда алдыңғы буын ағаларымыздың берген бағыт-бағдарымен жатталған көптеген жыр-термелер, толғаулар мен дастандар бар. Түрлі байқаулар өнер адамын шыңдамаса, ешқашан бағын кемітпейтіні анық нәрсе ғой. Сондай өнер бәйгелерінің аясында жатталған дүниелердің өзі бір төбе. Бір ғана мысал, 2010 жылы Ақтөбе өңірінде Нұрпейіс Байғанин атындағы «Арқалы жырау жырласын» атты республикалық байқау өткен еді. Ол туралы шараның өтуіне бір апта қалған кезде білдім. Сол бір апта ішінде төрт поэма, бір дастан және бір толғау тапсыру керек болды. Ұстазым Алмас Алматов ағамыздың бұл тапсырмасы мен үшін үлкен сын еді. Дегенмен аз ғана уақыт ішінде соның барлығын жаттап, байқаудың бас бәйгесін жеңіп алған болатынмын. Бұл менің 16 жасымда жеткен осындай үлкен байқаулардағы алғашқы жеңісім болды. Осы секілді 10-ға жақын жыр дастандар жатталған екен. Соңғы екі жыл ішінде де жыр қорыма конкурстық негіздегі көптеген шығармалар енді. Атап айтқанда, Текей батырдың 375 жылдығына орай жазылған тарихи дастан, Алмас Алматов ағамыздың толғаулары мен Әбіш Кекілбаев қазасына арнаған көңілқосы жыр қорымызға қосылды. Мұнан бөлек, кешегі өткен «Мен қазақпын» мега жобасының аясында еліміздің барлық жыр мектептерінен 10 шығарма енгізілді. Осы секілді ізденістерім ары қарай жалғаса бермек. Себебі, әрбір орындаушы өзінің жыр қорымен өлшенеді.
Әңгімеңізге рахмет!
                                                                 Сұхбаттасқан Биболат Сәтжан.
25 желтоқсан 2018 ж. 448 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (1519)

16 наурыз 2019 ж.

№19(1518)

12 наурыз 2019 ж.

№18 (1517)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 634 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам