Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Айдар Үсенов: Шын өнер – халықтың айнасы

Айдар Үсенов: Шын өнер – халықтың айнасы

   Ел ішінде «Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бар. Бұның астары бағзыдан Сыр бойындағы жыршылық, термешілік өнердің кеңінен өріс жаюында жатса керек. Жастар арасында да ата-баба мұрасына адалдық танытып жүрген дәстүрлі әншілер, күміс көмей, сырнай дауысты жыршылар баршылық. Солардың бірі – көптеген облыстық, республикалық, халықаралық жыршы-термешілер байқауларының лауреаты Айдар Үсенов. Тыңдарман көңілінен шығып, сырлы дауысы көпшіліктің жүрек қылын қозғаған Айдардың өңір өнеріндегі орны ерекше. Осы орайда жыршымен сұхбат құрудың сәті келгендей.
– Дәстүрлі өнерге бет бұрған өнерпаздардың алдыңғы легінде жүрген жастардың бірісің. Осынау киелі өнер өлкесіне қалай келдіңіз?
– Рақмет, жалпы, өнер дегеніміз – бабадан қалған мұра, біздің рухани байлығымыз. Ол өз алдына бір әлем. Әу демейтін қазақ жоқ. Өйткені оған киесі қонған дарынды талант, нағыз өнер иесі ғана егелік ете алады. Ал менің өнер жолына қадам басуыма келер болсақ, ол өз алдына ұзақ әңгіме. Менің немере атам Бекболсын Қайрақбаев белгілі жырау болған. Ноғайлы жырларын, Нұртуған ақынның «Едіге», «Қарасай – Қази» дастандарын жырлаған. Сондықтан бұл өнер өзім туған шаңырақта сақталып келген үрдіс деуге болады. Әрі өз әкем Бимұрат Тайлақбайұлы өмірін ұстаздық қызметке арнаған адам. Ол кісі де өлең жазатын. Түрлі тақырыпта мақала, очерк, әңгімелер жазып, еліміздің басылымдарына үзбей жариялап тұратын. Бізге де білгенін айтудан жалықпайтын. Балаларының барлығын сол рухта тәрбиеледі. Соның арқасында осы өнер жолына түссем деп армандадым. Бұл тұрғыдан жыраулық қанмен келетін өнер деуге болатын шығар...
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді қазақта. Осы жолда бағыт-бағдар берген ұстаздарың жайлы айтып өтсең.
– Сол бала кездегі арман санаға сырлы әуенді себелеген сайын «өнер» деген ұлы көшке талпынысым артып, құштарлығым арта түсті. Бұл ретте менің алғашқы талпынысымды демеп, арманыма қанат бітірген ұстаздарыма деген алғысым алғаусыз. Соның ішінде асыл өнерге деген алғаш қызығушылығымды оятқан Асқар Жоламанов болатын. Сондай-ақ,Рысбек Әшімов, Айбек Тәңірбергенов секілді өңірімізге белгілі жыраулардан тәлім алдым. Кейінірек университет қабырғасында жүрген кезімде Алмас Алматов ағамыз да ақыл-кеңесін айтып, батасын берді. Кез келген аламанға түсер жүйріктің өз сейісі бар. Сыр бойының шайыры Жиенбай жыраудың «Болғанмен жүйрік шаппайды,– Сейісі тауып бағылмай» деген керемет сөзі бар. Әрине, «шәкіртсіз – ұстаз тұл». Сондықтан мен үшін өнерге келуіме ақыл-кеңесін берген ұстаздарымның орны ерекше.
– Дәстүрлі әншілерді іздейтіндер кімдер? Жалпы тыңдармандарың көп пе?
– Ел-жұрттың ыстық ықыласына бөлену екінің біріне бұйырмайды. Біздің өнерді бағалайтын сөз қадірін өз қадіріне балаған ағайындар. Басқаша айтсақ, өлеңнің өнегесін, нақылдың тәлімін тереңінен түйсіне алатындардың жыр-термеге құмартпауы мүмкін емес. Сондықтан жер-жерді аралап, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарға ат басын бұратын әншілердің бірімін деп өзімді нақты айта аламын.
– Сүлейлер мұрасын жұртқа ұсынғанда неге мән бересіз? Топқа түскенде нені ескеру керек?
- Қазақ қашанда сөзге мән беріп, бір ауыз сөзге тоқтаған халық. Әсіресе, тектілікті танытатын термелерді орындау үлкен жауапкершілік, өз алдына салмақты міндетті жүктейді. Сөздің түпкі мәнін жеткізіп, бояуын бұзбай, қатесіз орындалуын, иірімін келтіруге басымдық беремін. Ол үшін еңбек пен терең білім керек. Асыл сөздің ажарын ашу үшін тек музыкалық білім ғана емес, ұлттық бояуды бойға сіңіру керек. Сол жырдың тарихта не себепті қалғанын, неге елден-елге жеткенін біліп, мақамын бұзбай орындау тиіс.
– Нағыз жыршы қазақы болмысты, дүниені сезіну керек дейсіз ғой...
– Әрине, солай. Өз басым бұл қағиданы өнердегі алғашқы қадамымнан-ақ түсіндім десем болады. Ол кезде мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән кафедрасына оқуға енді қабылданған кезім еді. 2010 жылы Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы бастаған көтеріліске 140 жыл толуына орай республикалық жыршы-жыраулар байқауы өткізілді. Досан батыр бастаған халық қозғалысы Маңғыстау өлкесінде өтекен оқиға. Сондықтан аталған өлке тарихына жапылама шолу жасауым қажет еді. Сол үшін барымды салып дайындалдым. Жырау Алмас Алматов ағамыздың кеңесімен байқауда Сәттіғұл жыраудың "Досан батыр" тарихи жырын орындайтын болдым. Сәттіғұл Жанғабылұлы – ғасырға жуық ғұмыр кешкен, сан ғасырлық ақын-жазушылар мұрасын біздің заманымызға жеткізген жыр саңлағы, халық ақыны.Ал патшалық езгіге қарсы халық күресін бейнелейтін «Досан батыр» дастаны оның ақындық талантын табиғатын таныта түсетін көлемді шығармасы. Жырда өзі туып өскен Маңғыстауда болған патша үкіметінің 1868 жылғы «Уақытша ереже» қысымына қарсы шыққан халық көтерілісі баяндалады. Дастанның басты кейіпкері – елінің тәуелсіздігі үшін патша отаршылдарына қарсы қол бастап шыққан Досан батыр.
Негізі көтеріліс кезіндегі Досан ерлігін Ақтан, Қашаған, Қалнияз, Бала Ораз сияқты Атырау ақындары көп жырға қосқан. Бірақ арнайы дастан етіп жырлаған Сәттіғұл ақын. Себебі «Досан батыр» дастанының эпостық поэмалардан негізгі айырмашылығы – тарихи шындығы. Мұны неге айтып жатырмын? Жыршы үшін осындай ізденістер арқылы жұрт жүрегіне жол табар туындыны тани білу өте маңызды.
– Дастанның ерекшелігі тарихи шындығында дейсіз.
– Әрине, бұл шығарма отаншылдық пен ерлікті үлгі еткен туынды. Қиын-қыстау кездерде еліне қорған болған тұлға туралы ізденістерім мен ұстаздарымның сілтеген оң бағытының арқасында сол байқаудың бас жүлдесін иелендім. Бұл өнер өлкесіндегі алғашқы бақ сынауым болатын. Мұнан соң облыстық телеарнаның ұйымдастыруымен өткен «Жыр керуен» облыстық байқауының жүлдегері атандым. Айтайын дегенім, жыраулық өнерді дамытуда түрлі фестивальдердің маңызы жоғары екендігі. Осындай байқауларға дайындық барысында төрт-бес дастан жыр қорыма қосылған екен.
– «Өнер жолы – ауыр жол». Кейде адам болған соң күресуден, өзіңнің мықтылығыңды дәлелдеуден шаршайтын кездер кездеседі. Тіпті, қолды бір сілтеп, бәрін тастай салғыңыз келетін сәттерде сізге не күш береді?
– Әрине, адам баласы үнемі бір қалыпты тұрмайды ғой. Өнерде де солай. Киесіне қалса, басыңнан бақыт құс болып ұшып кетеді. Өнер жолын қалаған екенсің, өзіңді-өзің тәрбиеле. Шын өнер – халықтың айнасы іспетті. «Үлкендік деген ауыр жүк, Көтере алсаң тәуір жүк» демей ме?! Өнер де тура сондай. Кез келген нәрсені мінезге салсаң, онда ол – сенің әлсіздігің. Бұл – менің ұстаздарымның үнемі айтып отыратын ақыл-кеңесі. Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар кездеседі. Кейде әділетсіздіктерге жолығатын тұстар да болады. Шаршаңқы тартасың, көңілге кірбің ұялайды. Ондайда ашуға бой алдырмайтын негізгі ұстанымым «сабыр түбі – сары алтынды» есіме сақтаймын. Бәрі тек әншейін өткінші сәт деп өз-өзімді жұбатуға тырысамын. Менің барша болмысым осы.
– Қазіргі таңдағы шығармашылық ізденістерің қай бағытта?
– Мен өзім 1991 жылы Арал қаласында дүниеге келгенмін. Мектеп жасынан осы өнерге құмар болып, жоғары білімді де дәстүрлі ән мамандығы бойынша алдым. 2013 жылы оқу бітіре салысымен туған жеріме барып, ауданның мәдениет саласында бірер жыл жұмыс жасадым. Бірақ мені сол жерлердегі көне тарихтың қойнауы үнемі қызықтырды, толғандырды. Біле білсеңіз, жыраулық өнердің де тарихтан бөлек тұруы мүмкін емес. Әрі сүлейлер шығармашылығын терең тану үшін өлке тарихын терең білу маңызды деп ойлаймын. Осы мақсатпен өткен жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универистетінің тарих факультетінің магистратурасына оқуға тапсырған болатынмын. Қазір орындаушылық бағыттағы ізденістерімді тежеп, ғылыми негізде білімімді жетілдірудемін десем де болады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Биболат Сәтжан.
09 ақпан 2019 ж. 52 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№14 (1513)

19 ақпан 2019 ж.

№13 (1512)

16 ақпан 2019 ж.

№12 (1511)

12 ақпан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 484 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам