Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Нұрмат МАНСҰР: Айтыс атымды алашқа танытты

Нұрмат МАНСҰР: Айтыс атымды алашқа танытты

     Бала кезінен кітапты сүйіп оқып, кейін қолынан домбырасы түспеген, ақындықты жаны сүйген жерлесіміз Нұрмат Мансұр студент шақтан бастап ел назарында болып келеді. Бірнеше дүркін халықаралық, республикалық айтыстардың бас жүлдегері атанды. Қызылорда облысы деңгейіндегі «Айтыстың дарабозы» номинациясының, «Сыр үміті» сыйлығының иегері секілді бірталай марапаттарға ие болды. Қазақтың айтыс өнерін насихаттау мақсатында Түркия, Франция, Өзбекстан елдерінде өнер көрсеткен. Оның сахна төрінде өзін-өзі ұстауы, дəстүрлі өнерді бойға жинауы, мағыналы сөзі мен мәнді ойы көрерменді үнемі тəнті етіп отырады. Елдің қошеметіне бөленіп жүрген Сыр саңлағымен сұқбаттасудың сəті түсті.
– Бір жылды артқа тастадық. Былтыр ел есінде қаларлық қандай оқиғалар орын алды? Әңгімемізді осыдан бастасақ...
– Əрине, бір жылымыз тағы да өткен өміріміздің бір белесі болып артымызда қалды. «Келер күннен жақын жоқ, өткен күннен алыс жоқ» деген халықтық тəмсіл бар. Қаншама талпынсақ та, сағынып сарқылсақ та кешегі күніміз енді қайырылып келмейді.
Өткен жылы төртінші перзентіміз жарық дүниеге келіп, ерекше қуанышқа бөлендім. Анамыз жетпіс жасқа толып, бауырларыммен жұмыла мерейлі тойын жасадық. Анамызға өзінің көңілі қалап жүрген бір сыйлығын тарту еттік. Былтыр ол кісі жиі ауырып, қайта-қайта төсек тартып қалып жүрді. Ем қонбай қойды, қатты алаңдадық. Мен кенжесі болған соң анамыз Астанада біздің қолымызда. Бір той жасап берсек деп өзара ойласып жүрдік. Содан елдегі ағайынмен ақылдасып, тойханаға тапсырыс беріп, туыстарға хабарлап жібердік. Келген соң «Маматай, осылай істегелі жатырмыз» деп бір-ақ айттым. Əйтпесе, ол оңайлықпен келіспес еді. Сондағы бар ойы – біздің қаржыдан қиналып қалмауымыз.
Содан қызықты қараңыз, тойдың ұзынқұлақтан хабарын естіген абысындары, қайынсіңілілері, аға-бауырлары күн сайын хабарласып, «Құтты болсынды» жаудырды. «Əуп деген атанға қуат» деп шешем көз алдымда жақсарып, күш жинап серпілді. Сонда ғана түсіндім, "Алтынның қолда барда қадірі жоқ" демей ме, жанымызға жақын жанды көзі тірісінде қуанту үшін тосын сыйлық жасауға асықпайды екенбіз. Егер жақының ауырып, сырттан егілетін укол, дəрі-дəрмек көмектеспей жатса, ішкі қуатын оятуға күш салу керек екен. Ал, шығармашылық саладағы жетістік ретінде айтар болсам, екі бірдей республикалық айтыстан бас жүлде алып, үлкен қуанышқа кенелдім. Сондай-ақ, радиохабарларым үздік деп танылып, журналистер арасындағы кішігірім конкурста марапатқа қол жеткізгенім тағы бар.
– Бәрекелді! Жаңалықтарыңыз құтты болсын! Сізді дүйім жұрт айтыскер ақын ретінде жақсы таниды. Айтыс аламанында жүргеніңізге қанша уақыт болды? Жалпы, ұлттық өнерді қалай бағалап жүрміз?
– Бала күнімнен тақпақ, өлең жаттауға ерекше құмар, əуес болдым. Кейіннен тақпағымыз толғауға, өлеңіміз жырға ұласып кете берді. Батырлар жылы, ақындар кітабы солай жалғаса берді. Ал, айтыс өнеріне алғаш рет студент кезде қадам бастым. Облыстық «Студенттер көктемі» фестивалі аясында өткен жастар айтысында "көрермен көзайымы" шарапатына ие болдым. Содан міне əлі күнге осы өнердің керуен көшіндеміз. Шама-шарқымыздың жеткенінше үлкенді-кішілі додаларда топ жарып, оза шауып, олжа салып келеміз. Айтыс Алашқа атымды танытты. Азамат болып ерте қалыптасуымызға айрықша əсер етті. Ұлттың қай өнерін болса да аса жоғары бағалаймын. Себебі, өнер халықтың қажеттілігіне орай туады. Сол халықпен бірге дамиды, кемелденеді. Гүл қосып өрген қыздың бұрымындай 18 жыл саналы ғұмырым осы айтыс өнерімен қатар өріліп келе жатыр.
– Айтыскерлер қызуқанды болып келеді. «Арқасы бар» ақын деп жатамыз. Ал, сіз қайсысына жатасыз?
– Күнделікті тіршілікте, өмірде аса қызуқанды емеспін. Сабырлы мінезім бар. Бұл жағынан әкеме тартқанмын. Кез-келген жағдайда бірден «реакция» білдірмей, бірер минут өткізіп, алды-артын бағып алып, шешімге келемін. Бұл көп сәтте мен үшін жақсы нәтижелерге ұласып жатады. Ал, елдің алдына шыққанда басқа қалыпқа түсемін. Негізі, ерекше сезім болады.
Айтысқа түсетін кез келген ақын үшін, ән-терме орындайтын әнші-термеші үшін сахнаға шыққандағы алғашқы екі минут аса маңызды. Осы сәтте өзіңді жеңіп, ойыңды шашыратпай, бойыңды еркін ұстай алсаң, ән де, жырда ағытыла береді. Көпшілік көрерменнің ынта-ықыласы, ду қошеметі саған ерекше күш бітіреді.
– Халықтың ортасында көп жүресіз. Сізді қоғамдағы қандай мәселе толғандырады?
Бүгінде көп жерде көрші мен көршінің қарым-қатынасы суып кетті. Арнайы шақырмаса көршіміздің үйіне бас сұқпайтын болдық. «Көршісі аш жатып, өзі тойып тамақ ішкен адам менің қауымымнан емес» деген Пайғамбар хадисін ұмыттық. Оның аш, ауырып жатқанын қайдан білеміз, бір аптада бір соқпаймыз. Бір туған азаматтардың балалары бір-бірімен емен-жарқын араласпайды. Бұл абысындар тату емес деген сөз. Туған-туыс бас есепсіз бір-біріне қайырласпайтын болды.
Әр қазақ өз мәселесімен жеке-жеке қалды. Үй салса, той жасаса қарызға батырмай, банкке кіріптар етпей бір бауырдың жүгін бір әулет көтеріп кету деген жоқ. Бұл дегеніңіз, кешегі қазақтың болмысына, әдепкі қалыбымызға оралу арқылы шешіледі. Ал, енді қауым болған соң ел-халық ортасында өзара мәселелерінің болуы заңдылық. Бірақ, кез-келген мәселе шешіледі, қисық түзеледі, кемшілік толығады. Тек соған дұрыс ниет керек.
– Атаққа қызығасыз ба?
– Жоқ. Атақпен ешқашан абырой келмейді. Көркем мінезің, үзбей жасайтын жақсы амалдарың саған абырой әкеледі. Сол абыроймен келген атақ-марапат қызығуға тұрарлық.
«Екі өлеңіне еңіреп сыйлық сұраған,
Қатарым менің пысық қой» деп келетін Шәкизада ақынның өлеңі бар. Кісі салып, өтініш айтып, өлерменденіп алған атақтың өзіңе де, өзгеге де шарапаты көп болмайтыны түсінікті. Қақпаққа қазанды кигізгендей, аударғандай бір үйлеспей, қиюласпай тұрады. Алла сондайынан сақтасын деп жүреміз.
– Отбасыңыз жайында айтсаңыз?
– Алты ағайындымыз, мен үйдің кенжесімін. Қазақы жол бойынша анамыз менің қолымда. Інжу есімді келіншегім бар, мамандығы – мұғалім. Төрт ұл өсіріп отырмыз. Үлкен ұлымыз екінші сыныпта оқиды. Кішкентайы алты айлық. Қолдағы барымызға шүкір етіп, жоққа сабыр етіп қарапайым ел қатарлы тұрмыс-тіршілік кешіп жатырмыз.
– Қазір бас қаламыз – Астанадасыз. Осы жаққа біржола қоныс аудардыңыз ба?
– Иә, Астанаға қоныс аударғаныма төрт жылдан асты. Елорданың дәл іргесіндегі Қосшы деген ауылдан үй салып, әзірге орнығып алғандаймыз. Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Шалқар» радиосында редактор-журналист қызметін атқарамын.
– Ауылды сағынып тұратын шығарсыз....
– «Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейді» деп келетін бір ән айтылып жүр ғой. Ән мәтінінің осы қатары ерекше сәтті шыққан. Ауыл ешқашан есіңнен кетпейді. Сағынып тұрасың, барып мауқыңды басасың. Арқаны кеңге салып, алаңсыз жүретін жерім – ауылым.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Мәселен, досыңыз –  Мұқтар Ниязовтың шәкірт тәрбиелеу ойында бар екен. Бұл орайда сіздің пікіріңіз қандай?
– Уақытыңды, мүмкіндігіңді шамалай отырып, жұмысыңды жоспарлай білу – бұл мақсатыңа жетудің тура жолы. Әйтпесе, ойдағы іске қол жетпей жүре бересің. Биыл айтыстарымның жинағын шығарсам деген ниетте жүрмін. Қосшы ауылының мәдениет үйінен жас ақындардың үйірмесін ашу турасында ұсыныс түсіп жатыр. Мұны да тезірек қолға алу керек.
Шәкірт тәрбиелеу әр ақынның ешкім міндеттемесе де қосымша атқара беретін бір шаруасы болуға тиісті. Білімнің зекеті – білгеніңді үйрету. Бірер шәкіртім бар. Келешегінен үлкен үміт күтіп отырмын. Үмітім алдамаса, алдағы жылдардағы додалардан топ жарып қалуға тиіс.
Жалпы, «әліппе» деген сөздің негізі «алиф, бә» деген арабтың әріптерінен алынған дейді ғалымдар. «Алиф» әрпін үйреніп, «бә» әрпіне өтсең, саған алифті басқаларға үйрету уәжіп. Яғни, міндет болып саналады. Сол секілді айтыс өнеріне біршама шәкірттер баулу үшін осы жолда жиған азғантай білімім әзірге жеткілікті деп ойлаймын. Осы өнердің жолында өзім үшін деп жиған білімім, он жылдан астам тәжірибием қазірдің өзінде бірнеше сағат лекция болуға жарайды. Сондықтан ұстаздық етуге дайынмын деп сеніммен айта аламын.
Әңгімеңіз үшін рақмет! Өмірде де, өнерде де жолыңыз ашық болсын.
       Сұқбатты жүргізген: Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
12 ақпан 2019 ж. 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (1527)

16 сәуір 2019 ж.

№27 (1526)

13 сәуір 2019 ж.

№26 (1525)

09 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 2 820 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам