Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ: Мақсатым – әке мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу

Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ: Мақсатым – әке мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу

  Қызылордада қазақтың халық ақыны, дарынды композитор, әнші, күйші, Кенен Әзірбаевтің дүниеге келгеніне 135 жыл толу құрметіне орай кеш өтетінін естіп, сол күнді тағатсыздана күткен жанның бірі – мен. Бұлай етуімнің де өз себебі бар еді. Бар ойым – орайлы сәтті құр жібермей, сол кеш үшін арнайы Алатау бөктерінен ат терлетіп келе жатқан Кенен Әзірбаевтың қызы, "Мәдениет қайраткері" төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Төрткен Кененқызымен аз-кем пікірлесіп қалу еді. Межелі күн де жетіп, айтылған мекенжайға іздеп барғанда алдымыздан Төрткен апамыздың өзі шығып, балаша құрақ-ұшып қарсы алды. Кенен ата жайлы қызықты естеліктерімен қатар, көпшілік үшін беймәлім тың деректермен де бөлісті. Осылайша саналы ғұмырын әке мұрасын насихаттауға арнаған жанмен арада риясыз әңгіме өрбіген еді.
         – Сыр өңіріне қош келдіңіз, апа! Бұрын-соңды біздің жаққа ат басын бұрған ба едіңіз?
         – Бұл – Қызылордаға менің екінші сапарым. Осыдан бірер жыл бұрын қыздан туған немерем осында қызмет бабымен ауысып келді. Сол кезде келгенім бар. Негізінде, мен үшін бұрыннан да Сыр өлкесі таңсық, бөтен жер емес. Себебі, кезінде Кенен атам Нартай ақынмен өте жақын үзеңгілес жолдас болған. Бірі – Сыр, бірі – Жетісу топырағынан түлеген таланттарды Тәңір өнер жолында табыстырған. Еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралардың бәріне бірге атсалысып, тіпті Ресейдің Мәскеу қаласына дейін барған. Бала күнімде атамның "Нартайдың термесі" деп ол кісінің терме-толғауларын үнемі домбыраға қосып жырлап отыратыны есімде. Нартай мен Кененді Жамбыл Жабаевтың өзі ерекше жақсы көрген. Екеуі есіктен енгеннен Жамбыл атамыз марқайып-масаттанып, ерекше қуанатын көрінеді. Әбділда Тәжібаевтың "Көзкөргендер" деген кітабында да бұл екі тұлғаның ғасырға бергісіз достығы туралы керемет естеліктер айтылады.
         Алаштың анасы атанған аймаққа менің бүйрегімнің бұрып тұратын тағы бір себебі бар. Тараз қаласында әрбір екі жыл сайын Кенен Әзірбаев шығармашылығына арналған "Шырқа, дауысым" атты ән байқауы ұйымдастырылып тұрады. Аталмыш шараға өзім жылда қатысамын, куә боламын. Бір байқағаным, Қызылордадан келген өнерпаздар Кенен әндерін табиғатын бұзбай, нақышына келтіре әдемі орындап шығады. Тыңдап отырып, риза боламын. Енді, міне, осында әкемнің 135 жылдық мерейтойына арнап кеш өтетіндігін әлеуметтік желіден құлағдар болып, арнайы келіп отырған жайым бар.
         – Негізі, азан шақырып қойған атыңызелде жоқ есім ғой. Шын ныспыңыз "Төрт кемпір бір шал" екенін жақсы білеміз. Атыңыздың дәл осылай аталу тарихын өз аузыңыздан естісек.
         – Мен әкемнің 52 жасында дүниеге келдім. Замандастары немерелі болған кезде ол кісі енді ғана бала сүйген екен. Оған дейін бала тұрақтамай, көзге көрінген 8 сәбиі бірінен соң бірі шетінеп кете беріпті. Содан мен дүниеге келгенде есімімді нағашы әжем қойыпты. Ол кісі ырымдап, мені "Ауылда Кенен қызды болды!" деген сүйінші хабарға жиналған 4 кемпірдің аяғының арасынан өткізіп алған. Тағы да құтты болсын айта келген ақсақалды да кемпір-сампыр қуаныштан қаумалап, аяғының арасынан бір өткізіп шығарыпты. Содан Төрт кемпір бір шал атанып кеттім. Бұл енді жасы ұзақ болсын, осы қариялардың жасын берсін деген ниеттен туған дүние ғой. Одан бөлек, балтаның жүзіндей өткір һәм мықты болсын деп кіндігімді ер балаға балтамен шаптырыпты. Мен байғұсқа осылай көрсетпеген "қорлығы" жоқ қой (күлді). Содан иә журналға сыймайтын, иә айтуға ебедейсіз сол ұзын-сонар атпен мен алтыншы сыныпқа дейін жүрдім. Оған дейін жаспын, көп нәрсенің мәнісін біле бермеймін. Тақтаға сабақ айтуға шықсам да, апайым екі иығы селкілдеп күліп отыратыны есімде. Сөйтсем, осы атыма күледі екен ғой.
         – Ал, Төрткен қалай атанып жүрсіз?
         – Ес біле бастаған соң балалардың мазақ еткеніне шыдамай, атама барып "Енді оқымаймын, мектепке де бармаймын" деп жыладым. Содан атам мектепке барып: "Төрт кемпір бір шалдың атын өзгертпесем болатын емес. Оқудан бас тартып жатыр. Тіпті, қалаға бармаймын дегенді шығарды" дейді мұғалімдеріме. Сөйтіп, Төрт кемпірдің "Төртін" қалдырды да, "Кенен" дегеннің "Кенін" қосып, Төрткен деп өзі қойды. Ол – төрт құбыласы тең деген әдемі мағына береді екен. Сонда деймін-ау, маған дейінгі перзенттері тұрақтамаған соң шығар, әкем мені де "өліп қалады" деп тіпті құжат та алмапты ғой. Құжаттарымды осылайша алғаш рет 7 сыныпқа өткен соң бір-ақ алыппын.
         – Заманында ойын-сауық, той-томалақтың ортасында сал-серілік құрған Кенен ата үйде қандай жан еді?Тәрбиеде қатал әке ме еді?
         – Ол кісі өте балажан еді. Біреуімізге ұрысып, бетімізден қаққаны есімде жоқ. Бізбен балаша ойнап отыратын. Оның ішінде маған деген ықыласы ерекше болды. Неше жыл бала қызығына жете алмай, мен дүниеге келген соң ғана перзенттері тұрақтаған себепті ме, әйтеуір, мені жақсы көріп, "Майқұйрық" деп атайтын. Тіпті, "Мына ешкі аяғымды басып, ауыртып қойды" деп арыз айтсам, ертесіне сол ешкіні сойдырып тастайтын. Шамның жарығына саусақтарымен аю, қасқырдың сұлбасын салып, бізбен ойнағанға ешқашан ерінбейтін. Сондай-ақ, атамның көпшілік біле бермейтін тағы бір қыры – қазіргі тілмен айтқанда мықты пародист еді. Жамбыл атаның ашуланғандағы сақал-мұртының тікірейіп кететінін де айнытпай салатын. Замандас ақын-жыраулардың ерекше әрекеттерін іс-қимыл, мимикамен шебер орындап, ішек-сілемізді қатыратын. Кәдімгі әртіс дерсің. Ол кезде қолымызда қазіргідей түсіріп алатын бейнеқұрал жоқ. Әйтпесе, болашаққа естеліктің көкесі болып қалар еді.
         – Әкеңіздің екі әйел алғаны көпшілікке мәлім. Жасыратыны жоқ, отбасындағы бәйбіше мен тоқал тартысы қай заманда да болған ғой. Осы тұрғыда Кенен атаның бәйбішесі – Үлпілдек пен анаңыздың бір-біріне деген қарым-қатынасы қандай еді?
         – Үлпілдек апам үшінші қызы дүниеге келген соң сал ауруына шалдықты. Ұзақ жылдар төсек тартып жатты. Ал, атам бұл кезде 1916 жылы Әли Нұрғожаұлы бастаған Жетісу қазақтарының патшаға қарсы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып жүріпті. Бір жағынан Әли батырдың үгітші ақыны болған. Сөйтіп, өзі түзде, үйдегі шиіттей бала-шағаға қарайтын адам жоқ. Менің анам – Нәсиханы 15-16 жасында әйелдікке алып келіпті. Сол кездері өрімдей қызды әйелдікке алды деп үстінен құлаш-құлаш арыз жазғандар да болыпты. Ал, Үлпілдек апам мен Нәсиха анамның бір-біріне деген үлкен сыйластығы – көп отбасы үшін үлкен өнеге. Анам оған бәйбіше деп қабақ шытпай, енесі ретінде құрметтей білген. Ал, 13 жасар қызы қайынсіңлісі, ең кішкентайын өзінің перзенті секілді аялап өсірген. Сөйтіп, бәйбішемен бір шаңырақ астында үш жылдай тату-тәтті ғұмыр кешіп, ол кісіні ақтық сапарға арулап шығарып салған. Ал, әкем менің анаммен елу жылдан астам жұбайлық өмірдің ащысы мен тұщысын бірге өткерді.
         – Кенен академиясынан өткен талантты шәкірттің бірден-бірі – өзіңізсіз. Көзі тірі кезінде әке мектебінен нені бойыңызға сіңіріп үлгердіңіз?
         – Мен әкемнің алғашқы хатшысымын десем де болады. Ол кісі арабша, төте жазумен жазатын еді. Сондықтан көбіне мен өлеңдерін қағазға көшіріп, газет-журналдарға апарып беретінмін. Оның арқасында жастайымнан көп нәрсеге қанық болып өстім. Әңгіме, терме-толғауды жастанып, жаттап бойжеттім. Өзі көзі тірісінде-ақ 50-60-қа жуық әнін жатқа айттым.
         – "Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де" дейді Кенен атамыздың өзі. Сөз жоқ, өнер аспанында Кенен Әзірбаевтың дара, оқшау тұратыны анық. Жалпы, халық композиторының барлық мұрасы бүгінге дейін шашауы шықпай түгел жетті ме?
         – Атам көзі тірісінде "Қалқам, әнші боларсың, болмассың, менің әндерімнің мұқам-сазын өзгертпей айтарсың. Шамаң келсе, нотаға түсіріп, кітап етіп шығар! Менің он шақты әнімді халық білгенмен, қалғанын естіп көрген жоқ" деп маған аманат етіп тапсырған. Сол аманатын әлі де орындап келемін. Негізі, 110-ға жуық туындысы бар еді. Соның 90-ға тартасы біздің жинап-тергеніміздің арқасында сақталды. Кезінде фольклоршы-ғалым Борис Ерзакович 30 шақты әнін пианиноға икемдеп, жазып алған еді. Кейін фортепианоға түсірілген әндерін Астанада тұратын Бақытжан інім екеуміз домбырамен орындалатындай етіп, нотаға түсірдік. "Қосылған қоңыр қазға ән мен үнім" деген кітапты шығардық. Одан кейін де бірнеше мәрте кітап та, дискі де дайындадық. Мақсат – жалғыз. Әке мұрасын қаз-қалпынша келешек ұрпаққа мұртын бұзбай жеткізу.
         – Кенен Әзірбаевтың шаңырағы талай аты Алашқа мәлім тұлғалардың қазық қадап, ат байлап түсетін үйі болғаны белгілі. Сондай ерекше жүздесулердің бірін баяндап беріңізші.
         – Әкемнің арқасында қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті, тұтастай руханиятына еңбегі сіңген талай тұлғалармен кездесу бақыты бұйырды. Ол жағынан бағы болған жанмын. Халық қалаулылары Дінмұхамед Қонаевтан бастап, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, Сәбит Мұқанов, Борис Ерзакович, Ғали Орманов, Иса Байзақов, Үмбетәлі ағалар үйге бірнеше мәрте келген. Әртістерден Күләш Байсейтова, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова, Рахия Қойшыбаева келді. Ол кезде біз қолға су құйып, жүгіріп жүретін баламыз. Жамбыл атамның өзі мен туғанда да, інім дүниеге келгенде де арнайы ат басын бұрғаны бар екен. Сонда әкем кім келсе де, ерекше қонақжайлықпен қарсы алып, ризашылықпен аттандыратын. Міне, мен осындай тәрбие мектебінен түледім.
         – Жастайыңыздан ән айтуға ерекше құмартып өстіңіз. Десе де, бір сұқбатыңызда әншілік жолыңыздың ұзаққа бармағаны туралы айтыпсыз. Бұған не себеп болды?
         –  Денсаулығыма байланысты еді. Аяқ астынан зоб ауруына шалдығып, ота жасаттым. Сонда дауыс желбезегіне зақым келіп, дәрігерлер маған ән айтпақ түгілі, сабақ беруіме де тыйым салды. Дегенмен, жанаярлық танытпадым. Атамның ән мұраларының барлығын дерлік білетін мен ғана болған соң, оларды топтастырып жинақтадым. Кенен әндерін шырқайтын шәкірт те тәрбиеледім. Қазір олардың алды бір-бір өнер көшінің басында жүрген кәсіби өнерпаздарға айналды.
         –  "Кененқызы" деген тегіңіздің беделін пайдаланып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен өткен кездер болды ма?
         – Жоқ, еш уақытта "Мен – Кенен Әзірбаевтың қызымын" деп кеуде керген емеспін. Таныған жұрт көрген жерде құрметтеп жатады. Танымаса, дәлелдеп, әңгіме етіп те жатпаймын. Қарапайымдылық – маған әкемнен дарыған қасиет. Сондықтан атақ-даңқты желеу етіп, жеке пайдамды кәдеге асырмаппын. Қазір сексеннің үшеуіне шықтым.     
         – Қазір Кенен атамыздың көзіндей болып келешекке қалған қандай құнды жәдігерлерін атай аласыз?
         – Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты "Кенен" ауылындағы өзі 25 жыл тұрған үйін қазір атамның мемориалдық музейі ретінде қайта жасақтадық. Сүйегін де сонда жерледік. Сол мұражайда өзінің тұтынған заттарын көрмеге қойдық. Баяғы "Бозторғайды" айтып жүрген бала күнінде өзінің жасаған кішкентай ғана ақ домбырасы, одан кейін 75 жылдығында Ахмет Жұбановтың сыйға тартқан домбырасы, киім-кешегі бәрі-бәрі сақтаулы тұр. Ол кезде балаларды ойнататын ойыншықтар жоқ қой. Содан балажан әкем біз жылағанда тобылғы ағаштарын кесіп-кесіп, түбінен инемен сым өткізіп, сылдырмақ жасап жұбатады екен. Сол ағаш сылдырмаққа дейін қазір музей төрінде сақталып, біздің бала күніміздің тәтті естелігіндей болып тұр. Негізі, әкемнің әркімнің тарту еткен, сыйлаған, жан-жақтан жиған-терген дүниелері өте көп еді. Дегенмен, көзі тірісінде-ақ жартысынан астамын өзі әркімге таратып жіберді. Сұраған жанның көңілін жықпайтын сондай жомарт жан еді.
         – Уақыт тауып, ән өнерінің кемеңгері жайлы ыстық естеліктеріңізбен бөліскеніңізге рақмет! Кенен мұрасы мәңгілік жасай берсін!
Сұқбаттасқан Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ. 



23 ақпан 2019 ж. 624 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№37 (1536)

18 мамыр 2019 ж.

№36 (1535)

14 мамыр 2019 ж.

№35 (1534)

09 мамыр 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 3 283 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам