Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Меруерт Әбдіхалықова: Білім сапасы – басты назарда

Меруерт Әбдіхалықова: Білім сапасы – басты назарда


Бүгінгі таңда елімізде білім беру саласы заманға сай болуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Бұл бағытта Қызылорда қаласында тың ізденістер бар. Озық үлгілер кеңінен қолданылып келеді. Соның нәтижесінде жаңашыл жобалар жүзеге асып, білім саласында игілікті істер атқарылды.
Жақында қалалық білім бөлімінде жаңа басшы тағайындалды. Оған осы саланың тыныс-тіршілігін, аяқ алысын жақсы білетін білетін маман басшылыққа келді.  Білім саласының мамандары Меруерт Әбдіхалықованың №3 мектеп-лицейде жасаған жұмыстарын жоғары бағалайды. Ерекше еңбекқорлығы мен білімділігі жайында жақсы біледі. Сондықтан да сала қызметкерлері Меруерт Наушақызы қала басшылығына келгенін дұрыс санайды.
Қаланың жаңадан келген бас ұстазымен біз де етене танысып, аталмыш саланың жағдайы жөнінде сұқбаттасқан едік. Бөлім басшысы қызметке келгеніне көп уақыт болмаса да іске белсене кіріскені байқалады. Сұхбат барысында білім бөлімінің алдағы жоспары жөнінде ашық-жарқын әңгіме өрбіді.
– Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сәттілік тілейміз. Бұл саланың жауапкершілігі жоғары, көтерер жүгі ауыр. Мектепті ұзақ жыл басқардыңыз. Алдағы уақытта осы саланың тәжірибелі маманы ретінде қандай жоспар мен жұмыс жүзеге асады?      
– Бүгінде жаңартылған білім сапасына көп көңіл бөлінуде. Саладағы жоспарға сәйкес әрқайсысына жаңалықтар енгізуге тырысамыз. Қазіргі таңда түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары деңгейде тапсыруды қадағалау бағытында жұмыстар жасалуда. Қазірге дейін 9-11 сынып аралығында мемлекеттік емтиханды ережеге сәйкес жүргізу, оқушылардың аттестатты дұрыс бағада алуына қадағалау мәселесіне көңіл бөлдік. Емтиханды әділ, шынайы түрде тапсыру қатаң бақыланды. Әрбір жас өз деңгейінде бағасын алып, елге қызмет ететін азамат болуы қажет. «Арық айтып, семіз шық» дейді қазақ атамыз.
–Мектеп директорларына қандай талаптар жүктеліп отыр?
 –Мектеп басшысы қызметін бес жыл атқарған директорларды ауыстыру білім сапасын арттыру мақсатында жүргізіліп тұрады. Алдағы уақытта білім ошақтарына жаңа басшыларды тағайындау мәселесі заң аясында қарастырылады. Бұл – білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, басшы қызметінде жинақтаған тәжірибесімен бөлісу мақсатында орындалады. Яғни, деңгейі төмен білім ошақтарын мектеп-лицей дәрежесіне жоғарылатуға байланысты жұмыстар жасалады. Оның негізгі мақсаты – тамыр-таныстық тоқтатылуы керек. Мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерін тағайындау ережеге сәйкес 4 кезеңнен тұратын конкурстық негізде өткізіледі.
Бұл күндері педагог кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі де кеңінен қозғала бастады. Қала мұғалімдерінің білім деңгейі қандай?
 – Ұрпақтың білімді, саналы болып қалыптасуы жолында қызмет атқаратын мұғалімнің дәрежесін көтеру – қай кезде де маңызды іс. Тұңғыш-Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауындағы мұғалімдердің жалақысын көбейту тапсырмасы  алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Өткен жылдан бастап енгізілген біліктілік санаттары бойынша бүгінгі күні 5 педагог-шебер, 391 педагог-зерттеуші, 485 педагог-сарапшы, 565 педагог-модератор біліктілік санатын алды. Соның негізінде ұстаздардың лауазымдық жалақысына қосымша 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемақы төленуде. Жаңа бастама ұстаз еңбегін бағалау болып табылады. Осы арқылы жасаған жұмысының нәтижесін көреді. Бастысы, олардың арасында біліктілікті көтеруде бәсеке қалыптасады. Сол арқылы жоғары жетістіктерге жетуге мүмкіндік алады. Мұғалім қызметінің ерекшелігі сол, көптеген мамандықтар секілді педагогтың қолында өлшеуіш немесе басқаша айтқанда приборлар жоқ. Оның ең басты жұмысы – оқыту мен тәрбиелеу барысында пайда болған қарым-қатынасты басқару. Мұғалім көптеген нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, ал мұның өзі әрқашан күрделі. Түптеп келгенде, қоғам бұл мамандыққа ерекше жауапкершілік жүктейді. Олар баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұратын және өмірлік мақсатын қалыптастырады.
 – Қоғамдағы айтылып жүрген мұғалім мәртебесіне қатысты пікіріңізді айтып өтсеңіз... Бұл тұрғыда кімді кінәлаймыз және осы олқылықтың орнын толтыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
 – Мұғалім мәртебесі туралы сөз қозғалғанда Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» деген сөзі еске түседі. Осыған қарап-ақ мұғалімнің қоғамдағы орнының қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамның келешегі. Жас жеткіншектердің рухы мықты, танымы мен тағылымы кең тұлға етіп қалыптастыруда, оларды бәсекеге сай білімді азамат етуде ең негізгі салмақ ұстаздарға артылатыны анық. Сондықтан да қазіргі заман ұстазына қойылар міндет пен жауапкершілік жүгінің қаншалықты жоғары екендігін байқауға болады. Рас, бүгінгі таңда бұл тақырып өзекті болып отыр. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді атап көрсеткен болатын. Осыған орай, Заң жобасы қалалық білім бөлімінде талқыланып, мұғалімдер тарапынан қолдау тапты. Аталған заң жүйесі еліміздегі ұстаз беделін арттырып, қоғамдағы ұлы мамандық иелерінің мәртебесін көтеруге ерекше ықпал етпек. Біз заман ағымына сай болуымыз үшін жаңа ұрпақты тәрбиелей білуіміз керек. Сондықтан педагог мәртебесі туралы заң қабылдауға байланысты тапсырма дер кезінде берілді деп ойлаймын. Осы орайда, әлеуметтік мәртебесі мен рухани маңызын арттыруға баса көңіл бөлу керекпіз. Ұстаз – тек мектеп оқытушысы ғана емес, ол ұлттың тәрбиешісі. Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық. Ол мамандық иесінің әрқашан да өресі биік, көкірегі жақсылыққа тола, мейірімді, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары адам болу керек.
 – Өкінішке орай, қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қатысты сынның көбі білім саласында қозғалатыны жасырын емес. Бұл мәселенің алдын-алуда қандай жұмыстар жасалады?
 – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен, әлі де тамыры жойылған жоқ. Бұған шындық турасында қарауға тиістіміз. Мойындау керек, білім саласында бұл мәселе де көптеген олқылықтар кездеседі. Дегенмен, оны жасырып, жаппай ашық түрде күресуді қолға аламыз деген сенімдемін. Сонда ғана оны жоюға болады. Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты сынның алдын алу мақсатында біршама жұмыс жасалуда. Атап айтқанда, мектепке жұмысқа тұру кезінде тамыр-таныстық пен жемқорлықты болдырмау мақсатында 2018 жылдың қараша айынан бастап «jumys.sitcen.kz» жүйесі іске қосылды. Аталған жүйеде вакансия жарияланады. Өтініштер қабылданып, жұмыс іздеушілердің деңгейі тест арқылы тексеріліп, конкурстық комиссия арқылы әңгімелесу өткізіледі. Бұл жүйе арқылы жұмысқа әділ түрде қабылданып жатқанын байқауға болады. Ал  техникалық қызметкерлер бойынша құжаттарын бірінші жүктеген жұмыс іздеуші қабылданады. Осы уақытқа дейін 50-ге жуық педагогикалық қызметкер және 30-ға жуық техникалық қызметкерлер білім беру ұйымдарына жаңа жүйемен жұмысқа қабылданған.
–  Мектеп мұғалімдерін сенбілікке шығармау жөнінде не айтасыз?
– Туған қаламыздың таза, көрікті болғаны бәрімізге жақсы. Алайда, сенбі сайын көше тазалауға мұғалімдерді тарту тоқтатылған. Ортақ сенбілік болғанда қаладағы бүкіл мекеме шығады. Сол кезде де білім бөлімінің қызметкерлері тазалыққа үлесін қосу – әрбір азаматтың парызы.
– Осыдан бір ай бұрын фейсбуктегі қалалық білім бөлімінің парақшасында «балабақшадағы бүлдіршіндердің тамағына мән берілсе» деген ұсыныс түскен болатын. Жалпы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысы қалай жүруде? Балабақша тәртібі қалай?
 – Бүгінде облыс орталығында мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен 240 ғимарат бүлдіршіндерге қызмет жасауда. Мәселен, 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен қамтылған. Олардың ішінде ақпараттық технологияны дамыту мақсатында «Алтын ұя», «Алпамыс», «Бегім Ана» балабақшаларында тағы бір жаңаша бастама қолға алынып, жас робототехника кабинеттері ашылған. Сондай-ақ, «2016-2020 жылдарда Қызылорда қаласының аумағын дамыту» бағдарламасы аясында 46 инклюзивті топтар ұйымдастырылды.
Рас, жеке балабақша тарапына сындар айтылды. Оларға жоспарлы түрде тексерулер жүргізіліп, шаралар қолдынылды. Тамақ сапасына да көңіл бөлу қажеттілігі тапсырылды. Негізінде, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс жүйелі түрде тексеріліп тұрады.
–Тағы бір оқу жылын тәмамдадық. Қандай жетістіктер бар?
  – Қаламызда әсіресе, қаржының көп бөлігі білім саласына бөлінетіні білгілі. Ондағы мақсат – қоғамға қызмет ететін білімді жандарды оқытып шығару. Шәкірттер де ұстаз үмітін ақтап, әркез жоғары биіктерден көрінеді. Бұл оларға салынып жатқан инвестицияның қайтарылғаны болып есептеледі. Мәселен, қала және қалаға қарасты мектеп ауылдық округтер мен кенттердегі мектеп оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалар мен сайыстарға қатысу нәтижесі бойынша ең жоғары ұстанымда. Оңтүстік Корея, Дэджон қаласында өткен «Жас ғалым» халықаралық ғылыми жоба жарысында екі оқушымыз қатысып, жүлделі І және ІІ орындарға ие болды. Сонымен қатар, Ресейде өткен «Адам – Жер – Ғарыш»  атты қоршаған ортаны қорғау проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу жобаларының «Созвездие-2019» 20-шы жалпыресейлік олимпиадасына бөлімге қарасты мектептерден 5 оқушы қатысып, олар қанжығаға медаль байлап қайтты.
Жоғары сынып оқушылары үшін ҰБТ кезінде үлкен қарбалас басталатыны белгілі. Биылғы түлектерді қандай ерекшеліктер мен өзгерістер күтіп тұр? Жалпы, оған дайындық қалай?
  – ҰБТ – оқушылар үшін өте жақсы дайындықты талап ететін маңызды сынақ. Осы арқылы болашаққа қадамы басталады. Сондықтан да түлектердің сеніміне селқос түсірмеу үшін сынақты әділ өтуі қадағаланады. Осы орайда, 500 бітіруші Жаңақорған ауданында орналасқан «Талдысу» лагерінде ұлттық бірыңғай тестілеуге арнайы дайындықтан өткізілді. Қала бойынша 1725 оқушы үлкен өмірге жолдама алды. Оның 1315-і маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысады деп жоспарланған. Өзінің білім деңгейі мен қабілетіне сенген  «Алтын белгіге 120, «Үздік аттестатқа» 101 үміткер тіркелген. Одан бөлек оқушыларға қандай оқу орнында кәсіби білім алуға мүмкіндігі бар екендігі жөнінде түсіндіру, талдау жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
         – Балалардың жазғы демалысын қалай өтеді?
 – Қоғамның басты байлығы – балалар. Солар арқылы мемлекет дамиды. Бүлдіршіндерге жасалған қамқорлық негізінде өсіп, өнеміз. Әрбір үйде періште бар. Олар «періште арманы орындалса екен» деп отырады. Сол секілді қоғам болып, бүлдіршіндер тілегін орындау – басты парызымыз. Жазғы демалыс – оларға берілген мүмкіндік. Осы уақытта шат-шадыман күйге еніп, нағыз балалықтың тәтті дәмін келтіреді. Сондықтан да олар осы бақытты шақты сезіне білу үшін жазғы демалысын тиімді өткізуге көп көңіл бөлінеді. Осы орайда, қалалық білім бөлімі тарапынан да бірқатар жұмыстар жасалды. Мәселен, биыл жазғы демалыс лагерімен, тынығу-сауықтыру орындарымен 1-10 сынып аралығындағы 53 мыңға жуық бала қамтамасыз етіледі. Соның ішінде Арай-Санрайс, Қамбаш, Сырдария, облыс, республика көлеміндегі тынығу-сауықтыру лагерлеріне мемлекеттік бюджет есебінен, кәсіподақ ұйымының, демеушілердің қолдауымен  көпбалалы отбасынан шыққан 17500 бала тынығады деп жоспарланған. Ал «Сырдария» балалар лагерінде 7 ауысымда 1 400 өрен жазғы демалысын көңілді өткізбек. Одан бөлек, мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады. Жас өрендерді лагерьге тарту арқылы ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар береміз. Лагерьлерде ұлттық ойындар ойнатылып, мақал-мәтелден жарысады, түрлі үйірмелер қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
–  Сұқбатыңыза рақмет.
Сұқбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА.
24 маусым 2019 ж. 2 307 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№72 (1571)

17 қыркүйек 2019 ж.

№71 (1570)

14 қыркүйек 2019 ж.

№70 (1569)

10 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 5 827 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам