Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Оқушы денсаулығы ойландыруы керек

Оқушы денсаулығы ойландыруы керек

Қазіргі таңда дәрігерлер балалардың көпшілігінде омыртқа жотасының қисаю (сколиоз) белгісі бар екендігін айтады. «Бұл бүгіннен қолға алмаса салдары сан соқтыратын жағдай» дейді олар. Ағзаның барлық мүшесі бір-бірімен тығыз байланыста орналасқан. Соған ұқсас омыртқа да шеміршек, бұлшық ет, сіңір арқылы байланысады. Ол арқылы еңкею, шалқаю, бұрылу әрекеті жасалатыны белгілі. Мұның барлығы оның иілімдік қасиетін қалыптастырады. Бұл қасиет адамда 18-20 жаста толық жетіледі екен. Сонда омыртқа жотасы не себепті қисаяды?
Мамандар оған баланың дене бітімінің кішкентайынан дұрыс қалыптаспауы себеп екенін айтады. Түзу отырмау, салмақтың бір иыққа көбірек түсуі, денені тік ұстап жүрмеу салдарынан сколиоз дерті орын алады. Сондықтан дене мүсініңізді сымбатты жетілдіру үшін тік жүріп, түзу отыру аса маңызды.
Облыстық балалар ауруханасының травматолог ортопеді Олжас Құрбанбаевқа келетін науқастың көбісі қыздар екен.
– Сколиоз деп омыртқа жотасының бүйірге қарай қисаюын айтамыз. Яғни, омыртқа не солға, не оң жаққа қисық қалыптасады. Көбінесе жасөспірімдерде, соның ішінде қыз балаларда басымдық жоғары. Бұдан бөлек ДЦП, рахит сынды науқас балаларда туа бітті пайда болады. Аурудың 80 пайызы жүре қалыптасады. Сондықтан баланың дене бітімін ерте жастан қадағалау керек. Олар тез өсетіндіктен дерттің дендеуі тез жүреді, – деді ол.
Бұл дерт туа біткен жағдайда бастапқыда әсте байқалмауы мүмкін екен. Ол тексеру барысында немесе ата-анасы байқаған кезде анықталады-мыс. Сол сияқты оқушылардың бірқалыпта ұзақ отыруы, бір қолымен ауыр жүк көтеріп жүруі сынды факторлар да бұған әсер етеді. Ауруды ерте бастан анықтау бала денсаулығын қалпына келтіруге септігін тигізеді.
– Омыртқа жотасы қисаюының төрт сатысы бар. Оның әуелгісі 5-10, кейін 11-25, үшінші дәрежесі 26-50 градус аралығын құраса, соңғы сатысы әрі күрделісі – 50 градустан жоғары болуы. Сондай-ақ оның қисықтығы мойында, кеудеде, белде және кеуде мен белде С, S, Z тәрізді боп келеді. Мұның барлығы рентгенография, КТ, МРТ-ға түсіру арқылы белгілі болады. Ал, емдеу тәсілі дәрежесіне қарай тағайындалады. Мәселен, алғашқы белгісінде суда жүзу, массаж, физиотерапиялық ем, сколиозға қарсы гимнастика жасалады. Екінші және үшінші дәрежесінде арнайы Шено корсетін киюге болады. Егер дерт асқынып үшінші және төртінші дәрежеде болса, онда ота жасауға тура келеді. Сол себепті әрбір ата-ана өсіп келе жатқан баланың денсаулығына, қимыл-қозғалысына ерекше мән бергені абзал. Олардың ауыр зат көтермеуін, партада түзу отыруын, тік жүруін қадағалағаны дұрыс. Одан бөлек жылына бір рет дәрігерге көрсетуді, спортпен шұғылдануын әдетке айналдырса кез келген аурудың алдын алуына болады, – дейді білікті маман Олжас Ізмұратұлы.
Оқушы кезде «үлкендерден партада түзу отыр, басыңды бұғып жатпа, денеңді тік ұста» деген секілді ескертпелерді естіген боларсыз. Десе де оның денсаулыққа әсері барын білмедік, білсек те мән бермедік. Қазір қарасаң бүкірейіп, еңсесі түсіп, бір жағына сәл қисайып жүрген адамдарды байқау қиын емес. Мұның бәрі сол кездегі дене бітімін дұрыс қалыптастырмаудың кері әсері болса керек.
Соңғы кездері ата-аналар оқушылардың оқу құралдарының тым ауыр екенін айтып жүр. Әсіресе, кітап салмағының басымдығы, сабақ кестесіндегі пәндердің көптігі де өзекті мәселеге айналған-ды. Біраздан бері қозғалып жүрген бұл проблеманың бала денсаулығына зиянды екенін дәрігерлер де растайды. Алайда, білім саласының мамандары көпшіліктің бұл уәжі қазіргі кезде оң шешім тапқанын алға тартуда. Мәселен, бұған дейін кітаптардың көлемі қалың, соған сәйкес салмақты келсе, қазір ондай оқулықтарды екіге бөліп шығарған. Яғни алғашқы екі тоқсанда пәннің бірінші бөлігі оқытылса, қалған уақытта екінші бөлігін пайдаланады. Бұл өз кезегінде оқулықтың салмағын азайту, бала денсаулығына қатер төндірмеу мақсатында қолға алынған. «Бүгінгі күні осы мәселеге сәйкес барлық оқулықтың бала жасы мен салмағына сай стандартты көлемі бекітілген» дейді мамандар.
Қалай десек те бәрімізге ең бірінші баланың саулығы маңызды. Ал мүсіні сымбатты болсын десек, осы бастан оған қажетті дүниелерді аямаған жөн. Бастысы, енді жетіліп келе жатқан баланың жасына сай салмақ көрсеткіші болады. Одан артығы оның денсаулығына зиян. Мұны бәріміз ескеруіміз керек-ақ.
Айдана СЕЙІЛ

19 қазан 2019 ж. 120 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (1589)

19 қараша 2019 ж.

№89 (1588)

16 қараша 2019 ж.

№88 (1587)

12 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 7 042 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам