Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА...

ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА...

   Домбыра – ұрпақтан ұрпаққа бабамыздың көзіндей аманат болып жеткен бірден-бір асыл қазына. Қазақ пен домбыра қашанда егіз ұғым. Оны бір-бірінсіз елестету әсте мүмкін емес. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, толғамы терең тарихы осы музыкалық аспаппен үндесіп жатқандай. Сонау білім-ғылымы жоқ заманның өзінде-ақ ата-бабаларымыз домбыраның құлағында ойнап, қос ішектен талай кереметті тудырған. Бар сүйініш-күйінішін осы музыкалық аспаптың құдіреттілігімен түсіндіре білген. Әрбір шаңырақтың қақ төрінен орын алған оны екі қазақтың бірі тарта алатын қабілетін де айтпай өтуге болмас.
Гүлмира Шырдаева – осы текті өнердің қыр-сырын бүгінгі ұрпақ бойына сіңіруде өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген жандардың бірі. Ол өнерлі өрендердің шоғырын қалыптастырып, дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап отырған киелі шаңырақ – «Өнер мектебінде» 26 жылға жуық қызмет етіп келеді. Саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған жан қазақтың қара домбырасын өзінің рухани серігіне айналдырғалы қашан. Үнемі ақырын басып, биязы қалпынан танбаған оның табиғаты қазақтың осы бір ұлттық аспабымен жараса қалатындай әдемі үйлесімділік бар. Еңбек жолын №3 балалар музыка мектебінен бастаған ол 1997 жылдан бастап өнер мектебіне ауысады. Бүгінде ұлт-аспаптар бөлімінің меңгерушісі, домбыра сыныбының жетекшісі қызметін атқарып жүрген ұстаз аталмыш шаңырақта талай шәкіртті киелі сахнаға баптап, өнер жолына қанат қақтырды. – Өзім бала күнімнен домбыраға әуес болып өстім. Әкем өнердің соңына түскен кісі болмаса да, бұл қасиеттен құр алақан емес еді. Бауырлар жиналып бас қосқанда, домбыра шертіп, әу дейтін әдетіміз бар. Содан 1987 жылы қаладағы музыкалық училищенің халық аспаптар бөліміне домбыра сыныбына оқуға түстім. Күләнда Әбішова, Әуез Бөлебаев сынды ұстаздардың алдын көрдім. Белгілі өнер иесі Алмас Алматовтан дәріс алдым. Кейін білімімді Алматыдағы қыздар педагогикалық институтында жетілдіріп, домбыра аспабынан қосымша мамандандыру біліктілігін алып шықтым, – дейді домбырашы.Кішкентайынан музыкаға деген, домбыраның қоңыр үніне деген ынтызарлық оны өнердің биік шыңына алып шықты. Облыстық деңгейде ғана емес, республика көлемінде ұйымдастырылатын байқауларда аймақ намысын қорғап жүрген жайы бар. Ал, «Ұстаздан шәкірт озар» демекші ол баулыған талай талантты жастар бүгінде шетел сахналарын бағындырып жүр. Раушан Бәйімбетова, Динара Сердалиева, Анар Тілеубергенова, Әзиз Жайлыбай сынды дарындылар әрдайым өнер бәйгелерінде оза шауып, жүлделі оралады. Ал, Бейбіт Темірхан есімді шәкірті Испания, Франция, Италия елдері сахналарында халқымыздың киелі текті өнерін паш етіп қайтты. Осылайша, төрткүл әлем қасиетті қара домбыраның күмбіріне бөленген еді. – Біз көбіне балаларды нота сауаттылығы арқылы үйретеміз. Ал, кейбір иірімдерін бұрынғы құйма құлақ әдісімен меңгеріп алатын жастар да бар. Бастысы, қызығушылықтары жоғары екені қуантады. Домбыра сырын түсінген жанға онда үлкен философиялық ой жатыр. Сырласасың, ішкі жан-сарайыңда болып жатқан толқынысыңды музыкамен ұштастыруға мүмкіндік аласың. Өзім үшін бұл дүние өмірімнің бір бөлшегіне айналғандай. Оны аса қадірлеп, шаңырақтағы төрімнен орын бергем. Ал, оны таңдау жағына келсек, немқұрайдылық танытам деп айта алмаймын. Дыбысына, жасалу техникасына аса мән беремін. Көбіне, қайыңнан, бұйра талдан жасалған домбыралар сапалы болады. Мен мұны өз тәжірибемнен біліп, кәсіби тұрғыда толық айта аламын, – дейді Гүлмира Қаратайқызы.Ол өз сөзінде өнер жанашыры ретінде қазіргі таңда күйлерді эстрадалық жанрға салып орындауға түбегейлі қарсы екендігін де айтып қалды. Кәсіби маманның айтуынша, күйді заманауи тұрғыда бұлайша орындау музыка саласына жаңа леп әкелгенімен, күйдің табиғаты мен иіріміне нұқсан келетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, ол жастар тарапынан қазақтың екі ішекті аспабына деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқандығын айтады. Бұл сөзімізге алғаш рет белгілі ұстаз, домбырашы Тасболат Ысқақовтың бастамасымен ашылған домбыра сыныбы бүгінге дейін талай өнерпазды тәрбиелеп шығарғандығы айқын дәйек. Қазіргі таңда өнер мектебінің жалпы ұлт-аспаптар бөлімінде 130-дан астам жас білім алса, оның 70-80-ге жуығы домбыра үйренуге ниет білдірген өрендердің үлесінде екен. Ал, саналы ғұмырын осы өнегесі мол өрелі іске арнаған ұлағатты ұстаздың кәсіби тұрғыда әбден машықтанғаны соншалық салалы саусақтары домбыра шанағында жеңіл жылжып, аспап пен көңіл пернесін дөп басуда өте шебер-ақ. Сірә, домбыраның құлағында ойнайды деп осындай жандарды айтса керек.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

05 желтоқсан 2017 ж. 128 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№7 (1409)

23 қаңтар 2018 ж.

№6 (1408)

20 қаңтар 2018 ж.

№5 (1407)

16 қаңтар 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 376 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам