Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Аңшының серті

Аңшының серті

Көкем аңшылықты өнер деп те, кәсіп деп те бағалаған жоқ. Мұқтаждықтан туған өмір сүрудің тәсілі деп түсінді.
Балалық шағы ашаршылыққа дөп келген жылы анасы, кейін жасы он екіге келгенде әкесі қайтыс болған. Одан кейінгі өмірі қолы ашық, жүзі жылы ағайынның есігінде өтті. Он-он бес үйден өрген азын-аулақ малды өрістен құлатқан соң дөңнің үстінде отырған ағайынның көңілі түскені үйіне шақырады. Бірінің қорасын тазалайды, енді бірінің отынын шабады, іңір үйірілгенше ауыл айналасындағы тірлікке қолғабыс етеді. Оның қолы тиген шаруа тап-тұйнақтай болып біте қалады. Ол күні ағайынның қабағы да ашық, төсегі де жылы.
Кейін тұзақ құруды үйренді. Ақ ұлпа жауған қардан кейін ізін жасыра алмай аңқау қоян иір-шиір жол салып, жетелегендей етіп із тастайды. Енді қалғаны жұмсақ сымнан бұта-бұтаның қысылтаяң қалтарысына тұзақ құрып тастау. Тұзақ қоянның мойнын қиып түспес үшін тиек жасап тастаса арқандаулы аң мойнына түскен қыл бұраудан бірден өле қоймайды.
Қонаға келген ағайынның үйіне олжаңды қанжығаға бөктере келсең, сол үйдің жылы-жұмсағы сенің аузыңда.
–Әй Қажақ, көптен бері біздің үйге қонбай кеттің ғой, – деп қызылсыраған жеңге, шешелері өздері-ақ үйлеріне шақыра бастайды.
Қақпаншы Қожбан ерте көктемде қырға көшкен малшылармен қос болып күзен аулайтын. Астындағы нарына бүкіл киім-кешегін, көрпе-төсегі, ыдыс-аяғын артып алып қара күзге дейін дала кезген кісі киік жан еді. Сарысу бойын жағалап, ондатр, күзен аулап, терісін илеп, Сырға қап-қап тең артып олжалы оралатын.
Қожбанның ауысқан ескі қақпандары құрсаулап, лажы болса, өзі жасап киікке қақпан салуға машықтанды. Үйлі-баранды болғаннан кейін ас-ауқатын айыруға аңшылықтың көп септігі тиді. Жүрісі жайлы атқа қақпанын артып, шай-суын ала кетіп, қас қарая бір-ақ оралады. Адам аяғын баспаған шөбі шүйгін, бұлақтың таза суын ішкен киіктің еті дәрі, әрі дәмді. Теңдеп әкелген олжа сенікі-менікі жоқ, ауыл үйге лезде таратылып кетеді. Артылғаны қақталып, сүрленіп, қысқа қор болып жиналады. Семіз киік етін жегенге соғым сою туралы ой да бола бермейді. Балалар жетілген соң киік аулауды солардың еншісіне қалдырып, малға маза бермейтін қасқыр аулауға тәуекел етті. Қырда түз тағысын аулаудың шебері саналатын Іздіқұлға еріп бұл шаруаның қыр-сырын меңгеруге ден қойды. Герман соғысында аяғын жау жеріне қалдырып келген төртбақ балуан денелі Іздекең атқа мініп-түсуі шалт еді. Қақпанға түскен қасқырға ешқашан оқ шығын етпейтін, сырықпен соғып алатын.
–Әй, бала «иттің сыртаны болса, жігіттің сұлтаны болады», соған жарайсың ба, жүрегіңнің түгі болса қақпан салуды үйретейін, – деп бір-ақ кесті. Қасқырға қақпан салып, қолға түсіру судағы балықты қолмен ұстағанмен бірдей қиын шаруа. Оның жатағын, күшік басқан апанын тауып, айнала қақпан салып, бүкіл бөлтірігін қырып салу оңай, бірақ оның қарымтасы қатты болады. Бөлтірігін алдырған қасқыр сол маңайдағы ауылдан өшін аямай алады. Кекшіл түз тазысы тай-тулақты қойып, ірі малдарға шауып, өшін қайтарып бағады. Аңшылық мақтан сүйетіндерге қол емес. Бәлен қасқыр алдым деп мақтан үшін аң аулаудың зардабын басқалар тартады. Аң екеш аң да көршілік сыйластықты біледі.
Кәнігі аңшы әлгі жатақтан айнала із кесіп, сырттан бақылап жүрген арландардың ізіне түсіп, соны қолына түсіруі ләзім. Ол аңшының аңшысының пешенесіне бұйыратын өте қиын шаруа. Жортуылдағы көне жолмен келген арлан араға бірнеше күн салып, сол ізбен қайтады. Жол бойындағы қасқырдың ізіне түсіп біршама іс кесуің керек. Әдетте қасқыр жұп болып жүреді кейде аяқтанған бөлтірінгін азуыздандыру үшін топтанып жүретін де кезі болады.
Ескі сүрлеуде қасқыр топырақты тырналап тастаған жерді тапқан кәнігі қақпаншы қасқыр қорасына өзі кіргендей қуанады. Себебі жұп болып жүретін қасқырдың шөптің басына сарыған жеріне, басқа ұяластары артқы аяғымен жер тырнап айбат шегетін орынға араға екі үш күн салып соқпай қоймайды.
Екі жағы бұталы қасқыр жортқан жолға қақпанның көлеміндей етіп жерді қазып, топырағын бөлек үйіп қояды. Терең шұқырға әуелі қақпанның соқпағын жайғастыру керек. Соқпақ салмағы екі-үш келідей болатын темірге шынжыр жалғанады. Алда-жалда аң түскен қақпанды сүйреткен ізбен оңай табылады. Алдыңғы аяқтан түскен аң ұзай алмайды, артқы аяққа түссе соқпақтың салмағына қарай ұзай береді. Кейбір аңшы қақпанды бұтаға не қазыққа байлап кетеді. Байлаулы қасқыр «бастан құлақ садақа» – деп өз аяғын өзі шайнап, қырқып құтылып кетеді. Қақпанның қандыауызы еппен қайырылып, тиек арқылы айқара ашылып, шұңқырға жасырылады. Қақпанның түндігі жылқы тезегі мен топырақпен жеңіл етіп қақпан, серіппе көрінбейтіндей етіп жабылады.
Топырақ беті бұтамен сыпыра тегістеліп, артық ауыс бұта, бөтен зат қалдырылмайды. Кәнігі аңшы атпен, түйемен жүріп қақпан басады. Темекі, машинаның бензин иісі шыққан жерге түз тағысы жолай бермейді.
Тазалық пен ептілікті серік еткен сабырлы жанның ғана қақпаны аң ала алады. Қақпанға түскен қасқырды кәнігі қақпаншы соғып алады. Арланды өлтірмей тұрып, шабын тіліп, қуығын зәрімен алады.
Өті, кеңірдегі ол кезде әр үйде болатын. Аға буының тіл көзден бастап, баспа, запыран түсіру үшін емге пайдаланбағаны кемде кем.
Сол ұрымтал тұсты дөп тауып мал жүрмейтін елден жырақ, жолдың екі жағы бұта өскен қысылтаяң жеріне қақпан басып, жылқының кепкен тезегі үгітіліп, себіліп, ептілікпен салынған қақпан олжалы болады.
Шілденің аптабы тіршілік атаулыны көлеңкеге тығып, жанын жай таптырмай тұрған шақ. Түскі астың кезінде көрші ауылдан екі атты сәлем беріп келе қалды. Қабағы қатулы. Іздіқұл бұл келісінің сырын үғып отыр. Ас желініп бола берген кезде шаңырақтан кесірткенің салп етіп табаққа түсе қалмасы бар ма.
–Е, олжа келді ғой, – деп Іздекең әлгі білезікті аузына салып қашыр- құшыр шайнап, жұтып жіберіп, артынан бір кесе сорпаны дым білмегендей сораптап отыра берді. Көрші ауылдың ферма меңгерушісі мен шопаны бұйымтай айтпастан аттанып кетті. Құдық басына қонған жерін даулай келген құдайы қонақтар азуы алты қарыс арыстанға жем болмай тұрғанда елімізді табайық – деген ойы отырғандарға түсінікті еді. Сол ағасына ұқсап бұл да ат баптап, бәйгеден атын келтірді. Саят құрып, аң аулады. Өкіметтің малын бағып жетістіктерге қол жеткізіп, талай дүбірлі додаларда мерейі үстем болып, төрге озды. Зейнетке шықса да аңшылықтан қол үзе алмады. Ақ таяғын ұлы Көшербайға табыстап ата кәсіпке баулыды.
Күзектен қыстауға қонған соң, төңіректі шолып қайтпақшы болып атына мінген. Жалғыз жортуылдағы арланның ізіне түсіп, ертеңіне қақпан басты. Арада апта өтпей-ақ қақпанын қарауға шыққан. Қақпанды сүйретіп, өзен бойын жағалап кеткен арланның ізін көріп, ішін тартып қалды, екі-үш шақырым ұзамай-ақ нән арланның өзі де кезікті. Қолында қаруы жоқ құр жан. Қария аттан түсіп, сексеуіл сындырып, шоқпар сайлап алды. Бір түп сексеуілге соқпағымен оралып қалғанынша үркітіп айтақтап келіп арқандалған аңға тура салды. Келген бетте сілтеген сойылы құлақ шекені жанап тиді. Жалт берген арлан өзіне шапшыды. Оралған соқпаққа ілініп шалқасынан жалп ете қалды. Қасқырдан үріккен астындағы аты жалт бергенде аңшы да жалп ете қалды. Жан дәрменмен қасқырдан аман болайын деп бір-екі қадам аунап үлгерді. Аттың бос келгенінен секем алған баласы Көшербай жетті артынан. Аузынан қан кетіп, әл-дәрмен болған әкесін сүйеп жатып:
-Көке– ау, жасың жетпіс бесте ғой, бір оқтық нәрсеге бола жазым бола жаздадың ғой! – деді.


Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,
Бесарық ауылы.
03 наурыз 2020 ж. 258 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (1624)

27 наурыз 2020 ж.

№22 (1623)

21 наурыз 2020 ж.

№21 (1622)

17 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 8 906 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам