Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Сыңғыр шолпы шашбауың...

Сыңғыр шолпы шашбауың...

 Менің анамның шашы ұзын болатын. Оны дүниеден өткенше қос бұрым етіп өріп жүрді. Толқындай бұйраланып тұратын шашына қызығамыз. Біз кейде «Апа, басқа шаш үлгісін жасамайсыз ба? Неге бір өрім қылмайсыз?» деп сан сауал қоямыз.
Бұл сауалымызға асықпай жауап беретін. Ескінің әңгімесінен сыр шертетін.
«Біздің әжеміз шашымызды жұптап өретін. Оны жұп етудің сыры бар. Ол ұзын, әрі тоқ екендігін көрсетіп тұратын. Көрген адам тамсанатын. Екіншіден, қыз бала жұптасып өмір сүруге тиісті деген ұғымды білдіреді. «Бұрымның бірі – өзіңдікі болса, екіншісі – болашақ жарыңдікі» дейтін еді әжеміз. Жасыратыны жоқ, сол заманда қос бұрымнан артық бұрымды жақтырмаған көрінеді.
Анамның сандығында жататын көнеден қалған шолпы, шашбау көздің жауын алушы еді. Қолымызға ұстап сол дүниені сылдырлатып, дыбысын тыңдап, бір қызыққа бататынбыз. Бірақ анам сырға толы күміс шашбауды ерекше қадірлеп, жанынан артық қастерлейтін. Бір жері үзіліп қалса, сонымен бірге өмірінің балауса сәттегі естелігі санадан мәңгі өшіп қалардай көп қызықтап көруге тыйым салатын. Қазір анам өмірден өтсе де, сол жауһар дүниеге мен де қол тигізбей қызғыштай қоримын.
Шынында, қазақ халқында қадірлі саналатын осы шашбау, шолпы деген ұғым қайдан шыққан? Ұлтымыздың салт-санасында оның қандай ізі бар? Осы сауалдарға жауап іздеп, көп әдеби туындыларды қарадым, ғаламтор ақтардым.
Қай кезде ата-бабамыз қыз баланы қызғыштай қорып, періштеге теңеп, мәпелеген. Дана халқымыз бойжеткенін пәле-жәледен, жамандықтан сақтандырған. Қыз баланың көрiктi болып өсуiне ертеде анасы ерекше көңiл бөлген. «Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы» деген тәмсілге иек артқан олар қыздың шашын дұрыстап күтiп-өсiрудi өнер санаған. Жыр жолдарында аруларды «Шашының ұзындығы iзiн басты» немесе «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттаған. Өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін міндетті түрде шашбау таққан. Оның үзбелі, шашақты деген түрі бар. Қазақ зергерлері оны негізінен күмістен қақтап соққан. Ұшына теңгеден шұбыртпа тағып, түсті масаты мен жібектен ызылған шашақпен әсемдеген.
Дәстүрімізде баланың алғаш алынған қарын шашын күміс немесе матадан жасалған үшбұрышты тұмардың ішіне салып, баланың киіміне қадап қоятын болған.
Қазақ қызы жаугершілік заманда қанжармен шашын тарап, төбесіне түйіп, ерлермен қатар атқа қонып, елін қорғаған. Ұлы Отан соғысы кезінде майданға аттанған нәзікжандылар қасиетті бұрыммен қимай қоштасқан. Шығыстың шолпаны Мәншүк Мәметоваға арналып жазылған монолог адам жанын тебірентеді.
Айқасқа барам өліммен,
Қайтемін жалғыз бас қамын.
Бұрымымды төгілген,
Туған жер саған тастадым.
Шақырып апат гүрілі,
Майданда жатты ұйып қан.
Арудың әсем бұрымы,
Кесіліп түсті иықтан.
Омырауын оқ тесіп,
Қиса да сол қыз ғұмырын.
Жүргендей әлі от кешіп,
Қия алмай қара бұрымын!

Бұрымын қимай туған жерге аманаттап тапсырған Мәншүктің сіңлілерінің бұл күнде қатары сиресе де, бұрым мен оған сән берген әшекей жайлы көнеден жеткен өрнекті әңгіме мен әсерлі ән, жақұттай жыр ұлттық құндылығымыздың тереңінен сыр шертеді.
Сыңғыр шолпы шашбауың,
Жарасады таққаның.
Осы сәнің тұрғанда,
Қаламаймын басқаны, басқаны.
Үкілерің желбіреп,
Жас жүрегім елжіреп,
Сүйіншілеп жеңгейлер,
Шашбаулы қыз келді деп, келді деп, – деген әнді тыңдағанда, ескі сандықта жатқан шашбау мен шолпы ойыма түседі. Анамның бейнесінен қазақылықтың шынайы болмысын тапқандай әсер аламын.


Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
26 наурыз 2020 ж. 362 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (1653)

11 шілде 2020 ж.

№51 (1652)

08 шілде 2020 ж.

№50 (1651)

04 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 10 612 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам