Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Наурызнама нақыштары

Наурызнама нақыштары

Халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік дүниесіндегі қымбат қазынаның бірі. Онда халықтың сан ғасырлық өмір тәжірибесі мен зердесі, адамзаттың даму жолындағы күресі, жеңісі, ізденісі, танымы мен түсініктері жинақталған. Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен дүниеден өткенге дейінгі уақыт аралығында үнемі салт- дәстүрлер аясында болады. Сондықтан да халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың туу себептерінің даму ерекшеліктерін, орнығу заңдылықтарын ашып көрсетудің, анықтаудың жас ұрпақ үшін танымдық, тәрбиелік мәні үлкен. Бұл істе көнекөз қариялардың, абыз ақсақалдардың өмірден көргені мен түйгенін халық арасында насихаттаудың басында ардагерлер ұйымының тұратыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте Наурыз мерекесін тойлаудың маңызы мен мәніне айрықша тоқталуды жөн санадық.
О баста адамзат баласының өзін қоршаған ортамен қарым-қатынасы негізінде туындаған халықтық салт-дәстүрлер, діни әдет-ғұрыптар, маусымдық халықтық мерекелер және отбасылық той-томалақтар деп үш топқа бөлінеді. Ал маусымдық мерекелерге жалпы халықтық тойлар – жыл басы тойы – Наурыз, жаз тойы – қымызмұрындық, күз мейрамы – мизам (шопандар тойы мен сабантой), қыс тойы – соғым деседі.
«Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт- дәстүрлерден этностың мінез құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, сондай-ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық этикалық көзқарастары көрінеді. Яғни, салт-дәстүрлер дегеніміз – халықтың рухани өзегі, мәдениетінің діңгегі, тілінің тірегі.
«Ұлыстың ұлы күні – Ұлыс күн, Наурыз». Наурыз – өте ертеден келе жатқан мейрам. Күні бүгінге дейін жер шарындағы көптеген халықтардың дәстүрлі мейрамына айналып отырған бұл мерекенің қашаннан бері тойланып келе жатқанын дөп басып айту қиын. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүниежүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс - салтында бағзы замандардан бері орын алған.
Ал ежелгі түркілер болса, ұлыс күндері жаңа киімін киіп, сақал- мұртын күзеп, шашын алады, алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – жамбыны атып жарысады. Егер кімде-кім бірінші болып, жамбыны атып түсірсе, сол адам бір күн елге патша болып, билеуге ерік берілген. Осы күні (Наурыз) ертедегі гректердің патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен – деген де деректер бар. Христиан дінін қабылдағанға дейінгі ежелгі Русьте Жаңа жылды 1 наурыз күні қарсы алу дәстүрі болған. Ал ағылшындар XVIII ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26 наурызда тойлап келді. Біздің заманымыздың VII-VIII ғасырында Иран мемлекетімен, қазіргі Өзбекстан территориясын, Қазақстанның Оңтүстік аймағын арабтар жаулап алады да, оларды Ислам дініне енгізеді. Ата салт, әдет-ғұрыптан айырылған жұрт езгіге көнгіш, дінге де құлай сенгіш болатынын жақсы ұққан шапқыншылар қол астындағы халықтардың көне салт-дәстүрлерін жоғалтып, жойып жіберуге, жер атаулары мен адам аттарын өзгертуге, мәдени мұраларын талқандауға барынша күш салды. Олар әсіресе, халықтық мейрам – Наурызды тұншықтыруға көп күш-қайратын жұмсады. Мәселен, ұлы Абайдың: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрам болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың Ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады» – деуінің астарына тереңірек үңілсек, осы бір идеологиялық күрес тартысынан хабардар боламыз. Өйткені, күн тізбесі бойынша қалыптасқан Наурыз мейрамы барлық тұрмыс-тіршілігі ай тізбесіне сай келетін исламдық идеологияға мүлде қайшы келетін еді.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында, 1920 жылы жас Кеңес үкіметі Наурызды халыққа қайта тарту етті. Мәселен, 1925 жылы 22 наурыз күні «Еңбекші қазақ» газеті бұқара халықты Наурыз мейрамымен құттықтап, өзінің бірінші бетіне ірі әріптермен:
Қыс өтіп, қар кетіп,
Шырайлы жаз жетіп,
Шаруаның кенелген,
Мейрамы ежелден
Құтты болсын, бұл Наурыз!» – деп жазды.
Осылайша Қазақстанда тойланып келген ұлыс күні асыра сілтеушіліктің салдарынан 1926 жылы күрт тоқтатылды. Ол бірде «діни мейрам», бірде «ескіліктің сарқыншағы» деген жалған жаламен қуғынға ұшырады. Оны біз жоғарыда баяндалған пікірлерде айттық білем. 1988 жылдың көктемінде Алматы қаласында 62 жылдан соң тұңғыш рет Наурыз тойы тойланды. Сонымен ежелгі Күн мейрамы – Жыл басы тойын жалпы халықтық болып қарсы ала бастадық. Қазақтар Ұлыс күнді «жыл басы» санайды.
Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас»! деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауыру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. Қора-жайлары ретке келтіріліп, ағаш егіліп, ескі-құсқылардан арылып, жер көктемгі егіске дайындала бастайды.
«Береке басынан басталады» демекші, «жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болады», «жыл бойы ақ мол, дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын» – деп Қызыр күні ыдыс атаулыны ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, т.б), аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз, т.б) және кәусар бұлақ суына толтырады.
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы болады» деп қуанған.
Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт аппақ көйлек кең жаңа киімдерін, таза бір киерін үстеріне іледі. Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар. Кісілер бірімен кездескенде:
– Жасың құтты болсын!
Өмір жолың ұзақ болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге енсін! – деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады, ал әйелдер болса, құшақтасады: ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.
Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру - «өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді. Наурыз жырында:
«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар, - деп айтылған екен.
Ұлыс күні жеті түрлі заттан – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және сәбізден қазан толы көп көже пісіріледі. Әр үйдің дастарханына ақтан (сүт тағамдары), көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектен) және қызылдан (еттен істелетін тағамдар) жеті түрлі тағам қойылады.
Наурыз көженің қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт,ақ) қауышудың мәнісін білдіреді. Ал наурыз көжені тойып ішу – «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды.
Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумалаған жігіттер, айнала төңірегіндегі су жолдарының көзін ашып, «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек» деген ақсақалдар есік алдына ағаш көшеттерін отырғызған. Әйелдер атып келе жатқан күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды күн – Ана!» деп иіліп сәлем береді.
Наурызды қарсы алу мерзімі Күн мен түн (қараңғы мен жарық) , қыс пен жаз (ыстық пен суық) тепе-теңдікке келген сәттен бастап тойлануы тегіннен - тегін емес. Осыған орай ата-бабаларымыз Табиғат пен Қоғам, Ел мен Ел және қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың ара қатынасында да тепе- теңдіктің сақталуын талап еткен. Не деген көрегендік десеңізші!
Өткен ғасырларға дейін әлемде адамзат пен табиғат арасында біршама тепе-теңдік сақталып келгені белгілі.
Ал XX ғасырдан бастап ғылыммен, техникамен қаруланған адам баласы осы тепе-теңдікті бұзып алды да, жер-жаһанға экологиялық апат төнді. Тек қана Сыр бойының өзінде қаншама бұлақ көзі ашылмай қалды. Арал теңізі тартылып, күні кешегі шалқыған көлдер көзден ғайып болды, қаншама ағаш отырғызылмай қалды, дария бойындағы орман-тоғай, сексеуіл алқабы жоғалды?!
Жер бетіндегі ел мен елдің, көп санды халықтар мен аз санды халықтар арасында тепе-теңдік заңы сақталған жағдайда ғана олар бейбіт қатар өмір сүре алады.
Наурыз күні адам атаулының арасында «хан», «қара», «әйел», «бала» деген болмай, толық теңдік орнайды. Сондықтан да бұл күн – «Ұлыстың Ұлы Күні» деп аталған. Сонымен қатар бұл күн ел ішіндегі талант иелері – ақылшы көсем, қызыл тілді шешен, он саусағынан өнер тамған шебер, құралайды көзге атқан мерген, жауырыны жерге тимеген палуан, күміс көмей, жез таңдай әнші, құдіретті күйшілер арасынан озып шыққандар елеп- ескеріліп, Ұлыстың Ұлы күні олар халыққа танылып, аттары алты алашқа мәшһүр болады.
Ұлыс күні аспан денелері өзінің бастапқы айналу нүктесіне келеді. Мал төлдеп, дүние жаңарады. Сонымен бірге бұл күні әр азамат Көктөбеге көтеріліп, өткеніне есеп беріп, ар-ұжданы алдында арылуы қажет деп саналған. Ел басшылары ат-құйырығын кесісіп, араға жік түскен бауырмал ел-руларды, дос-жарандарды табыстырып, ел бірлігін күшейткен. Отбасын тентіретіп жібергендерді қайта қосып, жалғыз-жарым жетімдерді жеке отау қылған. Жұтағандарға жылу жинап, кембағалдарды туыстарының қарауына міндеттеп тапсырған. Жаман әдетке үйір болғандарды көпшілік талқысына салып, түзелуге уәделерін алған. Бір сөзбен айтқанда, Ұлыстың Ұлы Күні осылайша қоғамда жаңарған қазанның үш бұтындай үш шарт тепе-теңдік, игілік және жаңару – қоғамда үйлесімділік тауып, тоқайласқанда ғана құт қонып, береке орнайды. Сол себепті Наурыз тойында «ағыл- тегіл молшылық болсын» деп наурыз көже ішіледі.
Қорыта айтсақ, көптеген халықтардың салт- дәстүріне айналған Наурыз тойының қалыптасуына табиғат пен қоғамның, Ел мен Елдің, Адам мен Адамның арақатынасындағы тепе-теңдік заңын бұзбайтын, бастау-бұлақтар мен таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын және әрбір жеке адамның ар-ұятының тазалығын сақтайтын ұлы өнегелер мұрындық болған. Ата-бабалар дәстүріне дақ түсірмейік, ағайын!
Наурыз тойларыңыз құтты болсын! Бірліктеріңіз мықты болсын, қадірменді сырбойылық жерлестер!

Сайлаубай ӘБІШЕВ,
Қызылода қалалық ардагерлер
Кеңесінің төрағасы.

21 наурыз 2020 ж. 76 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (1626)

07 сәуір 2020 ж.

№25 (1626)

04 сәуір 2020 ж.

№24 (1625)

31 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 9 138 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам