Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ҚАЗАҚЫ ӨНЕР ӨРНЕГІ

ҚАЗАҚЫ ӨНЕР ӨРНЕГІ

 
Кезінде әр қазақтың үйінде қазақы оюланған кілем ілініп тұрушы еді. Ал, қазір оның орнын атақты суретшілер салған бағалы картиналар басқан заман. Оны бірі түсінсе, енді бірі түсіне де бермейді. Бірақ, арасында кейбір үйдің төрінен ұлттық нақыштағы шиден тоқылған кілемшелерді көзіміз шалып қалғанда қуанып қалатынымыз хақ.
«Бақыттың кілті – еңбекте» деген нақыл сөзді ұстанған жанның бірі – Шиелі ауданына қарасты Жиделіарық ауылдық округінің тұрғыны Зылиха Қалендер. Шағын ғана елді мекенде тұратын қарапайым қолөнер шебері аталмыш кәсіптің арқасында көптің алғысына бөленуде. Оны ауылдастары он саусағынан өнер тамған шебер иесі деп біледі.
Сырдария ауданындағы Тартоғай ауылында дүниеге келген ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бейнелеу өнерін жақсы меңгерді. «Бала күнімде сурет салғанды ерекше ұнататынмын. Кейіннен ши тоқуды үйрене бастадым. Бүгінде осы өнермен айналысқаныма 15 жылдай уақыт болды» дейді жастық шақты еске алып.
Ежелден келе жатқан бұл кәсіп халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Сондай-ақ, өрелі өнердің өзі сантүрлі. Соның ішінде ши тоқудың өзі бір өнер. Заман талабына сай өрнектерді түсінікті және қарапайым етіп тоқуды қолға алған өнер иесі шидің қаншалықты пайдалы екендігіне кеңінен тоқталды.
– Аталмыш өнер бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарына көне заманнан белгілі. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажетіне тоқылған ши қазірге дейін кең түрде пайдаланылып келеді. Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, үйдің ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап қою үшін де қолданады. Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстауға да пайдаланады. Сонымен қатар, үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніші ретінде киіз астына төсейді. Оны құрт жайып, тары сүзу үшін де қолданғаны белгілі. Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқанда оның жылы болуына әсері тисе, күннің жылы кезінде туырлығын жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға жақсы, – деді Зылиха Амануллақызы.
Шебер иесі өзіне ұнаған бейнесін қалай жүзеге асырады? Алдымен сызбасын жасап алады. Содан соң оған сәйкес жүнді бояйды. Жасаған бұйым көлемі жағынан үлкен немесе кіші болса да, оған кететін бір уақыт. Бастысы, ол нағыз еңбекті қажет етеді. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әртүрлі мақсатқа пайдаланылады. Айталық, қабығынан тазартылған ақ шиді ірімшік, құрт жаю үшін, сондай-ақ, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болуға қолданады. Ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал, өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.
«Негізі, шидің түрі көп. Тек оның түрін, пайдалысын тиімді қолданып, меңгере білу керек», – деді шебер иесі сөз арасында. Осы кәсіпті нәсіп еткен Зылиха апа біраз жетістікке де қол жеткізіп келеді. Ол – Қазақстан шеберлер одағының мүшесі. Оның шығармашылығы елімізде жоғары бағалануда. Айталық, Астана қаласының 10 жылдығы мен Алматыда өткен халықаралық саяхат көрмесінің, «Гагарин көктемі» сынды шаралардың төрінен Зылиха апаның туындылары орын алды. Сондай-ақ, ол жақында бас қалада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде Қызылорда облысының мәдениет күндері кезінде Сыр өңірінің ұлттық өнерін насихаттауға атсалысты.
Өрнектелген өнерімен өз отбасын бақытқа бөлеп отырған ақжаулықты ана 5 бала тәрбиелеуде. Оған қоса кейіпкеріміз №206 Жиделіарық атындағы орта мектепте үйірмеден дәріс береді. Арасында тапсырыс қабылдап, халықтың игілігі үшін еңбек етіп келеді.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.



06 қазан 2017 ж. 917 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53 (1552)

13 шілде 2019 ж.

№52 (1551)

10 шілде 2019 ж.

№51 (1550)

06 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 4 226 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам